Қазақстан тәуелсіздігінің таңсәрі шағында тағайындалған президенттік институты мемлекетті басқарудың жаңа құрылымының негізін қалыптастыруға мүмкіндік жасады және экономикадағы өтпелі кезеңді еңсеруге, республиканың саяси жүйесін реформалауға қажетті жағдайларды қамтамасыз етті. Сонымен бірге, президенттік институтының қалыптасуы өте-мөте күрделі ахуалда жүзеге асырылды. Драмалық кернеуі күшті сол бір күндерді Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұт Базарқұлұлы Қасымбеков былайша еске алады.
1990 жылғы 24 сәуірде Қазақстанда президенттік институт құрылып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің мәжілісінде Нұрсұлтан Назарбаев ел Президенті болып сайланды. Одан кейінгі кезең Президент лауазымын енгізу тәуелсіз Қазақстанның саяси жүйесінің қалыптасуына шешуші ықпал жасап, КСРО ыдыраған соң мемлекеттік биліктің сабақтастығын қамтамасыз еткен аса маңызды оқиға болғанын көрсетті.
Қазақстандағы президенттік институттың бастауы кеңес қоғамы мен мемлекетінің барлық саласын қамтыған КСРО-дағы аса терең дағдарыс кезеңіне сәйкес келді. Ол экономика саласында аса өткір байқалды. Кеңес экономикасы құрылымдарының диспропорциясынан айқын көрінген дәстүрлі экономикалық байланыстардың үзілуі, жоспарлы экономиканың іріп-шіруі тұрғындардың өмір сүру деңгейінің күрт төмендеуіне, әлеуметтік шиеленістің өршуіне алып келді.
Құдайға шүкір, біздің жастарымызға тауар және азық-түлік тапшылығы белең алған елде тұру бұйырған жоқ. Бір Ресей журналисінің атап көрсеткеніндей, ол кезде “ештеңе болған жоқ – тек коммунистік идеология ғана ернеуінен асып-төгіліп жатты”.
1990 жылдың көктемінде Алматыда өркениеттің көптеген игіліктерінің соңынан тіпті... ақ сабын да жоғалып кеткені есіме түсіп отыр. Сол жылдың жазында етек жайған темекі тапшылығын да көпшілік ұмыта қоймаса керек. Мәселен, “Медеу” темекісінің бір қорабын өте жоғары бағаға, онда да тек Горький мен Пушкин көшелерінің қиылысында, турасын айтқанда, гүлді кең көйлек киген алыпсатарлардың етегінің астынан ғана сатып ала алатынсың. Сұйық “қатты валютаны”, яғни арақты беймезгіл уақытта үш есе қымбат бағасына мейрамханалардан немесе таксистерден не болмаса Алматының шеткі жақтарындағы бір қабатты стихиялық заңсыз сауда орындарынан – Кіші станицаның, Татарканың, Тастақтың қараңғы түпкірлерінен ғана сатып алуға болатын. Өздерінің ұзақ ғұмырларында көпті көрген ардагерлер тіпті соғыс кезінде де бой көрсетпеген осындай қарапайым азық-түліктің жоқтығына ашық кейістік білдіріп жатты. Бұған кеңес рублінің құнсыздануын, сондай-ақ іс жүзінде экспропорционалды және халыққа қарсы болып шыққан әрі соңы өкінішке ұрындырған “павловтық” ақша реформасын қосыңыз. Осылайша большевиктер өз билігінің соңында неден бастаса соған – азық-түлік салымы мен кәртішке жүйесіне қайтып келді.
Онсыз да күрделі әлеуметтік-экономикалық ахуал бүкіл Кеңес Одағы аумағы бойынша жылдам тұтанған этносаралық жанжалдар өртімен тереңдей түсті. Оның үстіне одақтық орталық пен кезінде қуаты тас жарған КОКП бейнесіндегі билік не нәрсені де дұрыс жағына қарай өзгертуге қабілетсіздік танытып, өзінің әлсіздігін мойындаған сияқты-тын.
Сондықтан орталықтың міңгірлеген, қарама-қайшы саясаты, оның КСРО-дағы экономикалық және саяси реформаларды жүргізудегі ашық қателіктері Нұрсұлтан Назарбаевты сол жылдардағы стратегиялық күн тәртібін нақты айқындауға итермелегеніне: компартиямен ара жікті ажырату, мемлекеттік басқарудың жаңа формаларын іздеу мен Қазақстан егемендігін одақтық орталыққа қатысты нығайту болғанына таңқалатын ештеңе жоқ.
АЙЫРЫҚТА
1989 жылдың маусымында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығына сайланған Нұрсұлтан Назарбаев алғашқы уақыттарда кезінде өзіне жаһандық әлем құрылысын өзгерту миссиясын алған партия әлі де болса өзі де өзгеруге қабілетті деген ұстанымға шынайы сенімінен ауытқыған жоқ-тын. Мұны таза адами тұрғыдан түсінуге де болатын еді. Өйткені, ол көптеген кеңес адамдары сияқты коммунистік партия шинелінен шыққан-тын.
Оның 1989 жылдың 18 тамызында өткен қалалық және аудандық партия комитеттері бірінші хатшыларының республикалық кеңесінде сөйлеген сөзі өз партияластарына үндеу сияқты әсер қалдырған еді:
“Партияға қоғамды өзінің соңынан ертуге моральдық құқығы болуы үшін алға қойған міндеттерді шешуде тым болмаса бір қадам оның алдында жүруі тиіс.
Біз көп жағдайда бір жерді таптап тұрамыз, шұғыл даму үстіндегі қоғамдық өмірдің жарқын мысалына айналған үдерістерден қалыс жүреміз. Бірінші кезекте бұл партия комитеттері жұмысының демократияландыру мен жариялылық, олардың демократиялық централизм шеңберіндегі өз бетінше қызмет істей алуы, сынға ашықтығы мәселелеріне қатысты.
Консервативтіліктің тамырын іздеп, оралымсыздықтардың, қандай да бір партия қызметкерлерінің жаңа талаптарға баяу реакциясының себептерін сараптай бастасаң-ақ жылдар бойы партия ортасында айтқанға көнгіш, айдағанға жүргіш, орындаушылық қабілеттен жұрдай, жоғарыдан түсетін кез келген тапсырманы қашанда жинақы, дәл, бірақ босаң орындауға әзір адамдар қалыптасқанына көз жеткізесің. Мұндай адам-автомат әкімшіл-әміршіл жүйенің нағыз орындаушы идеалы болды.
Бәз біреулер бүгінде ондай адамдарды ешқандай партия комитеттерінде кездестірмейсің, олар баяғыда-ақ жоғалған деп қарсылық білдірулері мүмкін. Шын мәнінде, қайта құру жылдарында кадрлар құрамын тереңнен “қайта сілкілеп”, тоқырау кезеңін жанына жақын көргендерден арылуға қол жеткізілді. Алайда, адамдар кеткенімен, дәстүрлер қалатыны белгілі”.
Осыдан кейінгі 10 айда Нұрсұлтан Әбішұлы бір ғана иландыру, үгіттеу үдерістерімен шектеліп қалмай, партиялық және мемлекеттік, шаруашылық органдарды бөлуге бағытталған, сөйтіп, нақты билікті Кеңестерге, ішкіпартиялық өмірді демократияландыруға, өктемшіл-әміршіл тәсілдерді аластауға, республика партия ұйымдарының өз бетінше жұмыс істеуін жоғарылатуға бағытталған белсенді ұйымдастырушылық жұмыстарды бастап кеткені қазір күні кешегідей есімде. Партия комитеттерінің жетекшілерін баламалы негізде құпия және тікелей дауыс беру арқылы сайлау тетігі кеңінен қолданылды. Екі және одан да көп үміткерден 141 қалалық және аудандық комитеттер хатшылары, оның ішінде 59 бірінші хатшы сайланды. Сондай-ақ баламалы негізде Гурьев, Қарағанды, Көкшетау және Шымкент облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшылары сайланды. Нәтижесінде облыстық комитеттер 70 пайызға, қалалық және аудандық комитеттер 80 пайызға жаңарды. 1985 жылмен салыстырғанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіндегі номенклатуралық лауазымдар 2/3-ке, облыстық, қалалық және аудандық партия комитеттері 50 пайызға қысқарды.
“Номенклатуралық механизмді демонтаждау жөніндегі жұмыстар сөзсіз жалғастырылуы тиіс, – деп мәлімдеді Нұрсұлтан Әбішұлы 1990 жылдың 8 маусымында өткен Қазақстан Компартиясы ХVІІ съезінің мінберінен. – Бұл қандайда бір диктатты, үміткерді тықпалау, кадрларды орналастыруда әкімшілендіру дегенді еш білдірмейді... Аппарат қажет, бірақ ол жаңарған, өз қызметін жан-жақты орындауға қабілетті аппарат болуы тиіс”.
Алайда, КОКП-ның ыдырау үдерістері оны сауықтыруға деген барлық әрекеттердің алдын орап отырды.
Оралымсыздықтар, кей тұстарда партаппараттың реакцияшылдығы Нұрсұлтан Әбішұлының көптеген жаңашылдық ойлары мен бастамаларын түсінбеушіліктерге, қабылдамауларға ұшыратып қана қоймай, тіпті кейбір жағдайларда дұшпандық көзқарас туындатты. Консервативтік лагерьдегілердің келесі бір бөлігі көптеген жергілікті басшылардың бейнесінде оны сөз жүзінде қолдағанымен, іс жүзінде ескіліктің пұшпағына жармасып, демократиялық өзгерістер мен нарыққа өтуді барынша тежеп бақты. Нарықтық экономикаға саналы түрде қарсы шығушылардың қатарына биліктегі реформалар жүргізуге қабілетсіз көптеген дилетанттар келіп қосылды.
“Ештеңені өзгертпеңдер. Бізге қалған ғұмырымызды тыныш өткізуге мүмкіндік беріңдер. Содан кейін не істесеңдер, соны істеңдер!” – өкінішке қарай, бізден кейін топан су қаптаса да бәрібір деген ұстаным сол кездегі көптеген басшы адамдарға тән еді.
1991 жылдың 30 мамырында КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы М.Горбачевтің қатысуымен өткен Қазақстан республикалық активінің жиналысында Нұрсұлтан Назарбаев іс жүзінде соңғы диагноз қойды десек болады: “Бүгінде “таза” социализм дегенді жандары қалмай жақтаушылар халықтың өмірін жақсартуға тіпті де бас ауыртпайды. Идеологиялық догмалармен қаруланған олар өздерінің жеке биліктері, өз артықшылықтарын сақтап қалу үшін күресуде.
Мемлекет басшысы ретінде Сіз, Михаил Сергеевич, мұны көрмеуіңіз мүмкін емес. Бүгін нақты таңдау жасаудың уақыты келді. Қай жаққа жүру керек екенін Сіз айқындап бердіңіз: жаңғырулар арқылы жүру, ал экономикада – рынокқа бағыт алу. Енді екінші қадам жасау – осы қозғалысқа кедергілерді еңсеруге қарай ұмтылу қажет секілді”.
Және ең басты кедергі партияның өзі болып қалып отыр. Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлының сол жерде айтқан келесі сөзі көрегендік болып шықты:
“Билікті басып алудың кез келген әрекеті, оның үстіне әскер мен құқық қорғау органдарын пайдалану арқылы жасалған әрекет зорлық-зомбылықтың жаңаша сипат алуынан басқа ештеңе бермейді және ешқандай тұрақтылыққа да алып келмейді. Керісінше, мұндай жағдайда, құдай сақтасын, әрине, бізде жаппай толқулар етек алады – тұрғындар тарапынан саяси күрестің ең шетін формалары, саяси плюрализм тәжірибесін толықтай аластау көрініс береді. Ал бұл қорытындысында мемлекеттік басқарудың қазіргі жүйесі жойылып, кең ауқымды репрессиялар басталады, еліміздің әлемдік қоғамдастық санасындағы оң образы түпкілікті қиратылады дегенді білдіреді”.
Араға бар-жоғы 2,5 ай салып, Н.Назарбаевтың ең жаман деген күдігі шындыққа айналды. 1991 жылдың 19-21 тамызында елімізде тарихқа “тамыз бүлігі” деген атпен кірген, Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет (ТЖМК) деген биліктің барлығын толықтай өз қолына алатыны туралы жариялаған оқиғалар етек алды. КОКП басындағылардың реакциялық бөлігі ұйымдастырған мемлекеттік төңкерістің бұл әрекеті Коммунистік партияны түбегейлі масқаралап, КСРО-ның ыдырауын тездетті. Осылайша КОКП тарихы мен кеңестік алып державаның тарихына нүкте қойылды.
Нұрсұлтан Назарбаев сол кезде Қазақстан халқына шұғыл үндеу жариялап, сөз сөйледі. Онда ол бүлікшілердің іс-әрекеттерін шешімді түрде айыптап, өзінің реформалар мен демократия бағытынан айнымайтынын қуаттады. Осымен бір мезгілде өзінің КОКП қатарынан шығатынын мәлімдеді.
Бұл кейіннен болған жәйттер еді. Ал оған дейін Нұрсұлтан Әбішұлы үшін мыналар басы ашық мәселелер еді: мемлекеттік басқарудың қағидатты жаңа құрылымдарын құру қажет, республикада болашаққа серпінділікті қамтамасыз ете алатын жас басшылар мен атқарушы кадрлар шоғырын қалыптастыру керек.
Және мұндай құрылым іс жүзінде тәуелсіздіктің бастаушысы, оның негізгі құрылғысы ретінде көрінген президенттік институт болды.
ҚАРСЫ ТҰРУ
КСРО-да президенттік институты 1990 жылдың наурызында КСРО президенті лауазымына Михаил Горбачевтің сайлануымен пайда болғаны белгілі. Мұндай институттар Қазақ КСР-ін қоса алғанда одақтас республикаларда да құрыла бастады.
Нұрсұлтан Назарбаев үшін бұл егемендікке жасалған алғашқы маңызды қадам, сонымен қатар, КОКП-ның пайдасыз да мағынасыз ықпалынан алшақтаудың ыңғайлы мүмкіндігі болды. Оның Президенттік кеңесті – құрамына Жоғарғы Кеңес Төрағасы Е.Асанбаев, Премьер-Министр Ұ.Қараманов, депутаттар С.Дрожжин, И.Жаңғоразов, С.Сартаев, босатылған негізде М.Жолдасбеков пен Д.Сембаев кірген Мемлекет басшысы жанындағы алқалы саяси-консультативтік орган құру ісіне үлкен энтузиазммен кіріскені сондықтан. Бұл органның тиімділігіне бағаны Президент біршама кейінірек берді. Осы аралықта іс жүзінде Президенттік биліктің іске қабілетті құрылымдары жоқ кезде Президенттік кеңес мемлекеттік құрылыс, демократиялық және нарықтық реформалар жүргізу бойынша сараптамалық-талдамалық қызмет көрсету мен ұсыныстар жасауда айтарлықтай бағалы қызмет атқарды.
Басшылығына Н.Әбіқаев, оның бірінші орынбасарлығына В.Ни тағайындалған, бөлімдер меңгерушілері Қ.Сүлейменов, Ғ.Шалахметов, М.Бабушкин, Т.Сауранбеков, Г.Бердюгин және басқалар болған Мемлекет басшысының Кеңсесі (кейіннен Президент пен Министрлер Кабинетінің Аппараты, бүгінде Президент Әкімшілігі) құрылысы да сондай “нөлдік сатыда” тұрды.
Ол кезде аппарат құрамында қазіргі кезде, мәселен, Хаттама және Президенттің баспасөз қызметі сияқты функцияларды орындайтын құрылымдар болған жоқ. Иә, ондай құрылымдар сол шақта соншалықты қажет те емес еді әрі олар өздерінің “жобалық қуатына” бірден шыққан жоқ: бұл үшін жылдар қажет болды. Сондықтан Президенттің қызметін ұйымдастырушылық-хаттамалық және ақпараттық қамтамасыз ету жұмыстарын мен жетекшілік ететін жалпы сектор қызметкерлері атқарды. Мәселе “темір шымылдықтың” құлауы жағдайында жұмыстың ескі әдісі мен тәсілінен шешімді түрде кету қажет болса, саяси менеджменттің жаңа эстетикасы туған топыраққа әлі сіңіріле қоймаған еді: оған біз ауыр, ұяң да баяу жолмен келдік. Оның үстіне, кеңестік жүйенің негізін құрайтын, тіпті жердің өзін тіреп тұр деп елестетілетін мемлекеттік билік пен басқарудың КОКП сияқты басты механизмінен бас тарта салу, бұл қалай дегендей, көптеген адамдардың санасына сыймады...
Жалпылай алғанда, жұмыстың шеті мен шегі көрінбейтін. Бұған қоса, Президент жаңа басқару құрылымдарын жасақтау барысында жан-жағынан жаппай кимелеген түпкілікті қарсылықтарға тап болды. Бірінші кезекте, әрине, тұяқ серпу үстіндегі КОКП тарапынан. Бұл арада 1990 жылдың сәуірі мен 1991 жылдың тамызы аралығында республиканың билік олимпінде екі аппарат қатар жұмыс істегенін қаперге сала кету қажет: Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің аппараты мен Қазақ КСР Президентінің аппараты. Бұл жерде күрес ымырасыз сипат алды.
Сол кезеңдегі өткір проблемалардың алдыңғы қатарында кадрлар тапшылығы тұрды. Бір жағынан, президенттіктің идеясын бөлісетін, халықтың жағдайын білетін және олармен жұмыс істей алатын білікті қызметкерлер мүлдем жетіспеді. Екінші жағынан, көптеген кәсіби мамандар мұндай жұмысқа келгісі келмеді. Мұның да бірқатар себептері бар еді. Оны Егор Гайдар туралы естелігінде Анатолий Чубайс былай деп көрсетті: “Сол шақтарда “ақылды адамдар билікке келмеді” – өйткені, шешілмеген проблемалар шаш етектен болғаны өз алдына, адамдар пайдасыз горбачевтік көпірме сөзге әбден ықылық ата тойып біткен болатын”.
Сондықтан, кадрларды күндіз шырақ алып іздеуге тура келді. Президент Аппаратының қызметкері ретінде мен осы проблемамен бетпе-бет қалып отырдым. Күндердің бір күнінде мен өзім басқаратын секторға Алматы облыстық партия комитетінде істейтін, өзім мықты кәсіби маман ретінде білетін тәжірибелі аппаратшы және тамаша сөз зергерін жұмысқа шақыруға шешім қабылдадым. Қандай да бір қызметкерге “құда түскен” жағдайда этикет әуелі оның бастығының келісімін алғанды жөн санайды. Ойымда еш нәрсе жоқ, сол кездегі Алматы обкомының хатшысымен байланысқа шығып, мен де солай жасадым. Менің өтінішіме қайтарған оның жауабы есімнен тандыра жаздады.
“Немене, сендер әлі өздеріңнің “президенттік” ойындарыңды ойнап болған жоқсыңдар ма?.. Сен маған хабарласып отырған бірінші адам емессің, Президенттің жігіттері маған телефон шалып, біресе ананы, біресе мынаны сұрайды. Оқасы жоқ, жақында біз сендерді қуып таратамыз. Ал құнды қызметкерлерімізді сендерге бермейміз”, – болды оның айтқандары.
Бұл кісіні мен бұрыннан танушы едім. Сондықтан да болар, одан мұндай жауап есту шын мәнінде өзегімді өртеді. Сөйтіп, біздің ескіден келе жатқан өзара құрметімізге сызат түсті.
Сөйтіп, мен Президент Аппараты басшысының бірінші орынбасары Владимир Ниге қайырылдым. Менің аргументтерімді тыңдап алған Владимир Васильевич пышақпен кескендей етіп былай деді: “Бұл жерде қандай әңгіме болуы мүмкін? Өзіңізге пайдасы тиеді-ау дегендердің барлығын ала беріңіз”.
Егер осындай кадрлар үшін таластағы қалжыңға бергісіз “көкпар” (батыста мұны “ақылды бастар үшін күрес” деп атайды) Президент командасына, еш артық айтқандық емес, әрбір сауатты маман мен әрбір білікті қызметкердің келуіне септігін тигізді. Қосарланған саяси билік жағдайындағы мұндай күрес бүкіл кеңес қоғамына тән еді. Ал мұндай драманың сюжеті күн өткен сайын барынша өткір сипат ала түсті.
Мұндай жағдайлар туралы сол кездері Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Жалпы бөлімінің меңгерушісі болған Владимир Шепель былай деп еске алады: “1990-1991 жылдары, Қазақ КСР Президенті сайланғаннан кейін, сырт қарағанда ОК және Президент аппараттары арасында қандай да бір келіспеушіліктер болмаған сияқты көрінеді. Бірақ мәселеге тереңірек қарасаң, көптеген партия функционерлері “бір үзім нандарын”, яғни билік өкілеттіктерінің бір бөлігін алып қойғанымен келісе алмады. Мысалы, ОК Аппаратының бөлім меңгерушісі немесе сектор меңгерушісі өздерін мәртебелері бойынша Президент Аппаратындағы сондай қызметкерлерден жоғары санады. Осыдан келіп менмендік пен тәкаппарлық оқиғалары орын алды. Сондықтан олар біздерге де басшылық жасауға ұмтылып, оларын Президент Аппаратында да коммунистер жұмыс істейді, демек, барлығы партиялық тәртіпке бағынуы тиіс деген ұстаныммен түсіндіргілері келді”.
Лауазымдық міндеттеріме сәйкес мұндай жәйттерді менің Президенттік кеңес мәжілістерін дайындау барысында өз басымнан талай мәрте өткізуіме тура келді. Сол мәжілістерге шақырусыз келетін ОК-ның екінші хатшысы В.Ануфриевтің тура Президенттің қарсысындағы орынтаққа келіп жайғасатыны күні кешегідей есімде.
Одақтас республикалар компартиялары Орталық комитеттерінің екінші хатшылығына тағайындалған адамға қатысты кеңестік қоғамда ежелден мынадай көзқарас қалыптасқан болатын: олардың негізгі миссиялары – Бірінші хатшыға көмектесу емес, Орталықтың “құлағы және көзі” ретінде олардың іс-әрекеттерін бақылау.
Президенттік кеңестің алғашқы мәжілістерінің біріне В.Ануфриев те келген болатын. Президент Аппаратының басшысы Н.Әбіқаев оған көп мағыналы көзқараспен қабақ көтерді. Содан соң маған суық қарап, тура мына сөздерді айтқандай болды: “Неге залда бөтен адамдар отыр?”. Мен Ануфриевтің жанына жақындап барып, ренжітіп алмауға тырысқан бәсең дауыспен:
– Кешіріңіз, Владислав Григорьевич, сіз Президенттік кеңестің мүшесі емессіз. Өкінішке қарай, сіз шақырылғандар тізімінде жоқсыз, – дедім.
Осыны күтіп отырғандай-ақ ол дауыс көтерудің дөрекі түріне көшті:
– Жігітім, бұл жерде маған жөн сілтейтіндей сен кімсің?!
Мен өзімнің аты-жөнімді, қызметімді айтып, нақты жауап қайтардым.
Сол сәтте ол Әбіқаевқа сол сұрақпен қайта қайырылды:
– Бұл кім өзі?
Салқынқанды Нұртай Әбіқайұлы оның сұрағын жауапсыз қалдырып, өткір көзімен бір қарап-ақ сабасына түсірді.
Тіпті осындай “кет дегенде, ит те кетеді” деген тұрғыдағы көзқарастарға қарамастан, ол Президенттік кеңестің мәжілістеріне келуін тоңмойындықпен жалғастырып қана қоймай, Президенттің сөздеріне қыстырыла кетіп, сөзін бөлу сияқты қадамдарға да барды.
Әрине, егер президенттік институтына қатысты осындай обструкционистік оқиғалар бірді-екілі ғана кездессе, олар туралы әңгіме қозғаудың өзі артық болар еді. Шын мәнінде, “табанды лениншілдер” өздерінің бөлінбес үстемдіктерін әуелі Халық депутаттарының съезінде жоғалтқанымен, есе қайтару идеологиясымен қаруланып, алған беттерінен қайтқылары келмеді.
1990 жыл бойы КОКП ОК-ның жекелеген хатшылары бүкіл Одақтан іріктеліп шақырылған партияның облыстық комитеттері хатшылары, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушілері және өзге де шешуші бөлім қызметкерлері деңгейінде ондаған семинарлар, кеңестер мен кездесулер ұйымдастырды. Олар үндеуінің басты арқауы: “Окоптарда отырғанымыз жетеді! Біздің де күніміз туады. Президенттік құрылымдарға тойтарыс беруге дайындалыңдар...” болды. Басқосуға қатысушылардың ең өткірлері осы ұстанымды мақұлдап, қолдау көрсетудің белгісі ретінде пікірталастарда өздерінің оппоненттеріне улы тілдерін безеп: “Президенттік ойындарын ойнап болсын. Содан кейін біз оларға көкесін танытамыз!” деп қайталаудан жалыққан жоқ.
Орын алып отырған оқиғаларды сезіну және осындай тұтасқан консерватизмнің себептерін анықтау мақсатында біз сенім көрсетуге тұрады-ау деген адамдармен көп әңгімелестік. Өкінішке қарай, көп жағдайда олардың жақтырмайтын сипаттағы және ашық жеккөрушілік тұрғысындағы үнқатуларына тап келіп отырдық: “Бәріне сендер және сен сияқтылар кінәлі! Сендер Коммунистік партияны, Кеңес Одағын құлатқыларың келеді! Балтық жағалауы ірге аулақтады, Кавказ кетіп барады... Сендер бізді немен қалдырғыларың келеді?”. Әдетте, қоғамды саяси қайта құруға жоғалтатындары барлар – белгілі бір деңгейде саяси капитал жинақтап үлгеріп, мансап баспалдағымен одан әрі көтерілуден үмітті және қомақты зейнетақыға қол жеткізіп, кәріліктерін баяғыдан ұнатып, белгілеп қойған бір өңірлерде қарсы алуды армандаған орта және аға жастағы партия, кеңес және шаруашылық қызметкерлері қарсыласып баққан-тын. Оның үстіне Орталықтағы шефтер мен корифейлер мына жәйттерге сараңдық танытқан жоқ: В.Лениннің уақытынан бері большевиктер партиясы өз мүшелеріне ықпал ету технологияларында алдына адам салмас шеберлер болатын. Тұрмыс-тіршілік тұрғысынан қарағанда, оларды да түсінуге болады: КСРО-да “ойын ережесінің” қандай да бір елесі бар еді, ал мұнда үйреншікті барлық дәстүрлер өшіріліп, сізге жаңа құрылыста және олардың ойларынша, елді белгісіз болашаққа алып баратын Президенттің басшылығымен өмірді қайта бастау ұсынылады... Бірақ мәселе сонда, ұлы державаны Назарбаев талқандаған жоқ қой! Осындай қарама-қайшылықтардың салдарынан біз бірқатар ескі достарымыз бен әріптестерімізді жоғалттық. Бұрынғы қарым-қатынастарымыз салқын тартып, жолдарымыз екі жаққа айырылды. Айтпақшы, бұл елімізге және сол сияқты біздің әрқайсымызға өз таңдауымызды жасайтын кез еді. Мен жаңа дәуірге өткен тарихымызда ата-бабаларым мен отандастарымның көптеген буындарының қолы жетпеген нәрсе – өз тағдырымды таңдау құқын бергені үшін ризамын.
Бір таңқаларлығы, енді қалыптаса бастаған президенттік институттың келесі бір күтпеген идеологиялық қарсыласы Жоғарғы Кеңес болды. Қайта құрулар толқынында “Барлық билік Кеңестерге” ұранымен екінші тыныстары ашылған Жоғарғы Кеңес басшылығындағы Халық депутаттарының кеңесі бір қарағанда Президенттің табиғи одақтасы болуы тиіс еді. Бірақ олай болған жоқ.
Сол кезеңде қалыптасқан саяси ахуалға түсініктеме берген белгілі қырғыз саясатшысы және қоғамтанушысы, Қырғызстанның Қазақстандағы бұрынғы елшісі Жұмағұл Сааданбеков өзінің “Нұрсұлтан Назарбаев. Көшбасшылық заңдылықтары” кітабында былай деп жазды: “Жоғарғы Кеңестің бірпартиялы диктатура режіміне генетикалық жақындығы оны президенттік билікке, демократиялық реформаларға оппозицияны ұйымдастырудың базасы мен формасы етті. Дағдарыстың адуынды толқындарында жүзу Жоғарғы Кеңестің мемлекеттік билік пен қоғамды жұмылдыруға қабілетсіз екенін көрсетті. Жаңа демократиялық институттар құрып, солар арқылы демократияландырудың қақпасын ашудың орнына, Парламенттің өзі билік үшін күрестің кескілескен аренасына айналды...”.
Биліктің барлығын өзінің қолына шоғырландырғанымен, әлеуметтік-экономикалық дағдарыс өрши түсіп отырған жағдайда одан шығудың жолын көрсете алмағаны өз алдына, елдің нарықтық экономикаға өтуін қамтамасыз ете алмаған Кеңестер жүйесі іс жүзінде Қазақстанды одан әрі дамыту жолында тежегішке айналды.
Осының салдарынан “республикада биліктің екі полярлық орталығы, яғни қосөкіметтік пайда болды. Оның біреуі жергілікті жерлердегі кеңестік мекемелердің барлық вертикалдарымен бірге Жоғарғы Кеңес (ескі кадрлардың баратын орнына айналған) маңына шоғырланса, екіншісі Президенттің (мұнда демократиялық және нарықтық жаңарулардың жақтастары топтасты) төңірегіне шоғырланды”, – деп жалғастырады Ж.Сааданбеков.
Дәл осы кезеңде көп жағдайда Қазақстандағы саяси өмірдің одан арғы мазмұнын айқындаған Президент пен Жоғарғы Кеңес арасындағы қарсы тұрушылықтың негізгі желісі көрініс берді. Президенттік-парламенттік қарсы тұрушылықтың апофеозы Жоғарғы Кеңестің мемлекеттік институт ретіндегі жойылуымен аяқталған 1993-1995 жылдардағы парламенттік екі дағдарыс болғаны белгілі.
“ЕРТЕҢГІ КҮНГЕ СЕНІММЕН”
Президенттік институттың құрылуы идеологиялық қана емес, тіпті этносаралық жарылу шегіндегі кескілескен күрес жағдайында жүрді.
Шындығында, қазақтардың “этнократикалық мемлекет” құру жолында “этностық тазалауға” түпкілікті кірісуге дайындалуы туралы өсек-аяң, осыған сәйкес көрініс берген жергілікті емес ұлттар өкілдерінің қаупі мен үрейі Парламент алаңын ғана емес, бүкіл ел аумағын қамтыды. Ал жекелеген облыстық партия комитетінің хатшылары мен ірі өндірістік бірлестіктердің директорлары, әсіресе, республиканың солтүстік өңірлерінде ашық бопсаға көшкен жергілікті көсемсымақтар туған Отанымызды бөлшектеуге кетәрі емес ниет танытқандықтан, республиканы жоғалтып алудың шын қаупі қылаң берді.
2009 жылдың 4 тамызында Воронеждің “Коммуна” газетінде Л.Суркованың Қостанай облыстық партия комитетінің бұрынғы бірінші хатшысы, бүгінде Мәскеуде тұратын (оның аты-жөнін әдейі атамай отырмын, оқырман бұған түсіністікпен қарайды ғой деп ойлаймын) воронеждік жерлесіне арнаған мақаласы шықты. “Ол Горбачевтің көзіне ұнамайтын нәрселерін шұқи көрсетіп, Н.Назарбаевпен таласа алатын, сонымен бір мезгілде, өз пікірінде қалатын”, делінеді мақалада. Журналиспен әңгімесінде оның сұхбаттасы сыпайыгершілік танытқан сыңай білдірсе, ал журналист саяси әдептіліктен болар, кейбір мәселелердің тігісін жатқыза жазған секілді. Өйткені, мақала кейіпкері және онымен ынтымақтастықта болғандар сол кезеңдерде Н.Назарбаевпен жәй таласып қана қоймай, оған ашық қарсы шықты және соған сәйкес іс-қимыл танытты. Несін айтамыз, апанында мазаланған аю секілді мінез танытқандар сол тұста баршылық еді.
Оның үстіне, бүкіл Кеңес Одағын қамтыған сыртқа тебушілік үрдісі жағдайларында адамдарды сепаратистік және ирредентистік партизандыққа итермелеген арандатушы-суфлерлер де жеткілікті болатын. Нұрсұлтан Әбішұлы М.Горбачевтің қатысуымен өткен жоғарыда аталған республикалық кеңесте жарылып-бөлінуді аңсайтындарға бағыттап және жалпыға естірте қатаң ескерту жасады:
“Бәзбіреулерге тұтас өңірлердегі жоғары деңгейлі ширығу қалпын қолдау өте тиімді, біреулер саналы түрде немесе, жұмсартып айтқанда, өзінің алысты болжай алмайтындығы салдарынан осы үдерістерді қыздыра түседі. Бұған мысалды көптеп келтіруге болады: осы арада Закавказьедегі азамат соғысынан бастап Ресейдің кейбір облыстарындағы шовинистік, тіпті монархистік көңіл-күй ауанының күшейе түсіп отырғанын айтсақ та жеткілікті ғой деп ойлаймын. Михаил Сергеевич, бізді шетелдердегі “пайғамбарлардың” әдепсіз кеңестерін қуана қабылдайтын кейбір интеллигенция өкілдерінің жел тигізбей, қамқорлықпен аялайтын ұлыдержавалық шовинизм өскіндері алаңдатады. Егер өз Отаныңды орнықтыруға деген ұмтылысыңды өзге халықтарға деген қамқорлығың мен олардың проблемалары көлегейлейтін болса, онда, мәселен, өзіңді зиялымын деп осы сөздің жоғары, толық мағынасында қалайша есептей аласың! Ал елімізде кең таралыммен тараған шулы трактаттың авторы бүкіл әлемге белорустар мен украиндар өздерінің орыс екенін жорта ұмытып кеткен секілді, қазақтың жері олардың жері емес сияқты деп ұялмай жария етті емес пе? Бұл өмірді тек сталиндік лагерьлердің тікенек сымдарының сыртынан ғана көрген адам Қазақстанның шынайы өмірі мен тарихы туралы не білуі мүмкін? Ең жақсы сезімдермен ойнап, бір халықты бір халыққа айдап салу, кем дегенде, адамгершілікке жатпайтын қылық қой деп ойлаймын”.
Өзімнің жеке байқағандарыма қатысты айтсам, сол кезеңдердегі онсыз да күрделі жағдайларға кейбір жергілікті халық өкілдері де өткірлік пен драматизм қоса түсті. Осындай эпизодтарға тән жағдайлардың бірі біздің ана тіліміздің құқын танудың бастапқы кезеңіне қатысты болды. 1989 жылы қабылданған “Қазақ КСР-індегі тілдер туралы” Заңмен қаруланған біз мемлекеттік басқару органдарында нақты қостілділік пен мемлекеттік тілді іс жүргізу және құжат айналымына енгізуге үлкен патриоттық рухани жігермен кірістік. Әрине, оны өзімізден – Президент Аппараты мен Министрлер Кабинетінен бастадық. Бірақ бұл жұмыстар сол кездің өзінде де ұқыпсыз жүргізілді және бүгінде, тәуелсіздіктің 20 жылдық қарсаңында да, алға қойған міндеттерге – яғни, Конституция мен заңнамаларымызда көрсетілгеніндей, тиісті стандарттар мен кондициясына жете алған жоқ.
...Бірде, 1990 жылдың күзінде менің әріптесім, беделді және тәжірибелі қызметкер жергілікті партия-шаруашылық активі мен жұртшылық өкілдеріне Президент Аппараты алған қойған және шешіп жатқан ағымдағы міндеттер туралы айтып, түсіндіру үшін аудандардың біріне шыққан болатын. Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту қажеттігі туралы әңгіме бастағаны сол екен, қол шапалақтап, ысқырып, оны келеке, күлкі еткен. Олар шешенге мансапқұмар-авантюрист ретінде қараған, яғни отырғандардың көздерінен: “Бізге мынау жазған не айтып тұр?” дегендей біржақты таңқалыс айтпай аңғарылған.
Бірақ, барлық қиындықтарға қарамастан, нақ сол 1990 -1991 жылдары еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев іс жүзінде Қазақстанның институттық негіздерін қалыптастырып, болашақ егемендігіміздің іргетасын қалады.
1990 жылдың 25 қазанында “Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы” декларация қабылданды.
Декларация елдің толық мемлекеттік тәуелсіздігі жолындағы мемлекеттік-құқықтық жүйесін одан әрі дамытуды қамтамасыз еткен жас мемлекеттің алғашқы негіз қалаушы заңнамалық актісі болды. Оның үстіне, құжат мемлекеттік билікті заңнамалық, атқарушылық және сот жүйелеріне бөлу қағидатын бекітті. Осы орайда Жоғарғы Кеңес заң шығарушы биліктің айрықша артықшылығын алса, Президент Мемлекет басшысы ретінде – бұйрықты-атқарушылық билікке, Жоғарғы Сот сот билігіне ие болды.
Қазақстан Президентінің сол кезде жұмыс істеген мемлекеттік басқару құрылымдарындағы реформаға бағытталған келесі қадамы да заңды еді. Осыған байланысты 1990 жылдың 20 қарашасында Қазақстан Президенті “Қазақ КСР-індегі мемлекеттік билік құрылымдарын жетілдіру мен басқару және Қазақ КСР Конституциясына (Негізгі Заң) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңға қол қойды. Жаңа заңға сәйкес Вице-президент, Премьер-Министр және мемлекеттік кеңесшілер лауазымдары енгізіліп, Министрлер Кеңесі таратылды және Министрлер Кабинеті құрылды; Президент жанынан консультативті-кеңесші орган – Республика Кеңесі пайда болды. Сондай-ақ мемлекеттік биліктің жергілікті органдары қайта құрылып, олар Халық депутаттарының кеңесі деп аталды. Олардың өкілеттіктері айтарлықтай кеңейтілді.
1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигонының жабылуы, 1991 жылдың 2 қазанында ғарышқа қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің ұшуы мен 1991 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстан Президентінің алғаш рет өткізілген бүкілхалықтық сайлауы тәуелсіздік жолындағы өзіндік бір белес болды. Сол сайлауда абсолютті көпшілік дауыспен Нұрсұлтан Назарбаев ел Президенті болып сайланғаны белгілі. Ал 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігіне қол жеткізді.
1991 жылдың 10 желтоқсанындағы өзінің инаугурациялық сөзінде Нұрсұлтан Әбішұлы жас мемлекеттің алдында тұрған бірінші кезектегі міндеттер ауқымын нақты айқындап берді. Шын мәнінде бұл алдағы 20 жылда елімізді дамытудың шешуші бағыттарын белгілеген стратегиялық бағдарламаға айналды. Осының арқасында бүгінде тәуелсіз Қазақстанды бүкіл әлем танып және құрметтеп отыр.
“Бүгін, екі дәуір шегінде қоғам үшін дағдарысты жағдайларда уақыт факторы аса зор маңызға ие болады. Бұрынғы федерация республикаларындағы өрши түсіп отырған қысымды ахуал, таяу айларда біз бетпе-бет келетін проблемалардың өткірлігі ырғалып-жырғалуға уақыт қалдырмай, жылдам, шешімді және нақты іс-қимыл танытуға мәжбүрлейді.
Қазір әркімге дерлік түсінікті жәйт – тарих бізге өндірістік қатынастарда түбегейлі өзгерістерден басқа таңдау қалдырған жоқ. Бірақ нарықтық экономикаға бет бұрудың орасан күрделі екендігі де баршаға белгілі болса керек. Осы орайда жүзеге асырылып жатқан шаралар бүгінде анық жеткіліксіз. Олардың кейбіреулері шектеулі, келесі біреулері жартыкеш, үшіншілері ескі әміршіл-әкімшіл жүйе қалдықтарының бүлігімен, консервативті күштердің жасырын және айқын тежеулерімен бетпе-бет қалып отыр. Бізге әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру үшін түбегейлі жедел шаралар қабылдау қажет, өйткені, қазіргі кезде дағдарыс өзінің сындарлы шегіне жақындап келеді.
Біздерге бірінші кезекте қандай шараларды қолға алу қажет? Саясатта – бұл билікті нақты бөлумен байланысты қадамдар, яғни атқарушы органдарды басқарудың тиімді жүйесін құруға мүмкіндік беретін вертикалды президенттік құрылым қалыптастыру. Бұл – республика Жоғарғы Кеңесін кәсіби парламентке объективті трансформациялау. Бұл – депутаттар корпусы мен желбуаз жергілікті Кеңестер аппараттарын айтарлықтай қысқарту қажеттігімен байланысты туындап отырған жәйт. Бұл экстремизм мен ұлттық алауыздық ұстанатын партиялар мен қозғалыстардың қызметіне сөзсіз тыйым салу, республиканың аумақтық тұтастығына қарсы бағытталған сепаратизммен қатар, саяси плюрализмге қолдау. Бұл – құқық тәртібін нығайту мен заңдылықты сақтау жөніндегі шешімді іс-әрекеттер. Бұл – мемлекеттік саясаттың негіз қалаушы қағидаты ретінде саяси тұрақтылықтың басымдығы, барлық қазақстандықтардың тең құқылығы негізінде ұлтаралық келісімді сақтау.
Біздің әрқайсымыз өтпелі кезеңнің қиындықтарын – бағаның өсуін, инфляцияны, тапшылықты, өмір деңгейінің төмендеуін өзіміз арқылы сезінудеміз. Айналамыздағы өмір соншалықты жайлы емес. Сайлауалды кездесулерім барысында айтқандарымдай, мен өмір жақсылыққа қарай тез өзгереді деп уәде бере алмаймын және бергім де келмейді. Және де егер мен бұл туралы айтпасам, алдарыңызда шындықтан қашқақтағаным болар еді. Тістеніп, ертеңгі күнге деген сеніммен осылардың бәрінен өтуіміз керек”.
* * *
Алдымызда өмір үшін ауыр күрес, өндірістің құлдырауымен, адам шошырлық жұмыссыздықпен, жаппай тапшылықпен, гиперинфляциямен жапсарласа жүрген дағдарыспен арпалыс, ащы көңіл қалулар мен жарқын жеңістер тұр еді. Мұның барлығы алда болатын.
Ал әзірше Нұрсұлтан Назарбаевқа гүлдермен көмкерілген өмір өрісіне жетуге ерте болатын, өйткені, Қазақстан халқы мен оның көшбасшысына еркін де егемен ұлт ретіндегі әлі де тек өздерінің алғашқы, сондықтан аса қиын, бірақ соншалықты тілекті қадамдарын жасау тұр еді...
Махмұт ҚАСЫМБЕКОВ, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы.