Аймақтар • 20 Қаңтар, 2021

Жақынына жанашыр болған жетісулықтар

273 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы облысында «Жақыныңа жанашыр бол» деген бастама аясында бірқатар жағымды іс атқарылды. Әсіресе, өткен жыл соңында мұқтаждарға жәрдемдесу мақсатында әр аудан, қалалардың өз мүмкіндіктеріне қарай көмір мен отын сатып әперу, азық-түлік жағынан көмектесу, балаларға жаңа жылдық сыйлықтар беру, көп балалы және аз қамтылған отбасы балаларына қыстық киімдер, оқу құралдарын әперу, бір реттік қаржылай қолдау сияқты бірқатар қолдау шаралары жүзеге асқан.

Жақынына жанашыр болған жетісулықтар

Мысалы, Қапшағай қаласында 1600 отбасына қажетті жәрдем берілді. Мұндай көмекті негізінен меценаттар мен кәсіпкерлер бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында көрсеткен. Оның ішінде демеушілердің қаржысына 700 көп балалы және аз қамтылған отбасына жалпы сомасы 5 млн 325 мың теңгеге азық-түлік берілген. Тағы 55 отбасыға 1 млн 540 мың теңгеге көмір түсіріп берген. Сол сияқты кәсіпкерлер мүмкіндігі шектеулі 700 балаға құны 2 млн 100 мың теңге болатын арнайы сыйлықүлестіріпті. Ал «Мейірімді адамдар» қайырымдылық шарасы шеңберінде тағы 200 отбасыға құны 2 млн теңге болатын азық-түлік пакеттері таратылған. Жалпы Қапшағай қаласы бойынша былтыр 11 млн теңгеге жуық қайырымдылық шарасы жүзеге асыпты.

Бұл игі дәстүр Көксу ауданында да жалғасып, мұқтаж адамдарға 2 млн. теңгеден астам сомаға қайырымдылық көмегі көрсетіліпті. Тиісті жәрдемге 72 отбасы қол жеткізген. Бұл ретте өңір меценаттарының көрсеткен қолдауы зор. Оның ішінде қалталы азаматтар бірігіп, Мұқаншы ауылындағы көпбалалы отбасына 1 млн теңгеге үй сатып әперген екен. Мұнан бөлек, ауданда демеушілердің қаржысына 41 аз қамтылған отбасыға жалпы сомасы 500 мың теңгеге азық-түлік беріліп, 40 отбасыға 550 мың теңгеге отын түсірілген.

Ал Ұйғыр ауданындағы  «С.Абылай» шаруа қожалығының жетекшісі Сырым Жомартұлы Тасқарасу және Шарын елді мекендерінің орта мектебі мен ауруханасына қажетті құрал-жабдықтар сатып алып берген. Бұл тізімде 3000 бетперде, диспенсерлік жабдық, термометр,  залалсыздандыру сұйықтығы мен   медицикалық қолғап сияқты қажетті құралдар бар. Сонымен қатар, тұрмысы төмен 25 отбасына көмір түсіріп беріпті.

Жалпы, осы бастама бойынша облыстың барлық өңірі белсенділік танытыпты. Ал қайырымдылық шарасына бюджеттен 46 млн теңге, ал демеушілердің қаражатынан 272,4 млн теңге қаржы жұмсалыпты. Нәтижесінде, аймақта 18 мыңнан астам адамға нақты көмек көрсетілген екен.