Қазақстан • 20 Қаңтар, 2021

2020 жылы қазақстандықтар қанша алтын құйма сатып алды

320 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2020 жылы қазақстандықтар екінші деңгейлі банктерден және банктік емес жеке айырбастау пункттерінен жалпы салмағы 890 кг болатын 21 099 өлшенген құйма сатып алды. Осылайша, 2019 жылмен салыстырғанда өсім 34%-ке жетті. 2017 жылдан бастап жалпы салмағы 1,57 тонна 42 579 алтын құймасы сатылды, деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

2020 жылы қазақстандықтар қанша алтын құйма сатып алды

Алтын құймалардың бес түрі бар: 5, 10, 20, 50 және 100 грамм. 2020 жылы сатып алушылар арасында сұранысқа ие болғаны – 100 г құйма болды. Сатылған барлық құйманың ішіндегі оның 2020 жылдағы үлесі 28% – 5 859 дана. Одан кейін 20 грамдық – 5 634 дана (27%) және 10 грамдық құйма – 4 994 дана (24%), 50 грамдық құйма – 2 622 дана (12%), 5 грамдық құйма – 1 990 дана (9%).

Құймаларды сатып алу жағынан Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалалары көш бастап тұр. Бағдарлама іске қосылған сәттен бастап кері сатып алуға жалпы салмағы 3,4 кг 131 құйма қабылданды. Оның басты себебі – алтын құймалар ұзақ мерзімді инвестициялау мен жинақтау құралы болып табылатындығында. Алтын құймалар сенімді инвестициялық құрал бола алады. Алтын құймалар нарығының өтімділігін қамтамасыз етудің негізгі факторы банктер мен банктік емес айырбастау пункттерінің құйма сатып алушыға сол күні ақша төлей отырып, кері сатып алу мүмкіндігін бере алғанында болып отыр.

Әр құйма қорғаныс элементтерімен (құймалардың айна бетімен, микротекстпен және рельефті жиекпен) және құймаларды механикалық зақымданудан қорғайтын және пакеттің ашылған-ашылмағанын тексеруге мүмкіндік беретін арнайы қаптамада шығарылатынын еске саламыз. Сонымен қатар қорғаныс қаптамасы құйманың сапа сертификаты болып табылады. Сондықтан құйманы ұқыппен сақтап, ораманы ашпаған жөн.