Бүгінде Шу ауданында асыраушы салаға мемлекеттің қамқорлығымен лайықты көңіл бөлініп, тиісті шаруалар атқарылуда. Мәселен, ауыл шаруашылығына былтыр барлығы 1 млрд 853 млн 419 мың теңге бөлінген. Оның ішінде «Шу – несие» серіктестігі арқылы 431 млн 839 мың теңге тартылған. Нәтижесінде, жергілікті жұртшылықтың кәсіппен айналысып, жағдайын жақсартуға мүмкіндік жасалуда. Бұл ретте ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің өз қаражаты 254 млн 380 мың теңгеге жеткен. Ал жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша 512 млн 200 мың теңге қарастырылса, «Ауылшаруашылық қаржылай қолдау қорынан» 240 млн теңге бөлінген. Мұның бәрі де ауылда тұрып жатқан азаматтар үшін айтарлықтай мүмкіндік болып отыр.
Шу ауданы әкімінің орынбасары Әлихан Балқыбеков аудандағы жетекші саланың жай-күйімен таныстырды. Оның айтуынша, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған барлық қолдау қарапайым тұрғындардың табысын арттыруға, жағдайын жақсартуға бағытталған. Осы мақсатта кәсіппен айналысуға ниеті бар жергілікті азаматтар үшін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан 415 млн теңге несиелендіріліпті. «Тартылған қаражатты пайдалана отырып, ауданның ауылшаруашылық тауар өндірушілері тарапынан 50 млрд 151 млн 400 мың теңгенің өнімі, оның ішінде егін шаруашылығы бойынша 35 млрд 316 млн теңгенің, мал шаруашылығы бойынша 14 млрд 728 млн теңгенің өнімі өндірілді. Күздік бидайдан 36 926 тонна өнім түсті. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 783 тоннаға артық. Сондай-ақ арпа 5 995 тоннаға артық орындалып, 56 427 тонна түсті. Өткен жылы шаруашылықтар арпаның егіс көлемін 1 600 гектарға ұлғайтты. Сол сияқты дәндік жүгеріден 12 439 тонна алынды», дейді Ә.Балқыбеков.
Сонымен қатар ауданның Белбасар ауылындағы «Қызылша» ЖШС 397 гектарға жаңбырлатып суару технологиясын қолдану арқылы жоғары өнімдерге қол жеткізген. Қазіргі кезде әр гектарынан 110 центнерден өнім алып отыр екен. Жалпы, Шу ауданында қант қызылшасын өсіру белсенді қолға алынуда. Өткен жылы 725 гектар жерге тәтті түбір егілген. Мәселен, «Қызылша» серіктестігі 300 гектар алқапқа қант қызылшасын егіп, әр гектарынан 500 центнерден аса өнім алыпты. Бірақ мұнда айта кететін бір мәселе – «Меркі қант зауыты» мекемесі аталған серіктестікке 131 млн теңге қарызын төлемеген. Осының салдарынан «Қызылша» шаруашылығы арнайы қант қызылшасын егуге деп дайындалған 700 гектар жерге дәндік жүгері мен жаздық арпа себуге мәжбүр болған. Соңғы мәлімет бойынша аталған серіктестік тәтті түбірді енді 25 гектарға ғана орналастырып, 1 848 тонна өнімді «Меркі қант зауытына» өткізген. Жалпы, жамбылдық шаруалар мен «Меркі қант зауыты» мекемесі арасындағы қаражат мәселесі талай уақыттан бері көтеріліп келеді. Тиісті төлемін ала алмаған шаруалар амал жоқ, қант қызылшасын белгіленген мөлшерден төмен орындауға мәжбүр болуда.
Өңірде тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру мақсатында кезінде қанатқақты жобаның қолға алынғаны белгілі. Бұл үшін мемлекет тарапынан тұрғындарға тиісті көмек көрсетіліп, бақша салып, өнім алу, оны сату жобасы ұсынылған. Нәтижесінде, Шу ауданында бақша өнімдерін өндіру ұлғайды. Соңғы мәлімет бойынша бақша өнімдерінен
274 427 тонна өнім алынған. Тіпті бүгінде аудандарда бақша өнімдеріне деген сұраныс өте жоғары деңгейде екен. Ал көкөністен барлығы 364 067 тонна өнім алынып, барлық дақыл бойынша жоғары өсімге қол жеткен. Осы орайда Ә.Балқыбеков соңғы жылдары аудан шаруашылықтары жоғары өнім алу мақсатында жоғары өнім беретін сұрыптарды егуге ұмтылуда екенін айтты. «Мысалы, Шығыс Қазақстан облысындағы «Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС Ресей ғалымдарымен біріккен жұмысы нәтижесінде, күздік бидайдың «Бригада» сұрыпының әр гектарынан 100 центнерден өнім алуға қол жеткізді және элиталық сұрыптарын шығара бастады. Аталған серіктестіктен 8 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 106,5 тонна элиталық «Бригада» сұрыпынан тұқым әкелді», дейді ол. Сондай-ақ «Омар Шу» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі, Алға ауылдық округіндегі «Алау» шаруа қожалығы және Жаңақоғам, Бірлікүстем ауылдарындағы шаруа қожалықтар да элиталық тұқымдар сатып алған. Нәтижесінде, 1 110 гектар жерге барлығы 199,5 тонна элиталық тұқым егілген. Аталған шаруашылықтар осындай жолдармен күздік бидай егу арқылы ауданның әлеуетін арттырып, экономикасын дамытуда. Сонымен қатар 70 гектар алқапқа себілген.
Қазір аймақта қойма мәселесі өзекті. Себебі, жаз бойы жанталасып егін еккен диқандар мезгілі жетіп өнім алғанда оны сақтайтын қойма жеткізе алмай тығырыққа тіреледі. Шу ауданы бойынша бүгінде барлығы 40 көкөніс және астық сақтайтын қойма бар. Жалпы сыйымдылығы – 60 680 тонна. Бүгінде 7 қоймада 40 250 тонна пияз, 1 қоймада 100 тонна жүгері, 30 қоймада 11 067 тонна бидай мен арпа сақталуда. Сондай-ақ мал азығы дақылдарынан түсім жақсы түсіп, төрт түлік мал басына 181 мың тонна пішен дайындалған. Мал шаруашылығы бойынша бүгінде 34 401,0 тонна сүт сауылып, 16 041,1 тонна ет өндірілген. Сонымен қатар аудандағы ірі қара малы 31 895 басқа, қой-ешкі 369 200 басқа, жылқы 13 680 басқа, түйе 70 басқа және үй құстары 89 645 басқа жеткен. «Аудан шаруашылықтары Үкімет беріп отырған жеңілдіктерді соңғы жылдары жақсы пайдалануда. Бүгінге 732,2 млн теңгеге техника алынды. Оның ішінде лизинг тәсілімен 399,5 млн теңгеге 50 бірлік техника алынса, шаруашылықтар барлығы 332,7 млн теңге болатын 71 бірлік техниканы өз қаражатына алды. Алынған техникалардың 40 бірлігі соңғы маркалы тракторлар», дейді Ә.Балқыбеков.
Жамбыл облысы