Қоғам • 20 Қаңтар, 2021

Жетісуда індет жұқтырғандар көбейді

145 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жұқпалы індеттің таралу қарқыны Жетісу өңірінде жылдам өсе бастаған сыңайлы. Соңғы бірер тәуліктегі эпидемиялық ахуалдың нашарлауы Алматы облысын «жасыл аймақтан» жылжытып, «сары аймақтағы» облыстар қатарына қосты.

Жетісуда індет жұқтырғандар көбейді

 

Өткен бірер күн аралығында аймақта 8 284 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Ал 19 қаңтарда ғана дерт жұқтырған науқас саны 93 адамға жеткен. Індет ошағының саны бойынша Талдықорған қаласы  алда тұр, облыс орталығындағы жұқпалы дерттің құрығына іліккен жан саны бір тәулікте 26 науқасқа көбейген. Қазір Талдықорған қаласы облыс бойынша «қызыл аймаққа» енді. Яғни қаладағы індеттің таралу көрсеткіші 0,6 пайыз­дан асып отыр.

– Індет жұқтыру дерегінің көбеюі қо­сымша шектеу шараларын қабылдауға әкелді. Қазір қаладағы мектептер, университеттер, колледждер өз қызметін толығымен тоқтатып, оқытуды тек қашықтан жүзеге асыруда. Сондай-ақ қаладағы ұйымдардың барлық кеңсе қызметкерлерін қашықтықтан жұмыс істеуге көшіру мен қызметкерлер саны 15 және одан да көп адам болатын ұйым қызметкерлерінің кемінде 80 пайызын онлайн режімге көшіру туралы шешім шықты. Ал екінші деңгейдегі банктердің, пош­та бөлімшелерінің, халыққа қызмет көрсету ор­талықтарының жұмысын алдын ала жазылу бойынша жүргізу міндеті қойылып,  халықтың көп жиналуын болдырмау және кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты және күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режімді сақтау ережесі енгізілді, – дейді Талдықорған қалалық  бас мемлекеттік санитар дәрігерінің орынбасары Сәкен Мелдебаев.

Жетісудағы жұқпалы індет жылдам таралып жатқан аумақтар қатарында облыс орталығынан бөлек бірнеше аудан бар. Мәселен, бір тәулік ішінде Қаратал ауданында  10 адам, Панфилов ауданында 9 адам, Талғар мен Іле аудандарында 7 адамнан коронавирус белгілері анықталған. Ал облыс ауруханаларында індет жұқтырған 543 адам емделіп жатыр. Оның ішінде 42 адамның жағдайы ауыр екен.

Айтпақшы, аты жаман аурудың зардабы ауыр қайғыға әкеліп соғуда. Өкінішке қарай, коронавирустан қайтыс болғандар қатарында елге танымал азаматтар бар. Кеше Талдықорған қаласында тұратын белгілі өнер өкілі, қазақ кино әлеміне Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» фильмі арқылы танылған дарын иесі Әлімғазы Райымбеков дүние салды. Сексен бес жастағы киноактер екі апта бұрын індет жұқтырып, ауыр жағдайда қалалық ауруханаға жеткізілген болатын.

 

Алматы облысы