Пандемияның қай салаға болсын салқынын тигізгені белгілі. Мұның барлығы сайып келгенде экономиканың құлдырауына әкелді. Туризм саласының биылғы жоғалтқаны туралы айтуға ауыз бармайды. Мамандар соңғы жылдары кеңінен құлаш жайған сала 2020 жылы 1 трлн доллар табыстан айырылғанын айтып отыр. 2019 жылы туризм саласының бір жылдық табысы 1,5 трлн доллар болғанын ескерсек, бұл көрсеткіш индустрияға ауыр тигені сөзсіз. Одан бөлек 100 млн адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Бұл әсіресе туризм арқылы күн көріп отырған елдердің жағдайын күрделендіріп жіберген-ді. Жаңа жылда жағдай өзгереді деген бір үміт болып еді. Былтырғыдай емес, індетпен күресу үшін вакцина әзір, қауіпсіздік шараларын да әбден жетілдіретін кез болды. Десе де індеттен қорғанымыз деп шекарасын тарс жапқан елдер әлі бар. Ұлыбританияда коронавирустың жаңа штаммы тарағалы бері өзге мемлекеттер секем алып, былтырғы сценарийді қайталамаудың жайын жасап жатыр. Ал Ұлыбритания Қытайдың кебін киді. Жыл басынан бері 40-тан астам мемлекет британ азаматтарын қабылдаудан бас тартып отыр.
Ал Аустралия тіпті биылдың өзінде шекарасын толық ашпайтынын мәлімдеді. Денсаулық сақтау өкілдері ел тұрғындары жаппай вакцина алғанымен, қауіптің сейілмейтінін алға тартты. Сонда сарапшылар айтқандай, індеттің салдары алдағы бірнеше жылға созылатыны анық болып тұр. Бұл жағдайда не істемек керек? Аустралия секілді шекараны жартылай жауып, қозғалысты шектейтін жоспар барлығында бірдей бар деп айту қиын. Өйткені сыртқы әлеммен байланыс үзілген бірнеше айда бірқатар сала тұралап қалатыны белгілі.
Жалпы, саяхатшылардың күрт төмендеуін дамыған елдер экономикасы бірінші сезінген екен. Жылда шығыстан батысқа ағылған туристердің санында шек жоқ еді. Әсіресе Қытай тұрғындары Еуропа, АҚШ-қа сапарлағанды құп көретін. Уханда белгісіз вирус тараған күннен бастап Қытай елінің азаматтарын ешкім құшақ жайып қарсы алмайтын болды. Ендігі кезек Ұлыбританияға келді. Қос ел азаматтарының орнында кез келген мемлекеттің тұрғындары болмасына кім кепіл?
Зерттеушілер бұл әдістің тиімділігіне күмәнмен қарап отыр. Олардың айтуынша, халықаралық саясатқа шектеу қою мен шекара жабу әдістері пандемияның алғашқы кезеңінде пайдалы болғанымен, кейінірек тиімсіз екенін көрсеткен. Олар мұны бастапқыда вирустың таралуын шектеу үшін дұрыс болса, кейін дүние жүзіне тарап кеткен соң бұл әрекеттің еш пайдасы болмайды деп түсіндірді. Мәселен, Гонконг университетінің Денсаулық сақтау экономисі Карен Грепин шекараны жауып, саяхатты шектеу – бұл әрекеттің әлеуметтік және экономикалық салдарына тұрмайды деген пікірде. Жалпы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19-ды жаһандық пандемия деп жариялағанда шекараны жабу туралы кеңес бермегені белгілі. Алайда мемлекеттердің көпшілігі кезек-кезек қатаң шаралар енгізе бастады.
Торонтодағы Йорк университетінің халықаралық заңгері және эпидемиологы Стивен Хоффман бүкіл әлем үкіметтері ай сайын әлемдік экономикаға шамамен 400 миллиард доллар шығын келтіретін мұндай әрекетке барады деп ойламағанын айтады. Технологияның қарыштап дамып, әуе қатынасының дәл бүгінгідей ілгерілеген шағында жабық шекара туралы ой ешкімнің басына келмегені анық.
Жағдай осы. Енді оның салдары қалай болмақ? Алғашқысы жаһандық экономикалық дағдарыс арқылы көрінді. Оның бұдан бөлек білім беру, туризм, денсаулық сақтау, көші-қон салаларына қалай әсер ететіні белгісіз. Оны талдау мен зерделеуге әлі де уақыт керек екені анық.