Шу шығарған осы шетін мәселеге байланысты өткен онлайн-жиында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Арқа төсіндегі сақылдаған сары аяздың жылу беру саласындағы талай кемшіліктің бетпердесін сыпырғанын ашық айтты.
– Бір аптадан астам уақыт аяз болды. Кемшіліктеріміз белгілі болды, қиындықтар анықталды. Қорытынды жасап, проблеманың шешімін табуымыз керек, – деді ол.
Өңір басшысы Саран қаласы мен Шахан кентінде жылу қазандықтарының құрылысы бүгінге дейін аяқталмай отырғанына қынжылыс білдірді.
– Тездетулеріңізді сұраймын. Біз келесі қысқа жаңа қазандықпен кіруіміз керек, – деп мәселенің күн тәртібінде өткір тұрғанын еске салды.
Ал қыстың көзі қырауда қала пәтерлеріндегі жылудың азайып кету себебінің бірі кәдімгі құбырға байланысты болып шықты. «Бақсақ, бақа екен» демекші, жылу берудің күре тамырындай тартылып жатқан құбырлар «тыр жалаңаш» болып шықты. Мына сорақылықты қараңыз: қаладағы 112 шақырым болатын жылу құбырының сыртындағы орамасы жоқ екен. «Теплотранзит Караганда» ЖШС бас директоры Әлішер Ибрагимов қалалық әкімдікте болған жиында қалыптасқан жағдайға түсінік берді.
– Жылуды сақтайтын орама магистралдық желінің 76 шақырымында және таратушы желінің 36 шақырымында жоқ. Мұның өзі қаңтардың алғашқы онкүндігінде жылумен қамтудың сапасына кері әсерін тигізді, – деп ақталды ол.
Жалпы аталған мекеме 2019 жылы магистралды жүйелердегі ораманы қалпына келтіру жобасын әзірлеп, былтыр мемлекеттік сараптамаға өткізген екен. Бұл жобаның құны 5,6 млрд теңгені құрайды. Қазір таратушы желіге арналған дәл осындай жоба мемлекеттік сараптамада қаралып жатқан көрінеді.
Қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жылу құбырларын қаптау жұмыстарын магистральдың ең басынан, яғни жылу электр стансасынан бастап Сұрыптау елді мекеніне дейінгі аралықта жүргізу керек деп санайды. Бұған қажетті қаражатты табуды қала әкімі экономика бөліміне тапсырды.
Бір қызығы, қазіргі уақытта кеншілер астанасындағы тұрғын үй, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен әлеуметтік мәдени-тұрмыстық нысандардың қарқынды жүргізіліп жатқан құрылысы пәтерлерге келетін жылуға «жиендік» жасап, ол да бір жағынан кері әсерін тигізіп жатқан көрінеді.
Мәселен, қала әкімінің коммуналдық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Бекет Көшеғұловтың айтуынша, егер 2016 жылы ауа температурасы -32°С кезіндегі жылудың есептік бірлігі 116 Гкал/сағ-ты құраса, 2020 жылы ол 200-300 Гкал/сағ аралығында болған екен.
– Тұтынушылардың қосылған жүктемесі кезіндегі нормативтік ысыраптарды ескере отырып, тапшылық 250 Гкал/сағ-ты құрады. Тапшылықтың өсуіне стансаның нормативтік температуралық кестесінің сақталмауы, сондай-ақ магистральдық желінің бірінші және екінші кезегінің өткізу қабілетінің болмауы басты әсер еткен себептің бірі деп айтуға негіз бар. Сонымен қатар желтоқсан-қаңтар айларында ЖЭО-3-тің №6 турбинасын жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, екі қазандық резервте болды, – деді ол мән-жайға түсінік беріп.
Осы орайда, жылу құбырының сыртындағы қаңылтыр орама қайда кетті деген орынды сұрақ тіл ұшына келеді. Кейбір деректерге қарағанда, стратегиялық маңызы зор магистральдық желінің «тонын» суық қолды ұрылар сыпырып әкетіп, темір сынықтарын қабылдайтын бекеттерге өткізеді екен. Сонда, жергілікті тәртіп сақшылары қайда қараған деген заңды сұрақ туады.
Енді тығырықтан шығар жолды табу үшін қала басшылары не істемек? Бірінші кезекте облыстық және қалалық әкімдіктер «Теплотранзит Караганда» компаниясына қаржылай қолдау көрсететін болады. Бұл қаражат құбырларды жылытқыш материалдармен қаптауға және жөндеуге жұмсалады. Содан кейін жылу электр стансасының мүмкіндігіне қарай, құрылыс жүріп жатқан нысандарды жылумен жабдықтау үшін техникалық шарттардың берілуін бақылау күшейтілетін болады. Бұдан бөлек, «Караганда Энергоцентр» ЖШС алдағы бес жылда қуаттылығы 110 МВт бір турбина және 180 Гкал/сағ өндіретін бір қазандық салуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құны 22 млрд теңге болатын жаңа жылу желісі құрылысының басталғанын айтты. Үш жылда жүзеге асуы тиіс деп жоспарланған бұл жоба Қарағандының болашақтағы орталығы Оңтүстік-Шығыс шағын ауданы үшін өте маңызды болмақ. Биыл жобаға республикалық бюджеттен 3,2 млрд теңге қаражат бөлінген.
Ал аязды күндері үйінде отырып бүрсең қаққан қала тұрғындарының көңілін жылытарлық соңғы жаңалық мынау: олар үшін жылу тұрақсыз берілген кезеңдегі қызметке төлемақы қайта есептелетін болды.
ҚАРАҒАНДЫ