Өнер • 17 Қаңтар, 2021

Жастардың арманын орындаған өнер бәйгесі

406 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «Uly Dala Jastary» атты III Республикалық жас хореографтар байқауының қорытындысы шықты.Сайыстың жеңімпаздары Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына шығармашылық емтихансыз қабылдану мүмкіндігіне ие болған. Шараның мақсаты да сол Қазақстанның әр өңірінен әлеуетті, талантты жастарды тарту, олардың шыңдалуына қолдау білдіру.   

Жастардың арманын орындаған өнер бәйгесі

Аталған білім ордасының «Хореография» факультеті ұйымдастырған өнер бәйгесі карантиндік шектеулермен байланысты онлайн форматында өткен. Конкурсқа қатысушылардың барлық жұмыстары тәуелсіз төрағаның басшылығымен жоғары білікті қазылар құрамымен қаралып, бағаланған. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық хореография академиясының профессоры А.Т.Алишева қазылар алқасының төрағасы болса, қазылар алқасының мүшелері өнер ошағына айналған Жүргенов академиясының белді ұстаздар қауымынан құралған.

«Uly Dala Jastary» биыл үшінші мәрте жалғасын тауып отыр. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған байқауды пандемия жағдайларына байланысты, карантиндік шектеулерді сақтай отырып, онлайн форматында өткізуді құп көрдік. Бұл біз үшін үлкен тәжірбие болды. Осы тұста, талантты жасқа серпін беретін осы бастаманың негізгі қолдаушысы болған академия ректоры Абдуалиев Ақан Жылқышыбайұлына алғысымызды жеткізгім келеді. Және экранның арғы жағынан болса да, барын салып, бойындағы  дарынын көрсетуге тырысып баққан қатысушыларға да шынайы тәнті болдық», - дейді хореография факультетінің деканы Дмитрий Сушков.

Байқауға қатысу үшін үміткерлер 7 қаңтарға дейін өз өтінімдерімен қоса материалдарын ұйымдастырушылар алдын ала хабарлаған мекенжай бойынша жіберген. Айта өтейік, қатысушылар 2 айналым бойынша бақтарын сынады. Байқаудың жұмыстары 11-13 қаңтар аралығында қаралған. Сонымен, байқау нәтижелері төмендегідей:

«Хореография педагогикасы» дайындық бейіні бойынша:             

  • 1 орын – Бейбітова Аяжан Қуатқызы (Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі)                
  • 2 орын - Уахитова Гүлнұр Еркінқызы (Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжі) .                                 

 «Қазіргі заманғы хореография педагогикасы» дайындық бейіні бойынша»:

  • 1 орын – Дүзелбек Нұрдана Ермекбайқызы (Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжі)                                       
  • 2 орын - Тұрысбекова Сая Ерікбекқызы ( М.Төлебаев атындағы музыкалық училищенің түлегі)
  • 3 орын – Ғұмар Диана Маратовна (Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжі)

 «Балетмейстерлік өнер» дайындық бағыты бойынша»:

  • 1 орын – Жаксылыкова Аида Мауленовна (А. В. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің түлегі) 

Сондай-ақ, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қолға алынған іс-шаралардың легі жалғасады. Ол академия жоспарына еніп отыр.

Расында, мәдениеттің тарихи датаның маңызын ұғындыруға, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерін ұялатуға қауқары жететіні анық.