Қызметкерлер мен еріктілердің ерлігі мен кәсіпқойлығының арқасында адам өмірін сақтау, мал-мүлікті қорғау бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізілді. Су тасқынының зардаптарын жою жөніндегі іс-шаралар да абыроймен атқарылды. Соның нәтижесінде қираған баспаналардың орнына жаңа үйлер салынды. Су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға барлық қажетті көмек көрсетіліп, үйінен айырылғандар жаңа баспананың кілтіне ие болды.
Елдегі су тасқыны көлемі жағынан соңғы 80 жылдағы ең ірі табиғи апат. Құтқарушылар мен күштік құрылымдар, еріктілер мен жергілікті жұртшылық ел болып жұмыла кіріскен жұмыстың нәтижесінде бірқатар елді мекендердің су басуын алдын алу мүмкін болды. Табиғи апаттың алғашқы күндерінен бастап Ұлттық еріктілер желісі белсенділік танытты, 50 мыңнан астам ерікті азамат қайырымдылық керуендерін ұйымдастыруға белсене атсалысты.
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке» акциясы қайырымдылық көмекке ерекше үлес қосты. Forbes тізіміне енген 18-ге жуық ірі компаниялар мен кәсіпкерлер бұзылған-бүлінген үйлерді, бизнесті қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге кірісті. Сонымен қатар олар зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында әр өңірге жұмылдырылды.
Үкімет шілде айында алапат су тасқынынан кейін шағын және орта бизнестің мүлікке қатысты шығындарын өтеуге өз резервінен 12 млрд теңгеден астам қаржы бөлу туралы қаулы қабылдады.
Ресми дерекке сәйкес, елде болған ауқымды су тасқынынан зардап шеккен 7 393 отбасы баспаналы болды. Оның ішінде 5 313 нысан сатып алынды, 2 080 үй жаңадан салынды. 9 147 өтініш берушіге жалпы көлемі 53,5 млрд теңге тұрғын үйді жөндеуге, қайта қалпына келтіруге өтемақы берілді. Сонымен қатар 34 247 отбасына 12 627,7 млн теңге 100 АЕК мөлшерінде біржолғы өтемақы төленді. Су шайып кеткен тұрмысқа қажетті заттарын сатып алуға 21 880 отбасына 150 АЕК көлемінде, 9 994 млн теңге қосымша төлем жасалды.
Су тасқынынан кейін салада көптеген өзгеріс болды. Мәселен, биыл еліміздің су ресурстарын басқару жүйесін реформалауда елеулі қадам жасалды. Бұл өзгерістер суды тұрақты, тиімді пайдалануға, сондай-ақ климаттың өзгеруі жағдайында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталды. Еліміздің су шаруашылығы нысандары суды өткізу міндетін ойдағыдай орындады. Суды экожүйелер мен ауыл шаруашылығына бағыттай отырып, су қоймаларын толтыруға мүмкіндік берді. Егер өткен жылы су қоймаларынан жалпы су жіберу бүкіл су тасқыны кезеңінде шамамен 13 млрд текше метрді құраса, биыл 1 айда су қоймаларынан жалпы су жіберу көлемі 36 млрд текше метрді құрады. Бұл да болса су тасқынының ауқымдылығын көрсетеді. Биыл елімізде тұңғыш рет Мәжіліс жаңа Су кодексінің жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
«Құжатқа судың зиянды әсерінің алдын алуға, оның ішінде жерүсті су нысандарын қалпына келтіруге, су тасқынынан қорғаудың инженерлік жүйелерін құруға бағытталған нормалар енгізіледі. Кодекс 121 баптан, 14 тараудан, 6 бөлімнен тұрады. Осы заңнама жобасы аясында 4 кодекске, 9 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі», дейді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Ресми мәліметке сәйкес, су тасқыны басталғаннан бері барлығы 12 086 тұрғын үй мен 22 723 саяжай су астында қалды. Бұған қоса мал-мүлкі суға кетіп, бизнесі зардап шеккендер де бар. Дегенмен орнында бар оңалды. Үкімет халыққа берген уәдесі толықтай орындалды деуге негіз бар. Қыркүйек-қазан айларына дейін барлық зардап шеккен тұрғындар қалыпты тірліктеріне қайта оралды. Қиындық артта қалды. Тек мұның салдары сабақ болып, сақтық, алдын алу амалдары жетілдіріле беруі керек.