Руханият • 21 Қаңтар, 2021

Кремльдегі жайнамаз

2418 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Бұл оқиға бұдан жиырма жыл бұрын болған-ды. Бәрі күні кешегідей ойыма оралып, көкірегімде сайрап тұр. Тоқсаншы жылдың орта кезі. Бөлмедегі телефон сылдыр етті. Көтердім, бас редактор Жақсылық Рахмутулла екен. Сәлемдесіп жатыр.

Кремльдегі жайнамаз

– Маған соғып кетіңізші, Қай­реке. Қайсыкүні кезекші болған едім, газеттен қате кетіп қалды ма деп жүрегім дүр­­сілдей жөнелді. Жоқ, редакторым жай­­дары, биязы қалпымен әңгіме шерте бастады.

– Әлгі әзірде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қабылдауынан кел­дім. Мәселе былай, қалам алыңыз, тың­дай беріңіз?!

Әкім:

– Ақын Әбділда Тәжібаевтың көзі көруден, аяғы жүруден қалыпты. Жүдеу көрінеді. Халін білуіміз ке­рек. Қандай көмек керек, неге зәру? Қазақтың Әбділ­дасы ғой ол. Сырдың біртуар перзен­ті. Сырды, дала академигі Ыбырай Жа­қаев­ты, Мөрәлі Шәменовты төгілте жырла­ғаны кімнің есінде жоқ. Неміс ақы­ны Гейне Рейнесін жырласа, мен Сырда туған Сырдарияны неге жыр­ламаймын деп мінбеге талай көтерілгені бар. Бір журналисті жібер­сеңіз дұрыс болар еді. Бұған кім­ді қалайсыз, Жақсылық? – депті.

– Журналист Қайырбек Мырзах­метұлы дұрыс болар...

– Дұрыс, қосыламын. Ақынмен әңгі­­ме­­лессін. Содан соң болған жайды ай­ты­ңыз, – депті Бердібек.

Алматыға суыт іс-сапар басталды. Ер­теңіне дереу ұшаққа билет алып, жолға шықтым. Ойым отыз бөлек. Қайдан іздеймін, ақынды табу қиын болмаса болар еді деп толғанып келемін. Сұрақты қалай бастаймын, ақынға әкімнің лебізін жеткізуге шеберлік керек. Бірден «неге зәрусіз?» десем ақынның ка­һа­рына ұшы­рап кетемін бе дегендей ойдың құрса­уына түскендей күй кешіп келемін. Ақын Мұқағали айтқандай, Әбділда ақын патша Иван Грозный ғой, таяқ қай жерге тиер деп ойға түстім.

Алматыда байырғы баспагер, журналист Серік Әбдірайымұлы деген азамат бар. Бұрыннан таныспыз. Сол азаматты тауып алайын деген шешімге кел­дім. Қойын дәптерімде кеңсе телефоны бар болатын. Алматыда ұшақтан түсе, так­силетіп, қонақүйге келіп, жайлы бөлмеге орналастым. Содан Серікке телефон соқтым. «Санат» баспа үйінде екен. Үстінен түстім, аман-саулықтан соң сапар мақсатын баяндадым.

– Ақын Әбділданы үйінен таппайсыз. Ол кісі көптен саяжайда, мен бір-екі кездесіп, халін білгенім бар. Қазір бірге барамыз. Сыртқа шығып тұрыңыз.

Бағытымыз – ақын саяжайы. Серіктің қызметтік «Волгасымен» Алматыны қақ жарып келеміз. Саяжай Алматының бір қиырында болар деп ойлаған­мын. Жоқ, Алматының қақ ортасында болып шықты. Саяжай деген қала шетінде болушы еді, бұл қалай?

– Ақын саяжайы Тайманов көше­сін­де екен. Бұл жер бір кезде жағалай бау-бақшалық болған. Алматы маңайы жаға­лай колхоз еді. Қазір бір-бір микроаудан, – деді Серік. – Уақыт шіркін бәрін өзгер­теді ғой, Қайреке?!

– Келдік, маңай жасыл желекке оранып тұр. Есік алдынан бір әйел шықты.

– Ақын Әбділда атаның саяжайы ма, қарағым?

– Иә, аға!

– Сіз кім боласыз?

– Мен ақынның саяжайындағы күзет­шімін, үй сыпырушымын.

– Ақын үйде ме?

– Үйде. Сіздерді кім келді дейін.

– Қызылордадан журна­лист Қайырбек деген азамат деңіз. Қасында баспагер Серік Әбдірайым­ұлы деген журналист бар деңіз.

Есік қақтық.

– Кіріңдер! – деген ақын дауысы күн­дей күркіреп естілді. Сәлем бердік, өзі­мізді таныстырдық. Ақын менен гөрі Серік Әбдірайымұлымен шүйіркелесіп отырды.

– Уа, қарағым, айналайын Се­рік екен­сің ғой. Димаштың – Қо­наев­тың қасы­нан қалмай жүрген азаматсың. Әй, бәрінен хабарым бар. Адам түгілі ат үркер кезінде ту­ған інісіндей қасында жүрдің, сескен­бедің. Димаштың талай кітабын құрастырдың. «Д.Қонаев», «Елу жыл ел ағасы» атты кітаптары – на­ғыз шежіре ғой. Сұхбаттарыңды сүйсіне оқығанмын, айналайын Серік, қаламың ұшқыр. Атаң қазір оқудан, көз көруден, аяқ басудан қалды. Даланы серуендеу мұң. Көз­көргендерден Әбдіжәмил, Әлжаппар ғана келіп тұр. Ұл-қыздарым бір-бір шаңырақ. Шүкір бәріне. Ал, мына қасыңдағың кім?

– Әбеке, мен Қызылорда облыс­тық «Ленин жолы» газетінің қызмет­ке­рі­мін. Атым – Қайырбек, әкемнің аты Мырзахмет. Сізге облыс әкімі Сапар­баев халін біл деп арнайы жі­берді. Сұхбат­тасуға келдім.

– Уа, айналайын Бердібекжан-­ай! Менің жайымды біреу жеткізген ғой. Саламат болсын. Ағасы ешнәрсеге зәру, мұқтаж емес де. Баяғы көкіректі жарып шығар өлең жоқ. Дауыл бар, екпін жоқ, найзағай бар, жарқыл жоқ, толқын бар, ағысы жоқ дария­даймын...

Жазған кітаптарыма қаламақы ке­ліп жатыр. Зейнетақым жетерлік. Мен өзім қол жоюға жоқ адаммын. Ақы­нын іздейтін Бердібектей азаматтар кө­бей­гей, көп жасасын. Ағасы Әбділ­да бая­ғыдай бұрқыратып өлең жазудан қал­ған, жапырағы түскен бұтадай де. Алла қуат беріп жатса, туған жерімді – Сыр­дарияны, Қараөзекті бір шарлап қайт­сам деп отырмын. Ұлым Рүстем кө­лігі­мен серуендетем деп уәде беріп тұр. Адам арманға тоймайды ғой, қа­рағым?! Ажал­ға сабыр берсе туған жерге бір аунап, қайтсам ғой, шіркін-ай!

Ақын біраз сыр ағытты. Берді­бекке деген шынайы ықыласын төгілтті. Заман­дастары жайында ес­­телік айтты. Анасы Айманкүл, сү­йік­ті жары Са­раны аузынан тастамай отырды. Содан соң ғасыр Гомері – Жамбылдың қасында көп жыл жүрге­нін, жырларын кітап етіп шығарғанын, бұған Қал­қа­ман, Тайыр, Ғали, аудармашы Па­вел Кузнецовтің, Қасым еңбе­гін тізбектеді. Бәрін ұмытпаған ақын­ның қабілеті таңыр­қатты.

– Жамбыл даңқы қалай шықты, Әбеке? – деді Серік.

– Бұл ұзақ әңгіме. Сұрадың ғой, айтайын.

– Нарком Темірбек Жүргенов маған телефон соқты. Мен ол кезде халық-ағарту комиссариатында қызмет атқаратынмын. Парижден Мирзоян телефон соқты, деді Те­ме­кең. Өз ойын алдымен Ораз Исаев­қа айтыпты. Қазақ ақын ха­лық дейсіз­дер. Бұл рас болса, ал­дағы Мәскеудегі декадаға бір қарт ақын апармай болмайды. Біздің мәртебемізді, қазақты ақын көтереді. Сүлейман Стальский сияқты бір қарт табыңдар. Ораз мұны маған тапсырып еді. Мен мұны саған тап­сырғалы отырмын. Кім лайықты?

– Жамбылдан қолайлысы жоқ!

– Дәл таптың, іске кіріс, Әбділда! – деді Нарком.

Ұзынағашта тұратын Жамбылды та­уып алып, Мәскеудегі декадаға әзірледік. Өлең-жырларының тігісін жатқызуға шық­тық. Бұған білек сыбана еңбек еткен Ғали, Қалқаман, Тайыр, содан соң мен болдым. Төгі­ліп тұрған, тұнып тұрған жыр. Тоқ­санға бет бұрса да домбыра шер­тісі мүлдем бөлек. Содан соң арада бірер ай өтті.

Мәскеудегі онкүндікке пойыз­бен бес күндей жол жүрдік. «Прав­да» газеті Жамбылдың суре­ті­ мен өлеңдерін жа­риялады. Мәскеу­лік­тердің қолында газет. Тұс-тұстан «Жамбыл, Жамбыл»! – де­ген қоше­меттен құлақ тұнады.

Декада соңында Сталиннің қа­был­дауында болдық. Көсем Жам­былға бас изеп, пейіл байқатқандай болды. Қабыл­дау бітті. Жамбыл қа­былдаудан шығар кезде:

– Сталин қонаққа шақырады де­ген­дерің қайда, үйіне бір күн қонбай кетеміз бе? – деп қарап тұр. Бәріміз ду күлдік. Содан кейінгі тағы бір қызықты оқиғаны ұмытып барады екенмін, есте­ріңде болсын.

Бір ғажабы, декада күндерінде Жам­был бес уақыт намазын қаза жібермеді. Кремльдің кең сарайында жайнамазын жазып беріп, намаз оқып болғанша қасында тұрғанымыз бар. Бұл да сол уақытта сәл ерсілеу көрінген болар, кө­семге бұл хабарды суыт жеткізді дегенді де естіп жаттық. Бірақ көсем тоқсанға келген адамға тимеңдер, намазын оқыса оқи берсін деп кері қайтарыпты деген рас-өтірігі аралас әңгіме жел­дей ескенін құлағымыз естіді. Декадада Жамбыл мәртебесі одан әрі биіктеді. «Ленин» орденімен награтталды. «Декада» қалай өтті деген сауалымызға Патшалардың 300 жылдығынан кем болмады деп домбырасын шертумен болды.

Ұлы Жамбылдың Мәскеудегі декада кезінде Кремль сарайының төрінде намаз оқығанына ақын-жазушылардың талайы әңгіме, естелік, жыр арнағаны ойға орала береді. Ақын Тұрсынай Оразбаева­ның «Дана Жамбыл бір дара» атты өлең шумақтарында сол бір сәтті қайталап тұр­ған секілді көрінді. Зер салып көрелік:

 Не ғажаптар болмаған бұл өмірде,

Жамбыл намаз оқыпты Кремльде.

Сол кездің тәртібінен тайсалмаған,

Батырдың оты бар ма жүрегінде?!

Жеткізіп жыр-сәлемін, тойға назын,

Төгілтіп домбырасы майда сазын.

Атқарып өз кезегін болған Жәкең,

Жайыпты бір бұрышқа жайнамазын.

Үйренген құрақ ұшып сұсты өмірге,

Басшыға сан бүгілген қысқа күнде.

Көмекші қызметкері есі шығып,

Бұл жайды жеткізеді Сталинге.

 

Жымиып миығынан күліп мұртты,

– Жайына қалдыр, – деді үрікпе сен,

Намазын оқып болса, жайлап сұрап,

Не қажет екендігін біліп кел, сен...

Тимеңдер, құрметтеңдер, аялаңдар,

Бұл қартты теңемеңдер жай адамға.

Көрмеген рақатын көрсін енді,

Тоқсаннан жүзге жасы таянғанда.

Өмірі – тұнған тарих,

Өнері – жыр,

Жырымен көңілдерге себеді нұр.

Дарыны, даналығы дариядай,

Жиырмасыншы ғасырдың

Гомері бұл!

Ақын Әбділда Тәжібаевпен кездесу, сол бір іссапар естен кетпейді. Бұл жайында кезінде облыс әкіміне қаз қалпын­да баяндағанымыз бар. Әкім сонан соң өзінің мейірім шуағы мен шапағатын көрсеткені өз алдына бөлек әңгіме.

 

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі