Ғылым • 19 Қаңтар, 2021

Қазақстандық ғылым коронавируспен күреске қауқарлы ма?

327 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Біз осыған дейін дүниені дүрліктірген COVID-19-бен күресте отандық ғалымдардың жан аямай жұмыс істеп, коронавирусқа қарсы вакцинаны әзірлеп жатқанын жазғанбыз. Бірақ бұл – жер-жаһанды жайлаған індетпен күреске жеткіліксіз жұмыс. Себебі аурудың алдын алумен іс бітпейді. Вирус жұқтырған науқасты емдеуге де қаншама дүние (дәрі, ауруға төтеп берер иммунитетті көтеретін биологиялық белсенді қоспалар, түрлі медициналық техникалар, тағысын тағы) қажет. Бұған ғалымдарымыздың бір ойлағаны бар ма? Әлде бұрынғыдай шетелдік өнімге көз салып, «дайын асқа тік қасық» боламыз ба?

Қазақстандық ғылым коронавируспен күреске қауқарлы ма?

Бүкіл әлем ғалымдардың әле­­­уетіне иек артып отыр, се­бе­бі мұндай тығы­рықтан бізді ғы­­лым ғана алып шығады. Әл­­бетте дәрігерлердің еңбегі ерен, тіпті өлшеусіз деуге бо­ла­ды. Де­генмен олар да ғы­лы­ми тұрғыда зерттеліп, әзір­лен­ген нұсқаулық­қа сүйеніп ем­дейді. Сон­дықтан біз де аза­мат­тарымыздың аман­ды­ғын, дағдарысқа душар еткен дерт­тен құтылудың жолын ой­ла­ғанда отандық ғылымға, ға­лым­­дарымызға мойын созамыз. Сон­дайда ең алдымен көңілге ке­летіні – «Қазақстандық ғы­лым коронавируспен күреске қау­қарлы ма?» деген сауал. Мұн­дай салмақты сауалға жауап табу үшін әлбетте олардың «іш­кі асханасына» үңіліп, жұмыс­та­рымен жіті танысып көру керек.

Қытайдағы Шанхай универ­си­тетінің Материалтану ма­гистрі атанып, елге оралған соң На­­зар­­баев Университетіне «Ме­ха­­­­ни­­калық инженерия» бо­йын­ша докторантураға түскен Ба­қыт­жан Сариев елімізде алғаш рет қолжетімді материалдардан өк­пені жасанды желдету ап­па­ратының үлгісін жасады. Біз жас зерттеуші инженердің өні­мі­мен Young Researchers Alliance ұйым­дастырған жас ғалым­дар­дың ІІ форумында таныс­тық. Сондағы сөйлеген сөзінде ол: «Пан­демия елімізде өкпені жасанды же­л­дету аппаратының (ЖЖА) же­тіс­­пейтінін көрсетті. Бұл – аса қа­жет құрал. Біз коронавирус­пен кү­рестің алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлерді, басқа да мамандарды қорға­уы­мыз керек. Ал қиын жағ­дайда атал­ған аппараттың қан­ша­лық­ты маңызды екеніне кө­зі­міз жетті. Біз өнімімізді YRA-1 деп ата­дық. Себебі бұл ал­ғаш­­қы прото­тип және Young Researchers Alliance қолдауымен әзір­­лен­ген жұмыс. Алдағы уақыт­та мұны жетілдіреміз. Не­гі­зі осын­дай аппа­ратты жасау ке­зін­де құ­­растыруға қа­жетті ма­те­риал­дар­­дың жоқтығынан қи­нал­дық. Бо­ла­шақта көп мөл­шерде шығару үшін керекті бөл­шектерді шетелдерден, соның ішінде Қытайдан ал­дыратын шы­ғармыз. Ал қазіргі әзір­ленген өнім қолдағы бар ма­териалдар­дан жасалды. Ең ма­ңыз­дысы, аппарат жұмыс істеп тұр. Бірақ жаппай өнді­ріске қол жеткізу үшін әлбетте инвес­тиция керек», деді.

Осы жерде кез келген сауатты адамда «Жақсы, біз инвес­ти­ция тартайық, тіпті мемлекет­тен қаржы қарастырайық. Бірақ бұл қаншалықты тиім­ді?» деген сұрақ туатыны заңды. Оған тағы «Жасатып жүргенше, бәлкім са­тып алған әлдеқайда үнемді шы­ғар» деп ой қоса­мыз ғой. Жас ғалым бұл жағын да ал­дын ала саралаған сыңайлы. Се­­бебі Б.Сариев: «Бүгінде на­рық­­та жүр­ген ӨЖЖ аппараттары 2 млн тең­ге­ден басталады. Ал біз ап­парат­тың ал­ғаш­қы үлгі­сін 1 млн теңгеге жасап шық­тық. Келешекте көп мөл­шер­де өн­діре алсақ, онда шы­ғын­ды тағы 150-200 мың тең­ге­ге дейін азай­туға болады. Ме­нің­ше, бұл мемлекеттік меке­­мелер үшін де, тіпті жеке тұлға­ларға да шетелдік өнімнен әлде­қайда қол­жетімді бағада болары сөзсіз», деді.

Бақытжан аппаратты ерікті түр­де және ғылыми жоба ретін­де жасаған. Бо­­лашақта ин­вес­торлар өндіріске енгі­зу­ге құ­лық­­ты болса, жетілдіруге, жо­ба­ны аяғына дейін жеткізуге әзір. Тағы бір таңғалғанымыз, ол елі­міз­де коро­навирустың ке­зек­ті толқы­ны жүріп, халық қиын жағ­дай­ға тап келсе, өзінің докто­ран­тура­да­ғы оқуының қауырт еке­ніне қарамастан көмекке келуге, жа­лақысыз жұмыс істеуге дайын екенін айтты. Себебі жас зерттеуші ӨЖЖ аппа­­ратының қолжетімді үлгісін жасап шық­қанда материалына болмаса, өзінің жұмсаған уақыты мен еңбе­гіне де ақы алмады.

Денсаулық сақтау минис­тр­лігіне қа­рас­ты Масғұт Айқым­баев атындағы аса қауіпті ин­фек­­­циялар ұлттық ғылыми ор­та­­лы­ғының ғалымдары әзір­ле­ген ПТР тест-жүйесімен елімізде кү­­ніне қан­­­­­шама адам сынақтан тегін өтті. Әлі де қол­данылып келеді. Иә, әуелде Қа­зақстан ше­телдік тест-жүйелерді пай­даланды. Экс­портталған та­уар­дың қым­бат болатыны түсінікті. Бү­гінде ғалым­да­ры­мыздың арқа­сында отандық өнім­ді пайдаланып, мемлекет қоржынына сал­­­­мақ салмай отыр­мыз. Әлбетте мақ­тан жаза салғанға оңай, бі­рақ ға­лым­дар осы деңгейге жету үшін қанша­ма ке­­­дер­гілерді ең­сер­ді, күні-түні еңбек­тенді.

Жоғарыда аталған орталық­тың же­тек­ші ғылыми қызметке­рі, медицина ғылымдарының кан­ди­даты, жоғары дәрежелі дәрі­гер Айгүл Ағзамқызы ко­ро­на­вирусты анықтайтын ПТР тест-жү­йесі орталық ғалымдарының күш бірік­тіруі нәтижесінде жасалғанын айтады.

А

«Біздің орталық – биоло­гия­лық қауіп­сіздік деңгейі 3-дәре­желі (BSL-3) зертханасы бар Қа­­зақстандағы екі меке­менің (екін­­шісі Отардағы «жа­бық» инс­ти­тутта) бірі. Осын­дай зертха­на­мызға қоса өн­діріспен айналысатын мүм­кін­дігіміз де бар. Дегенмен, өзде­рі­ңіз білетіндей, ғылымға бө­лі­­нетін қар­­жы кө­лемі теңіздің там­­шысындай ғана. Бөлінген қа­ра­жатты жос­пар­ланған ғы­лыми­-­зерттеулерге жет­кізе ал­май жат­­қанда вирус тарал­ды. Қа­рап отыра ал­маймыз, сол се­бепті Білім және ғы­лым ми­нис­тр­­лі­гінің гранттық конкурсына құ­­жат тапсырдық. Алай­да дәл осы жобамыз бас ба­сылым­да жа­рияланған «Сар­саңға салған сараптама» атты ма­қа­лада жазыл­ғандай, болмашы себеп­тер­мен формалды тексерістен өтпей қал­ды. Алайда тест-жүйе бізге қазір ауадай қа­жет. Өйткені ауруды емдеу үшін алды­мен оның бар-жоғын анықтап алу керек. Ал оны тек тест-жүйе анықтайды. Сон­дықтан өз қаражатымызға шы­ғаруға бекіндік. Осыған дейін түр­лі қатерлі ауруларды анық­тай­тын тест-жүйелер әзірлеген үлкен тәжірибемізге сүйендік, көп күш жұмсадық. Орталық басшысы Тоқ­тасын Кенжеханұлы білікті сала ма­мандары, профес­сорлар мен ғы­лым докторларын шақырып, арнайы комиссия құрды. Әлеуетті мамандар әзірлеген өнімімізді тек­серді, ғы­лыми кеңесте қаралды. Мамыр айында ашық дереккөзде­гі ви­рустың РНК-сы негізінде жа­саған тест-жүйеміз дайын болды», дей­ді А.Ағзамқызы.

ПТР тест-жүйесін орталық ға­­лым­дары әзірлеп қойғанымен, өнім бірден өн­ді­ріске енгізілмеді. Өйткені оны ал­ды­­мен тіркеуден өткізу керек. Мамыр айын­­да тап­сырылған орталықтың өнімі екі айдан соң, яғни шілде айында ғана тіркеуден өтті. Содан соң өндіруге рұқ­сат алды.

«Жаз айларында орын ал­ған эпиде­мия­лық шиеленіс ке­зінде 10 мыңнан аса адамды біз­дің тест-жүйемен тексеру­ден өт­кіз­дік. Осы уақытқа дейін біз се­­­рия­лық өн­діріс бойынша 75 мың зерт­­теуге арналған ПТР тест-жүйесін шы­­ғардық. Орта­лық­тың 9 филиалын атал­­ған өнім­мен қамтамасыз еттік. Ал­дағы жоспарда қаңтар айында тағы 100 мың зерттеуге арналған ПТР тест-жүйесін шығару көз­делген. Осынша ауқымды іс а­т­қаруға орталығымыздың әле­уеті жетіп тұр. Десек те мемле­кеттен қаржылай қолдау болса, кәсіп­кер­лік қа­уымның отандық өнімге, ғылымға де­ген көзқарасы оңалса, бұдан да жо­ға­ры жетістікке қол жеткізуге болады. Сон­да Қазақ­стан нарығын тек отан­дық өніммен қамтамасыз ете алар едік. Қазір бәрін өз күшімізбен, бар мүм­­­кіндігімізбен істеп отырмыз», дей­­­ді орта­лықтың жетекші ғылыми қызметкері.

 

P.S. Бүгінде коронавируспен күресте айтарлықтай нәтиже көрсетіп жүрген ғалымдар баршылық екен. Тек біразымен сөйлесіп, ғылыми жұмыстарына, жемісті жетістіктеріне қуанып, сәттілік тілеумен ғана шектелдік. Себебі қуантарлық жаңалығы бар ғалымдардың басым бөлігі ғылыми этикаға байланысты (авторлық құқық, патенттелмеген жағдай, коммерциялық жоба болғандықтан) ашып айта алмады, жарқыратып жазуға әзірге рұқсат етпеді. Әйтпесе талай таланттармен тоқтаусыз толықтыра берер едік. Дегенмен осының өзі сөз басындағы «Қазақстандық ғылым коронавируспен күреске қауқарлы ма?» деген сұраққа жауап бере алады. Иә, отандық ғалымдарымыз әлемдік майталман мамандармен иық тірестіре алатындай, жоғары әлеуетке ие екенін көрсетіп келеді. Бастысы, бағалай білсек болғаны.

 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше