Ол қырық уәзіріне жер бетіндегі жаман адамды табыңдар дейді. Уәзірлер «ең жаман адам мынау» деп біреуді алып келеді. Бірақ ол адам «жаман» болмай шығады. Оның керемет сыншылық қабілеті бар екен. Хан Жаманды шақырып алып, сұрайды:
– Ей, Жаман, мені сынашы, неше атамнан бері ханмын? – дейді. Жаман:
– Тақсыр, хандық тек қара басыңда, дейді.
– Қате айттың! Мен жеті атамнан бері ханмын. Өзімді былай қойғанда алты атамды қайда жібересің? – деп зекиді хан. Жаман саспайды.
– Жоқ, тақсыр! Сіз нағыз наубайшының баласысыз, дейді.
Хан не дерін білмей, туған анасын алдырып, шындықты айтуын өтінеді. Анасы оның шын мәнінде ханның ұлы емес екенін, өзіне дейінгі 10 әйелді Зәрлі хан кілең қыз туғаны үшін жарып өлтіргендігін, содан құрсағына қыз біткенін білген ол өзімен бір мезгілде ұл көтерген наубайшының әйелімен жасырын келісіп, нәрестелерді алмастырып алғанын айтады. Бұл сөзді естіген хан:
– Япырмай, менің наубайшының баласы екенімді қайдан білдің? – дейді. Сонда Жаман:
– Мен жаман-жақсы болсам да үйіңізге келген қонақ едім. Хандардың ішер асы – жал мен жая аузыңызға түспей, нан түсіп, мені аспазға жібердіңіз. Салтыңызға тарттыңыз. Сіздің хан тұқымынан емес екеніңізді содан байқадым, – дейді.
Осы сияқты мысалдар көп. Мысалы, Толыбай дейтін ат сыншысы жолаушылап келе жатып, анадай жерде құмда көміліп жатқан аттың қу басын көзі шалады. Тізгінді тартып тұра қалып: «Мынау ерен жүйріктің басы екен, имек тұмсық, бөкен танау, көзінің ойындысы терең, жар қабақ, екі жақтың ортасы алшақ, тістері әлі жалтырап тұр, сүйегі қандай асыл еді жануардың. Мына тұмсығына қарағанда шоқтығы биік, аяғы ұзын, қоян тірсек, серпіні қатты, сіңірлі екен. Құмдауыт, босаң, көбелең жерде бәйге бермейтін жылқы. Жасы тоғыздан асып, онға қараған дер шағында өлген екен жануар. Аттың өлгеніне үш жыл болыпты» депті.
Бұл дүниелерді неге айтып отырмыз? Бұрынғы қазақтардың қабілеті осындай болған. Біздің қазақ дәл осы қабілетінен айырылып қалды. Шығыс даналығы десек те болар, «қорлыққа (қор болған) ұшыраған жұрт қабілетінен айырылады» дейтін тәмсіл бар.
Қор болу деген не, соған тоқталайық. Абай айтады: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады. Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан қисабына қосылады» дейді.
Бұндай қорлықтан қалай құтылуға болады? Оның жолын тағы да Абай айтады: Қорлықтың емі – халлақына (иманға) махаббат, халық ғаламға (ел-жұртқа) шапқат, – дейді. Демек, қауымының халлаққа сенім-махаббаты жоғалса, халық ғаламға мейірім-шапағаты азайса, ол жұрт қабілетінен айырылып қор болады екен.