Қоғам • 20 Қаңтар, 2021

Кәсіпкерлердің құқын бұзу дерегі кемімей тұр

201 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет кәсіпкерлердің құқын қорғау бағытында түрлі шара атқарып, заң талабын мейлінше жеңілдетуге жұмылып отыр. Есесіне, іскер топтың қолындағы өндіріс өркендеп, жұмыс орыны көбейіп, шағын және орта бизнес тарапынан экономикаға қосылған үлес те артып келеді.

Кәсіпкерлердің құқын бұзу дерегі кемімей тұр

Өкінішке қарай, қоғамда жеке кәсіпкердің жолын кесетін, ел ішіндегі іскерліктің ілгерлеуіне кедергі келтіретін адамдар да азаймай отыр. Яғни, кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын ұйымдар бизнестің дамуына барынша қарсы болатын кері көзқарастағы топтың барын жоққа шығармайды екен. Және мұндай әректетердің артында жеңұшынан жалғасқан жемқорлық пен жеке мүддені көздеушілердің тұрғаны да жасырын емес. Мысалға, өткен жылы Алматы облысында кәсіпкерлердің құқығын аяққа таптаудың кесірінен бизнес 1,2 млрд теңгеге зиян шеккен екен.

- Былтыр облыстық Кәсіпкерлер палатасы өткен жылы жалпы сомасы 1,2 млрд теңге болатын істің түйінін тарқатуға күш салды. Жалпы, аймақтағы бизнестің түйткілді мәселелерінің қатарында мемлекеттік сатып алулар мен жер қатынастары саласы, мемлекеттік органдардың іс-әрекеттеріне шағымдар, салық, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы әрекеттерді атауға болады. Зерделеп қрасақ, 2020 жылы палатаға кәсіпкерлердің құқықын қорғау желісі бойынша заңды тұлғалардан 233 өтініш келіп түсті, оның сексен сегіз оң шешімін тапты. Жалпы, біздің қолдауымыздың арқасында бизнес құқығы 1,2 млрд теңгеге қорғалды, бұл 2019 жылмен салыстырғанда екі есе жоғары, - дейді облыстық Кәсіпкерлер палатасының басшысы Әсет Шаяхметов.

Бұл мәселені шешуге палата өкілдері үшінші тұлға ретінде қол ұшын созып отыр екен. Мәселен, былтыр заңгерлер сотта «АЛСАД Қазақстан» ЖШС құқығын қорғап,  сотқа жүгінген. Компания соттан мемлекеттік органның әрекетін заңсыз деп тануды және 2020 жылғы наурыздан мамырға дейін тағамдық тауық жұмыртқасы өндірісінің құнын арзандатуға өтінімдер қабылдау және субсидиялар төлеу арқылы бұзылған құқықтарды қалпына келтіруді талап еткен. Азаматтық істі қарау қорытындысы бойынша сот кәсіпорынның 56 млн теңге көлеміндегі талап-арызын қанағаттандыру туралы шешім шығарыпты. Сондай-ақ, палата сарапшыларының қатысумен 243 нормативтік-құқықтық актілер қаралып, тиісті шешімін тауыпты.

Жалпы, өткен жылы Алматы облысында 16 мыңнан астам кәсіпкер сервистік қызмет мен кеңес алған екен. Оның ішінде бизнесті қаржысыз қолдау бағытындағы жұмыс қарқынды жүріпті.

- Біз былтыр өңірдің 16 мыңнан астам кәсіпкеріне 17,5 мың сервистік және консультациялық қызмет көрсеттік. Кәсіпкерлер негізінен жеке кәсіпкерлік ашу, бизнес-жоспарды әзірлеу, бухгалтерлік есепті тапсыру сияқты қызметтерге көп жүгінді. Кәсіпкерлер палатасының араласуымен 1,3 мың жоба мемлекеттік қолдау құралдары аясында қаржыландырылды. Сондай-ақ, біздің менеджерлеріміз жалпы сомасы 50 млрд теңгеге жуықтайтын 529 бизнес-жоспар әзірледі. Оның ішінде 5,2 млрд теңгенің 153 жобасы іске асты, - дейдіАлматы облыстық Кәсіпкерлер палатасының басшысы Әсет Шаяхметов.