Әлем • 21 Қаңтар, 2021

АҚШ президенттері несімен ерекшеленеді?

992 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгін АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Джо Байденнің инаугурациясы өтеді. Билікті бейбіт түрде тапсыру – Америка демократиясының негізгі өлшемі. Сондықтан оған үлкен саяси мән беріледі. АҚШ тарихында президентке импичмент жарияланған кездер де болған. Оған іліккен президент экс-президентке берілетін артықшылықтар мен құрметтен айырылады.

АҚШ президенттері несімен ерекшеленеді?

Импичмент мәселесі көтерілген соң Трамп жеңілгенін мойындап, президенттік билікті Джо Байденге тапсыруға келісім берді. Ол – АҚШ-тың 46-шы президенті.

АҚШ – тарихта президенттері көп ел. Бүгінгі таңда көзі тірі экс-прези­денттері де көп. Джимми Картер, Билл Клинтон, Джордж Буш (кіші), Барак Обама саясатта әлі де белсенді. Олар­дың бәрі Трамптың саясатын сынауда.

Вашингтон, Джефферсон, Линкольн, Рузвельт сынды президенттердің билігі тұсында Американың беделі зор бол­ған. Бұл кезең – өсу, гүлдену дәуіріне жатқызылды.

АҚШ президенттерінің қайсысы сайлауда көпшілік дауыспен жеңіске жеткен дегенге келсек, 1876 жылы Рат­форд Берчард Хейз, Бенд, 1888 жылы Гаррисон және 2000 жылы Джордж Уокер Буш (үлкені) мүмкін болған жоғары дауыспен жеңіске жетіпті.

АҚШ президенттерінің бәрі бай болмаған. Көпшілігі кедей отбасында дүниеге келген. Эндрю Джонсон (1865-1869), Джеймс Абрам Гарфилд (1881) және Авраам Линкольн (1861-1865), Биль Клинтон (1946) – ең кедей отбасынан шыққандар. Америкада адамдардың қай ұлтқа жататыны, әлеуметтік тегі маңызды емес. Бұл ретте сөзіңе сендіру, халықты өз жағыңа тарту мәселесі маңызға ие.

АҚШ президенттерінің ғылыми дәрежесі есепке алынбайды. Әйтсе де, Уильям Хауард Тафт (1909-1913) пен Томас Вудро Вильсонның (1913-1921) ғылыми дәрежелері болған. Екеуі де – заңгер-доктор. Алайда олардың академик, профессор атақтары болмаған.

Президенттік билікте ең ұзақ болған Франклин Делано екен. Рузвельт (1933-1945) – үш толық мерзімге АҚШ пре­зиденті болған тұңғыш саясаткер. Ал ең қысқа мерзімге президент бол­ған – Уильям Генри Гаррисон. Ол 1841 жылы нөсерлеп жауған жаңбырға қарамастан, екі сағаттық инаугурация кезінде тапжылмай тұрғандықтан, суық тигізіп алған. Ол президенттік билікке кіріскеннен кейін 32-ші күні өкпеге тиген суықтан қайтыс болған.

АҚШ-тың 11 президенті – әскери ортадан шыққан генерал шенділер. Олардың қатарында – Джордж Вашинг­тон, Эндрю Джексон (1829 – 1837), Уильям Генри Гаррисон, Закари Тейлор (1849-1850), Франклин Пирс (1853-1857), Симпсон Грант (1869 -1877), Ратфорд Берчард Хейс, (1877-I88I), Джеймс Абрам Гарфильд (1881), Честер Алан Артур (1881-1885), Бенджамин Гаррисон (1889-1893) және Дуайт Дэйвид Эйзенхауэр (1953-1961) бар.

Америкалық президенттердің инаугурациялық сөздері қарапайым болып келеді. «Мен» есімдігін инау­гурациялық сөзінде қолданбаған жалғыз президент – Теодор Рузвельт. Авраам Линкольн, Франклин Делано Рузвельт және Дуайт Дэйвид Эйзенхауэр таққа отырар салтанат сәтінде «мен» сөзін бір-ақ рет қолданған.

Америкалық саясаткерлердің ішінде жоғары мемлекеттік лауазымдарды сайланбастан атқарған саяси тұлға да бар. 1973 жылдың қазан айында вице-президент Спайро Агнудың отставкаға кетуіне байланысты өкіл­дер палатасындағы республикалық көшбасшы Джеральд Рудольф Форд вице-президент болып тағайындалды. Сол жылдың желтоқсан айында бұл ұсынысты АҚШ Конгресі мақұлдады. 1974 жылы тамызда Джеральд Рудольф Форд Ричард Никсонның отставкаға кетуіне байланысты автоматты түрде АҚШ президенті болып іске кірісті. Осылайша, Джеральд Рудольф Форд вице-президент және АҚШ президенті лауазымдарын сайлаусыз-ақ атқарды.

Вашингтонның орталығындағы классицизм стиліндегі ғимарат – 1800 жылы АҚШ президенттерінің резиденциясына айналды. Олар бұл ғимарат­ты 1809 жылы «Ақүй» деп атап кетті. Бұл ғимарат жақын маңдағы қызыл кірпіштен салынған ғимараттармен салыстырғанда, сұлбасы аппақ болып көрінеді. Сондықтан президент Теодор Рузвельт 1902 жылы ғимаратқа ресми түрде «Ақүй» атауын берген.

АҚШ-та тыйым салу туралы заңның бастамашысы президент болған. 1919 жылы АҚШ Сенаты президент Вудро Вильсонның ветосына қарсы алкоголь (құрамында 0,5 пайыздан астам алкоголь бар) сусындарды өндіруге, тасымалдауға және ішуге тыйым салатын «құрғақ» заң қабылдайды. Сол заңның бастамашылары алкогольды әлеуметтік зұлымдықтың қайнар көзі деп санайтын ықпалды діни бірлестіктер­ден шыққан. Алайда заңды сақтау мүм­кін болмаған. Америкалықтар оны әр­түрлі жолмен айналып өтуге тырыс­қан. «Құрғақ» заңның енгізілуінің негізгі нәтижесі алкогольды жасырын өндірудің кең таралуына, жасырын дүкендер мен барлардың пайда болуына жол аш­қан. Қылмыстық синдикаттар заңсыз алкоголь саудасында үлкен капитал жинаған.

Мемлекеттік атрибуттар сол елдің мінезін, қауқарын білдіреді. АҚШ-тың негізін қалаушылардың бірі – Бенджамин Франклин жаңа мем­лекет­тің елтаңбасында бүркіт емес, күр­кетауықты бейнелеуді ұсын­ған. Бірін­шіден, бүркіттер бүкіл әлем­де кез­деседі, ал күркетауық – таза амери­калық құс. Екіншіден, Франклин атап өткен­дей, «бүркіттің моральдық қасиеттері күмәнді, өйткені ол жырт­қыштықпен өмір сүреді».

АҚШ Қарулы күштерінің құрамы генерал президенттерден гөрі Джон Кеннедиге ерекше құрметпен қарайды. Ол денсаулығы нашар болғандықтан, әскери қызметке жарамсыз деп таныл­ған. Бірақ әкесінің (сол кезде Ұлы­британиядағы АҚШ елшісі)  ықпа­лын пайдаланып, 1941 жылы флот құра­ма­сына жазылып,  жапондарға  қарсы тор­педалық қайықтың командирі болған.

АҚШ-тың  жаңадан сайланған  пре­зиденті Джо Байден – Барак Оба­ма­ның тұсында вице-президент болып, сая­саттың сан қырлы жолдарынан өткен тұлға.

 

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ,

журналист