Қоғам • 19 Қаңтар, 2021

Қоғамды дүрліктірген заң жобасы (Азаматтардың арыз-талабы ескеріле ме?)

1399 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Өткен жылы 23 қыркүйекте Парламент Мәжілісінің депутаттары «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қабылдап, бірауыздан мақұлдаған болатын. Алайда аталған заң жобасындағы бірқатар баптар мен тармақтарға қатысты қоғам белсенділері қайратты қарсылық танытып, қызу талқылау жүргізіп жатыр. Тіпті онлайн-петиция ұйымдастырып, қарсылық білдірушілердің қатарын көбейтіп жатқандар да бар.

Қоғамды дүрліктірген заң жобасы (Азаматтардың арыз-талабы ескеріле ме?)

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Әңгімені әріден бастайық. Ресми мәліметке сенсек, өткен жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында елімізде құқық қорғау органдарына тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бойынша 130 мыңға тарта шағым келіп түсіпті. Оның 2,5 мыңы бойынша қылмыстық іс қозғалса, 30 мыңға жуығы әкімшілік іс санатына жатқызылған. Ал қалған жағдайда жәбірленушілер шағымнан бас тартқандықтан құқық қорғау органдары тиісті шараларды қолдана алмаған көрінеді.

Аталған 130 мың шағым елі­мізде небәрі 8 айда келіп түсіп отыр. Ал жыл соңындағы көрсеткішке үңілетін болсақ, тәр­тіп сақшылары 2020 жыл көле­мінде тұрмыстық зорлық-зом­бы­лық жасауға бейім адамдарға қатысты 43 мыңнан астам қор­ғау нұсқамасын шығарыпты. От­басы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер үшін (ӘҚБтК 73-бабы) 13 мыңнан аса құқық бұзушы, со­ның ішінде денсаулыққа жеңіл зиян келтірген 6,5 мыңнан аса, ұрып-соққаны үшін 3,5 мың­нан аса адам, сондай-ақ қор­ғау нұсқамаларын бұзған 2 мың­нан аса азамат әкімшілік жауап­кершілікке тартылған.

Жағдай – жаға ұстатарлық. Оның үстіне, көп жағдайда полиция қызметкерлері отбасындағы қатыгездерге қатысты қандай да бір шара қолдануға да қауқарсыз болып жатады. Себеп – сүйене қоятын тиісті заңның жоқтығы. Бір сөзбен айтқанда, құқық қорғау органдарының «қолы байлаулы». Ол аз десеңіз, елімізде отбасылық зорлық-зомбылық фактілеріне қатысты ресми статистика да жоқ­тың қасы. Полиция органдарына келіп түсетін шағымдардан бөлек, «отбасындағы тирандардың» әлеу­меттік желіні дүрліктіріп жүр­ген бейнежазбалары тағы бар. Бүгінде құқық қорғау орган­да­ры­ның қызметкерлері осы мәселені де назарға алып, тиісті шаралар қабылдап жатыр.

Әрине, осы мәселені рет­тей­­тін құқықтық нормалар елі­мізде мүлде жоқ дей алмас едік. Қолданыста Қазақстан Респуб­ли­касының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заң бар. Алайда 2009 жылдан бері енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға қарамастан, елімізде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мүмкін болмай тұр.

Себебі қол­даныстағы заң нормалары көбіне болған оқи­ға­лар мен солардың салдарын анық­тауға негізделген екен. Яғни тұр­мыстық зорлық-зомбылықтың ал­­дын алу шараларын тек тәртіп сақ­­шылары ғана, оның үстіне зор­лық-зомбылық көрсеткен адам­дар­ға қолданады. Сондай-ақ тұр­мыстық зорлық-зомбылық фак­ті­лерінің статистикалық есебі мен мо­ни­торингі бір жүйеге қойылған жоқ.

Бір сөзбен айтқанда, тұрмыс­тық зорлық-зомбылық мәселесін түбегейлі реттейтін кез келді. Осы олқылықтың орны қайтсе де толуға тиіс. Тек орнын толтырамыз деп асыра сілтеп алмасақ жарар еді. Мәселен, заң жобасымен танысқан «Немолчи.kz», «Қорғау HR» қоғамдық қорлары, «Единство осознанных КЗ» құқықтық каналы «шаш ал десе, бас алатынның» кебі келді деп санайды.

«Әке, ер жігіт, осы елдің азаматы ретінде аталған заң жобасында ұсынылған нормаларға түбегейлі қарсымын. Сіздер бұл заң жобасымен оқып таныстыңыздар ма? Көп адамдар заңның мәтінін оқы­­майды. Парламентте не қа­был­данып жатқанын білмейді. Алайда мәселе балалардың құқы­ғына келген кезде қоғам бірден өре түрегелді. Сіздер бір нәрсені түсі­ніңіздер, мен әйелдерге зор­лық-зомбылық көрсетуге қашанда қарсымын. Әйелдерді қорғау­ға әрқашан дайынмын. Ата-аналарымыз бойымызға сіңірген құндылықтармен өмір сүруіміз керек. Ата-ана, отбасы ұғымдары қашанда қасиетті. Оған ешқандай шетелдік ұйымдардың қол сұғуына құқығы жоқ», дейді әлеуметтік желіде пікір білдірген заңгер, қо­ғам белсендісі Анатолий Ким.

Оның айтуынша, шетелдік ұйым­­­­дар біздің қоғамымызға жат құн­­­дылықтарды дәріптеп жүрген кө­рі­неді. Ал лауазымды қызмет­тер­­ді атқарған көптеген мемле­кет­­тік қызметкерлер шетелдік ұйым­­­дардың мүддесін қорғайды деп санайды. Заңгердің пікірінше, он­­дай мемлекеттік қызметкерлер ше­т­елдік ұйымдардың мүддесін қор­­ғап қана қоймай, бізге заң жазып бермекші болады. Яғни заңды де­пу­тат­тар емес, осы азаматтар жа­зады-мыс.

«Мен бұл заң жобасында мем­ле­кеттің балаларға қалай көмек­тесетінін, отбасылық-тұрмыстық мәселелерді қалай шешетінін көр­гім келген. Оны көре алмадым. Қо­нақ келгенде, дастарқанға қояр дәм-тұзы болмаса әр қазақ ұялады. Сол кезде қонақ өз тамағын ала келеді. Бұл да дәл сондай жағдай. Шетелдік «қонақтар» келіп, сіз­дерге жаңа заң енгізгіміз келеді дейді. Сіздерде бұдан былай отбасы құрылымының моделі вертикалды емес, горизонталды болады деп таңырқатады. Яғни әке баланы емес, бала әкені тәрбиелейді деп түсінік-танымымызды төң­керіп тастағылары келеді. Нелік­тен Батыс мемлекеттері бізге өзде­рінің «заманауи әлемін» таңуға тиіс? Біздің өз әлеміміз, түсі­нік-танымымыз бар емес пе?! Біздің еліміз бен жеріміз қашанда құр­метке лайық», деп ашынады заңгер.

Алайда заң жобасына қарсылық ашынумен ғана аяқталмайтын сынды. Осы жобаға қарсы онлайн-петициялар құрылып, оны қолдаушылардың саны да артып жатқан секілді. Олардың қатарында адам құқығын қорғаушылар мен қоғам белсенділері де бар. Мұ­ны бір жағынан қоғамның құқық­тық сана-сезімі серпіліс тауып, ой-пікірін ашық жеткізуінің белгісі деп бағалауға болар еді. Екінші жағынан, петиция мәселесіне немқұрайды қарауға болмайтынын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өткен болатын. Ел Президенті өт­кен жылы Қазақстан халқына Жолдауында «Азаматтарымыз ре­формаларға бастамашы болып, ұсыныстар беру үшін онлайн-петициялардың бірыңғай заңды институтын құру қажет. Мұндай құрылым қандай да бір бұрмалау əрекеттерінен толық қорғалуға тиіс. Үкімет азаматтық қоғаммен бірлесіп, осы маңызды жобаның нормативтік-құқықтық базасын əзірлеуге жəне оның барлық техникалық мəселелерін шешуге тиіс», деген еді. Яғни бүгінде пети­цияның өзі – үлкен күш!

Заң жобасына қарсылық танытып, сыни көзбен қарап жат­қандар туралы бұған дейін Мә­жіліс депутаты Айгүл Нұркинаның пікірін білген едік. 

«Иә, қазір қоғамда заң жобалары белсенді талқылануда. Біздің көптеген азаматымыздың «үйдегі зорлық-зомбылыққа» төзбейтіні және заң жобаларына қолдау біл­діретіні қуантады. Өкінішке қарай, талқыланып жатқан заң жо­ба­­ларының жекелеген норма­ларын қате түсіндіретіндер де бар. Мысалы, «жыныстық еркін­дік», «экономикалық зорлық-зом­бы­лық», «психологиялық зорлық-зом­былық» ұғымдарына қатысты теріс пікірлер қалыптасқан. Бұл ұғым­дар заңнама үшін жаңалық емес. Қолданыстағы «Тұрмыстық зор­лық-зомбылық профилактика­сы туралы» 2009 жылғы қабыл­данған заңдағы 4-бапта «жыныстық еркіндік» деген сөзбен бірге, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың барлық түрі көрсетілген. Ен­ді, осы ұғымдардың болуы «олар­дың жыныстық еркіндігіне қы­сым жасау» себебінен қанша қазақстандық отбасынан балаларды тартып алуға мүмкіндік берді? Сондай-ақ «жыныстық еркіндік» – отандық заң әдебиетінде және қылмыстық құқық теориясында қол­данылатын қалыптасқан заңды термин. Тиісінше, жыныстық ер­кін­­дікті қоғамға тән емес азғын­дық термин деп бекіту – тұрмыстық фи­лософиялық пайымдау», дейді Мәжіліс депутаты.

Әйтсе де, осы терминнің заң жобасында бекітілуі дау туғызуы мүмкін екенін ескеріп, жұмыс тобы «жыныстық зорлық-зомбылық» ұғымының заңды анықтамасынан «жыныстық еркіндік» деген сөзін алып тастауды қолдапты.

«Кейбіреулер балаларды басқа отбасына асырауға береді деген пікір айтып жүр. Балаларды балалар үйіне беру оңай шаруа емес. Бұл үшін салмақты себептер болуы керек. Ол үшін баланың шынымен жақын туыстары жоқ екенін немесе ата-анасы ата-ана құқықтарынан айырылғанын растау қажет. Қамқоршылық және қорғау органдарының мін­детті қатысуымен тиісті сот рәсім­дерінен өтуі, барлық қажетті рас­тайтын құжаттарды жинауы тиіс. Сондықтан үрей туғызудың қажеті жоқ. Біздің мақсатымыз – отба­сылық құндылықтарды бұзу емес, орын алған проблемаларды шешуде кешенді тәсілді енгізуге бағытталған тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасының қолданыстағы тетіктерін жетілдіру арқылы көмекке мұқтаж адамдарды қорғау. Өкініштісі, кейбіреулер заң жобаларында жоқ мәселелерді айтып, халықты шатастырып жүр», дейді А.Нұркина.

Депутаттың айтуынша, заң шығару про­цесі әрдайым дамып, жетіліп оты­рады. Былтырғы қаңтар-қыр­­күйек айлары заң жо­бала­ры­ның нормалары елеулі өз­геріс­ке ұшырапты. Бұл ба­ғыт­тағы жұ­­мыс әлі де жалғаса бе­реді. Заң жо­баларының бірінші оқы­­лым­да қабылдануы олардың түп­кі­лікті қабылданғанын білдір­мей­ді. Бірінші оқылымда тек заң жо­ба­сының тұжырымдамасы тал­қы­ланды. Сондықтан қоғам бел­сен­ді­лерінің үні естілмеді деп бір­жо­лата күдер үзудің қажеті жоқ. Отан­дастарымыздың арыз-тала­бы, тілегі мен ұсынысы қайтсе де ескерілуі тиіс.