Қоғам • 19 Қаңтар, 2021

Жақсылық көрсең де, жамандық көрсең де өзіңнен

6815 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бала күнімізде ауылда бір кейуана дүниеден өтті. Әлгі кейуананы жерлеп бола бергенде қабірі, төмпешік болып үйіліп жатқан топырақ ойылып, опырылып түсіпті. Ауыл шулап біраз күн дүрлігісті. «Көкпес кемпірдің қабірі құлап қапты, қабір ішінен қорқынышты дыбыс шығыпты», деген сыңайлы жел сөз гулей жөнелді.

Жақсылық көрсең де, жамандық көрсең де өзіңнен

«Ауыл адамдары «көк пес» атап кеткен кейуана шығымы жоқ сараң адам еді» дейді көргендер. Елуінші жылдардағы жадау-жүдеу шақта бір малын екеу, екеуін төртеуге жеткізуге ықыласы ауыпты. Жалғыз ұлы мен келініне де зәбір көрсетеді екен. «Қоя жесең, қой қалады, тарта жесең, тай қалады» деп немерелерін ас-ауқаттан қысады. Нанға дейін сандыққа құ­лыптап, кілтін өзі алып жүреді. Сөйтіп жиған малы 60-жылдардың соңында бір жұтта қырылып, тігерге тұяқ қалмайды. Келіні қанша айтып, зар қақса да текемет, кілемдерді сатуға қимай жинай береді екен. Ол «қазынасы» да бір жылы күйе түсіп, құрт жеп жарамсыз болып қалған көрінеді. Кейуананың қабірінің құ­лауын жақсыға жорымаған елдің әңгі­месінен сараңдық, қайырсыздық деген жақсы қасиет еместігін бала болсам да пайымдағандаймын.

...Бүгінгі ала шұбар қоғамда жомарт­тық танытып, жақсылық жа­сау­шылар да, қайыры жоқ құлқын қамынан аспайтындар да жетерлік. Кейде айналаға қарап, бәрі жеткілікті, тек мейірім жетіспейтіндей көрінетіні бар. Бір ауыз жылы сөзімізді қимай­мыз, жылы қабақ танытпаймыз.

 Игі іс жасау, мұқтаждығы өтелген жанның қуанғанын көру, батасын алып, ризашылыққа бөлену ғажап қой. Кейде жақсылықты есеппен жасап не оны мақтаныш етіп, рияға барамыз. Шын мәнінде, жақсылықтың сауабын риядан артық жоюшы жоқ. Я болмаса жақсылығымызды міндетсіп: «Кезінде өйтіп ем, жұмысқа тұрғызғам, қарастым» деген сөздермен сауабын зая кетіреміз. Алла жолында не берсек те, қандай қайыр-жақсылық жасасақ та ол еселеп өзімізге қайтатынын ұмыт­па­сақ қайырлы.

Халқымызда қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің деген тәмсіл бар. Қайырымдылық – адам бо­йын­­дағы асыл қасиеттердің бірі. Бір кісі хазіреті пайғамбарымыз Мұ­ха­мед­­­тен «Ең жақсы адам кім?» деп сұрайды. Сонда Алланың елшісі: «Ең жақсы адам – елге, көпке пайдасы тиген пенде», деп жауап берген екен.

...Жұмагелді есімді ел ағасы заманында малтапқыш, іскерлігімен қатар, қайырымы мол азамат болған. Отызыншы жылдардың үргін-сүргінінде Сыр бойынан Өзбекстанға қоныс аударған олар жергілікті жұртпен тонның ішкі бауындай араласып кеткен-ді. Соғыстан кейінгі қиын кездерде Жұмагелді ағамыз өз отбасымен қатар тұрмысы төмен, асыраушысыз қалған төрт өзбек отбасына қарасып, жетілдіріпті. Кенже ұлы Нақыптың досы Икрамжанды (әкесі соғыстан оралмаған) өз баласындай қарап, екеуін де Ташкенттегі халық шаруашылығы институтында оқытыпты. Үйлендіріп, үй қылып, жетілдірген. 70-жылдардың басында атамекен Жаңақорған ауданына қоныс аударған Жұмагелдінің төрт ұлы да кеңшардың бас агрономы, бас экономист, мал дәрігері, шаруашылық директоры секілді белді қызметтер атқарып дәулетті өмір сүрді.

...1989 жылы ел ағасы 80-нен асып дүние салды. Өзбекстаннан бір автобус өзбек бауырлар тайлы-тұяғы­мен қадірлі қарияның қазасына қайғы­рып, көңіл айта келді. Қарияның ұл­­дары мен немерелерімен бірге, кел­ген­дермен көрісіп, қатарда тұр­ған ала тақиялы жігітті байқап қал­дым. «Мына өзбек кісі кім, ол неге қатарда тұр?», дедім таңырқап. Сонда анам: «Ол Жұмекеңнің өкіл баласы Икрамжан. Қайырымы көп жан еді ғой, жарықтық», деді қимастықпен күрсініп. Анамның айтуынша, аудан басшысы болған Икрамжан жақ­сылықты ұмытпай, өкіл әкесіне жыл сайын мол сәлем-сауқатымен келіп қуантады екен. Ақша берсе ал­майды, «апам екеуіңізді Қара теңіз­ге қыдыртайын, Өзбекстанның көрік­ті жерлерін аралатайын» десе, көн­бейді. «Қаратаудың самалы, Сыр­дың сағасынан артық жұмақ жер жоқ, рахмет, балам», дейді екен. Жасын­да жүйрік баптап, құс салып, күрес­те есе жібермеген Жұмагелді көке­міз өкіл баласының бір ғана сыйл­ы­ғын қабылдаған көрінеді. Ол Сүлік­қара атты түрікмен тұлпары еді. Иә, қай­рым­дылық ниетпен жасалған амал­дар­дың соңы осылай өзбек жігіті мен ел ағасының арасында әдемі сыйлас­тыққа ұласты.

Жұмагелдінің ұлы Нақып та қолы ашық азамат еді. 80-жылдары туыс­тарының басына іс түсіп, қатты қысы­лып, қарыз сұрай келгенде «Жигули» аламын деп жинаған 5 мың сом ақ­шасын жинақ қорынан алып бере салыпты. Әлгі жігіттің анасы қуан­ғанынан жылап жіберген. «Тірі болсақ қайтарармыз, Нақыпжан!», дейді. «Жоқ, апа, қайтармай-ақ қойыңыз. Нағашымның аруағы разы болсын, ұлыңыз аман болсын», депті. Бұл – екінің бірінің қолынан келмейтін кесектік һәм кісілік.

Қасиетті Хадис шәріпте «Адам баласы дүниеден өткен соң оның амалы тоқтайды. Тек мына үш амал­дың сауабы иесіне үздіксіз жетіп тұрады. Олар: садақа, пайдалы ілім, артынан дұға қылатын ізгі ұр­пақ» делінген. Қайырым жасаған жан осы дүниенің өзінде елдің мейір-шапа­ға­тына, құрмет-қошеметіне бөленеді әрі ризық-несібесі арта түседі.

Қасиетті Құранда «Кімде-кім тозаң­ның салмағындай жақсылық істесе, соның сауабын көреді. Кімде-кім тозаңның салмағындай жамандық істесе, соның зардабын татады»,  дейді («Зілзәлә» сүресі).

Иә, жақсылық көрсең де өзіңнен, жамандық көрсең де өзіңнен.

 

Әтіргүл Тәшім,

журналист