– Наурыз Қылышбайұлы. Әңгімеміздің ақ бастауын Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жыл басында «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланып, ел ішінде кеңінен қолдау тапқан «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласынан ағытсақ?
– Қасым-Жомарт Кемелұлы аталған мақаласында бүгінгі таңда қалың елді толғандырып отырған мәселелердің бәріне дерлік тоқталған. «Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуге тиіс. ...Ұлтымыздың ұлы ұстыны – қастерлі тәуелсіздігіміз барша жұртымыздың патриоттық рухымен асқақтай берсін!» деп қайырған тұсы ерекше толғантады. Шынында да, бұл қазақ не көрмеді, мың өліп, мың тірілді. Тәңірдің көзі түзу екен. Азаттық алдық, халық болып сақталдық. Барымызды асырып, базарымызды тарқатпау үшін не істеп, не қоярымыздың ұлттық жөн-жосығын Президентіміз айшықтап берді. Ендігі міндет – науқаншылдыққа ұрынбай, нақты басшылыққа ала білуімізде.
– Қасым-Жомарт Кемелұлы осы мақаласында: «Ел ішінде де білікті әрі білімді өрендер жетіп артылады. Біз оларды басшылардың жаңа буынын дайындауға барынша тартып жатырмыз. Менің бастамаммен құрылған Президенттік кадр резерві – осының айқын дәлелі. Жобаның келесі кезеңінде қоғам мүддесіне адал көшбасшыларды іріктеуге ерекше назар аударамыз. Билік органдарындағы азаматтар, ең алдымен, ұлттық мүддеге берік болуға тиіс» деп атап өтті. Жалпы, бүгінгі жоғары бұтақтан төменге дейінгі кадрларға көңіліңіз тола ма? Сіз басшылық еткен тұстағы мамандармен салыстырсақ ше? Италиялық саясаткер Мадзинидің «Мы создали Италию, теперь надо создать итальянцев» деген ұраны оралады көкейімізге осындайда.
– Мен үшін саясаткер Мадзинидің ұранынан гөрі Қабылиса жыраудың: «Жер ойпаңы білінбес, ебін тауып үй тіксе, ел ойпаңы білінбес, еліне сай ұл туса» деген тұжырымы құндырақ. Сондықтан да Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бұл нұсқауы көңілге қонымды. Аталы сөзді ұғып, өсиетті орындай білген ұрпақ тарихқа қиянат жасамайды. Ұрпақ сабақтастығының қадір-қасиеті де сонысымен құнды. Олай болса, Қабылиса жырау мен Қасым-Жомарт Кемелұлының кадр жөніндегі ой-толғаулары бір бастауда тоғысып тұр деп түйсінемін өз басым.
Бүгінгі басшы кадрды кеңестік кезеңмен салыстыру ретсіз болар. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарымен салыстырсақ, әңгіме басқа. Өтпелі кезеңде ел басқарудың машақаты жетерлік. Бізге сол кезең бұйырды. Оның қиыншылықтарын жіпке тізіп жатпайын. Шаруашылықта өндірілген өнімді Үкімет сатып ала алмайтын күй кешті. Қара базарға шығарсаң, халықтың пұлы жоқ. Дағдарыс дегенің осы емес пе? Міне, елімізді осы тығырықтан алып шыққан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен оның маңына шоғырланған бесаспап сардарлары.
– Әулиелер мекені саналар Қаратал өңірінде дүниеге келдіңіз. Тәуелсіздік таңы атысымен Ескелді, Балпық, Жолбарыс, Қарынбай, Жәлменде-Пышан сынды ардақтыларымызды ұлықтау үрдісі бастау алғанда бар шаруаның басы-қасында жүрдіңіз. Ел мен жер, қасиетті топырақ деген мәңгілік ұғымдардың мәніне тоқтала кетсеңіз?
– Әркім балалық шақ, жастық кезеңін қимастықпен еске алады. Өткен өмірді тек таршылық, қыспақ ауанында бағалайтын адамдардың қатарына қосыла алмаймын. Сөз жоқ, уақыт көшімен бірге өскелең талап та артады. Адам – тарихтың бас кейіпкері екенін мойындайсың мұндайда. Ел мен жер, қасиетті топырақ, ататек ұғымын біз көбіне ауыл ақсақалдарының бас қосқандағы әңгімесінен естіп өстік. Тартымды әңгіменің түп мақсаты ататек, рулық шежіре арқылы елдікті бекіте түсу еді. Бастысы, сананы аздырмай, дәстүрді тоздырмай, ұрпақ сабақтастығын жалғастыру деген ұғымға саяды. Бұл – мыңдаған жылдар жотасында түзілген ұлттық аманат. Аттестат пен дипломның не екенін білмей-ақ шынайы өркениет негізін қалап, саналы ұрпақ тәрбиелеудің үлгілі мектебін мирас етіп кеткен Жолбарыс әулие, Ескелді, Балпық би, Қабылиса жырау, олардың жолын жаңғыртқан Қарынбай, Назар, Жәлменде би, жиырмасыншы ғасырдағы биліктің бір тармағын дөңгелеткен Қошым, Саяқ, Пышан болыс сынды ел ардақтыларының өсиетін біздің санамызға сіңірген сол «кешкі мектептің ұстаздары» – ата-анамыз бен игі жақсылар.
«Жолбарыс бата бермей жеңіс болмас» дегендей, әулиенің пікірін, ағалық ақылын басшылыққа алып отыратын Ескелді, Балпықтың ел басқару тәсілі замандастарына үлгі болған. Айталық, Ескелдінің «Елің үшін еңбек еткенің, мұратыңа жеткенің», Балпықтың «Әділдік болмаған жерде Алланың да ризашылығы болмайды» деген ұлағатты қағидаларына зер салсаңыз, еңбек деген ұлы атаудың құдіретіне бас иесіз.
– Бабалар аманатына да, ата-ана өсиетіне де перзенттік адалдық танытқандығыңыз жұртшылық жадында. Облысымыздың төрт бірдей ауданында басшылық қызмет атқарып, Қаратал, Ақсу, Көксу аудандарының Құрметті азаматы атандыңыз. Бұл өзі маман ретінде қалыптасу, азамат ретінде толысу әрі кемелденіп, ел құрметіне шынайы бөлену кезеңіне ұласты деп бағалаймыз.
– Ізгілік, бауырмашылдық, әдептілік аясында сәулетті қоғам құру – бұқара үшін де, көшбасшысы үшін де оңайға түспейді. Халықтың қолымен жасалған байлықты өз игілігіне бұйыртқызу шаралары қалтқысыз орындалып отырса, тұтынушылық пиғылдан гөрі рухани сананың үстемдігіне жол ашыларын жасынан мойындаған ұрпақтың санатынанмын. Еңбекпен келген толағай табыс қоғамның көл-көсір қорына айналып, ел игілігіне бағытталса, билік беделінің арта түсеріне сенген адамның бірімін. Ал енді жұртшылық сеніміне селкеу түсірмеуімнің сыры киелі ел, туған жер, қасиетті топыраққа адалдығым, бабалар аманатына беріктігім. Адал болу өте қиын. Нәрестенің тұсауын тоқішек, ала жіппен кесудің мәнісі де осында болса керек.
Отбасы келешегінің кемел болуы үшін отбасының ағымды тірлігі мемлекет мақсатымен ұштасуы шарт. Сонда ғана ұлт біртұтастығы, ел қауіпсіздігі, салт-дәстүр сақталуы, қоғамды құрметтеу, табиғат тіршілігіне қиянат жасамау секілді мәңгілік қағидаттар бұзылмайды.
Тоғыз жасымда әкем қайтыс болып, ауылдық кітапхананың еден сыпырушысы, шешем Нүриләнің тәрбиесімен өстім. Алатын айлығы он екі сом елу тиын. Соған қарамастан, жоғары білім алып, сатылап өскен мәртебелі қызметті адал атқаруыма жағдай жасап, еңсемді көтерген асыл анам. Жауапты қызмет жүлгесіндегі ол кісінің талабы партия талабынан да қатал болды. «Әкеңнің ұстаханасын аруақ шалған. Өзі де тегін адам емес. Ешкімнің қызылына көзің түспесін, сенің кінәңнан бірде-бір әулет тауығының аяғы сынушы болмасын. Мансап іздеуші болма, Алланың бұйыртқан нәсібіне разы бол» дегенді өмірінің соңғы күніне дейін айтып отырудан жалықпады. Осылайша, адалдық пен әділдік, ар тазалығы менің қуатты қаруыма айналды.
– Енді осы арада отбасы, жолыңызды қуған балаларыңыз, әдемі марқаюыңыздың құпиясы жайлы сыр ағытсақ?
– Өмірдің қатал сынағынан өткен әулеттің бірі – Молжігіттің әулеті. Атасы Төңірек тоған қазып, егін егу кәсібін игерген алғашқы мұраптардың бірі екен. Ресейдің отарлау саясатына қарсы шыққан Кенесары хан 1846 жылы Қаратал бойын қыстап, Қырғыз жеріне аттанғанда әкесі Жандыбай он алты жастағы жігіт еді. Көкпарда мертігіп, Кенесары жасағына ілесе алмай қалыпты. Молжігіттің өзі ақ пен қызылдың текетіресінен талай ағайын-туыс, дос-жаранынан айырылған. Сөйтсе де, бірде-бір жесірін, жетімін жылатпай, басына пана, алдына мал салып, қатарынан қалдырмапты. Содан бертінде қолындағы малының тең жарымын бөліп беріп, баласы Қылышбайды жаңа құрылып жатқан колхозға мүшелікке енгізеді. Қаратал өңіріндегі Мендеке-Бәйжігіт атадан тараған ұрпақ арасында өзі қатарлы жастардың алғыры, шаруаға тиянақтылығымен ауызға ілінген әкем Қылышбай елу жеті жасында, шешем Нүрилә жетпіс алтысында өмірден озды. «Сексен көрейін деген жасым ба еді, быламық ішейін деген асым ба еді» дегендей, біраз жерге келіп қалыппыз. Күләш тәтең қасымда. Ұл-қыздар мен немерелер жолымызды қуып, еліне абыройлы қызмет етуде. Жүріс-тұрыстары таза. Шүлдірлеген шөберелер болса, тәтті тілімен май асатып келеді.
– Қашанда ақиқат кешеуілдеп келеді. Керісінше, өтірік пен өсектің желдей есіп жүргені. Ғұмыр-дарияда ақиқатты айта алмаған, болмаса ақиқатқа жете алмай қыл көпірдің үстінде қалған шағыңыз болды ма?
– Неге болмасын, болды ғой. Бізге дейін де ақиқатты айта алмай ұлтымыздың небір қайраткер ұлдары өтті өмірден. Қанатын қайырғанмен сағын сындыра алмаған билік олардың атын атауға тыйым салды. Ақиқаттан қорықты. Қазақы қалпымызда ұлан-байтақ жерімізді, көркем тіл, салт-дәстүрімізді, ұлттық болмысымызды сақтап қалғанымыз, айтары жоқ, аға ұрпақ өкілдерінің ерлігі. Жаумен жағаласты. Доспен араласты. Кешегі ақ патшаның тұсындағы зар заманда Тіленші, Назар, Айту, Бөлек сынды аймағымыздың ноқта ағалары елдігімізді сақтап қалса, ақ пен қызылдың текетіресінде ағайынды Байқоржын, Сақбай Қареке, Рақым, Қошым, Пышан, Саяқ болыстар ұлтжандылығымен ерекшеленді. Кеңестік кезеңде де нар тұлғалар қатары сиреген емес. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, дала академигі Нұрмолда Алдабергенов, Социалистік Еңбек Ерлері Әбдіқадыр Дайыров, Зылиқа Тамшыбаева, Ұлы Отан соғысының ардагері Игібай Базарбаев, одан кейінгі буын Көшкінбай Жанатов, күреңбелдің жас қыраны Базарбай Бекмұхамбетов сынды азаматтар туған халқы алдындағы парыз-қарыздарын абыроймен өтеді. Көп дүние жылдар өте жоталана бермек. Ақиқатты дер шағында айтудан гөрі, үнемі іште сақтап жүру қиынның қиыны екен.
– Қарап отырсақ, жер бетінде тура жол жоқтың қасы екен. Басқаны былай қойғанда, адамзаттың панасы – Жердің өзі Күнді айналып жүреді. Тура жол табу қиын-ау, сірә да?
– Тура жол неге болмасын, бар. «Іздеген жетер мұратқа» деген адам тура жолды тауып та жатыр, бейқамдық танытқандары тура жолдан тайып та жатыр. Үлгіні сол Жер-Анадан алуымыз керек. Жер болса, өзінің асты-үстіндегі байлықты сақтап, тіршілік арқауына айналдыру үшін күнді айнала қуат алады. Көзі ашық, көкірегі ояу адам өзінің ауласынан-ақ құмырсқа жолын тауып, тіршілігіне қызықса көп нәрсені ұғар еді. Жеңілдің емес, ауырдың астымен жүретін құмырсқа бір жазда үш жылдық азығын дайындап алады. Төбемізде Құс жолы сайрап тұр. Ұлы Дала төсінде ақ бөкеннің жолы бар. Сол қалыпты жолымен жүріп, жайлы қоныс табуымен адам баласын қыстың қыспағынан сақтандыруды үйретсе, имансыз пенделер, керісінше оған қастандық жасап әлек. Кәсіпкерлікті бал арасынан үйренуге құмартсаң – тура жолдың алуан түрін табасың. Қазақ ұлты әлемге қаласымен емес, киелі даласымен, төрт түлік малымен танылған. Небір нәубет тұсында қазақты да, мыңғырған малын да Ұлы дала сақтап қалған.
– Рухани кемелділік адамның тек интеллект деңгейіне қарап емес, ішкі әлемі, адами қасиеттерімен де өлшенсе керек. Кезінде жаппай қырып жоятын қаруды ойлап тапқандар да интеллектілері жоғары жандар ғой. Бұған коронавирусты да қосамыз, әрине.
– Дұрыс айтасың. Қандай да болмасын қоғамның дамуына зиялы қауымның қосқан, әлі де болса қосар үлесі ерекше бағаланады. Жеті қазынаға жататын жылқы мен итті қолға үйреткен біздің ата-бабаларымыз екен. Одан қазаққа, қала берді, әлем халықтарына зиян келді ме? Жоқ. Екеуі де адамзат баласына адал қызмет етіп келеді. Жеті қазынаға жататын берен мылтық та адамға қызмет етеді. Саятқа шығып тамағын табуға, төнген қауіп-қатерден қорғануда таптырмайтын қару. Бүркіт пен тазыны, қақпан мен тұзақты алмастырған осы қару адам баласының ашкөздікке құмарлығын арттырса, бара-бара садақ пен қылышты алмастырған кезеңінен үстемдік орнауына жол ашылды емес пе?
Оқ-дәріні ойлап тапқан қытайлықтар болса, алғашқы зеңбіректі қару ретінде пайдаланған испандықтар дейді ресми дерек көздері. Орыстар зеңбіректі 1376 жылы Еділ бойындағы бұлғарлармен болған соғыста, ал 1382 жылы Мәскеуді қорғау кезінде Тоқтамыс ханның әскеріне қарсы пайдаланған. Содан бастап отты қарудың алуан түрі келді емес пе өмірге. Неміс ғалымдарының көмегімен АҚШ атом бомбасын Жапонияда сынап, жүздеген мың адамның көз жасына қалып, мемлекет басшыларының сағын сындырса, академик Игорь Курчатовтың жетекшілігімен Арзамаста жасалған бомбаның қуаты қазақ жерінде сыналып, халқымызды қасіретке ұшыратуымен шеріктен шықты. Сутегі бомбасын ойлап тапқан үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, академик Андрей Сахаров 1989 жылы Советтердің бірінші съезінің мінберінен жаппай қырып-жоятын қарудың ешкімге абырой әпермейтіні туралы шырылдап, сол қаруды ойлап тапқаны үшін кешірім сұрағанына қарамастан, тоталитарлық биліктің беті бүлк еткен жоқ.
Қыруар қаржы бөліп дайындаған сол қару адамзат баласының қауіпсіздігін сақтауда дәрменсіз екендігін өзің тілге тиек етіп отырған коронавирус те дәлелдеп отыр. Бұл пәлең де жаңалық емес екен. Бұдан да ел болып аман құтылатын шығармыз. Алайда адамзаттың бейбіт өмірін қамтамасыз етер дамудың тура жолын таппасаң, Тәңірдің қаһарынан құтылмайсың-ау деген ой көңіл төрін тұмшалайды.
– Жасырары жоқ, қазіргі таңда қазақ халқының бірлігін бұзу, байлығына қол сұғу мәнісіндегі ішкі-сыртқы күрес үдей түскен. Алпауыт елдердің мәдени-ақпараттық экспанциясы ел тұтастығы, тіл, дәстүр-салт, қала берді мінез-құлқымызға да ойсырата соққы беруде. «Сұм өмір абақты ғой саналыға» деп Мағжан Жұмабаев айтпақшы, қазақ табиғатына қиғаш тағы нендей мәселелер қатты толғандырады?
– Ұлттық мәдениетіміздің басты белгісі – үлкенді сыйлау, аталы сөзге тоқтау. «Сөйлеу үшін ойлау керек, жұту үшін шайнау керек» депті ұлылардың бірі. Салт-дәстүрдің төресі – сыйластық, ізет, имандылық. Жол-жоралғысымен сақталған дәстүр арқылы тіліміз сақталып, мәдениет дамиды, білім мен өнер өрлейді, өмір төрлейді. «Даналыққа – дала жақсы, балалыққа қала жақсы» дегендей, ұлттық салт-дәстүріміздің төркіні ауылда. Сәбиін тал бесікке бөлеп, бесік жырымен сусындатқан анасы, бабалар рухымен қанаттандырған әкесі өрімдей ұл-қыздарын «Барым да сенсің, нарым да сенсің» деп өсірсе ғана ұлт көгереді!
– Сіз сексен жылдық өміріңіздің 63 жылын еңбекпен өрдіңіз. Орта мектептен соң екі жыл қатардағы колхозшы, жоғары оқу орнынан кейін бір жыл зоотехник, қалған жылдары комсомол, кеңес, партия органдарында басшылық қызметте болдыңыз. Еңбек қуанышына бөлене де білдіңіз, әйтсе де бойыңызды қорқыныш билеген шақтарыңыз ұшырасты ма?
– Қорыққан күнім неге болмасын, болды, әлі де қорқамын. Неден? Бейқамдықтан. Енжарлықтан. «Сен тимесең, мен тимен» деген немқұрайдылық пен немкеттіліктен. Арым да, қолым да таза. Ұйқым тыныш. Ойлайтының жастардың қамы болғандықтан, бүгінгі білім жүйесіне көңілің толмайды. Дипломды сатып алады дегенді кезінде әрмен радиосы айтты деген әзілді естіп мұртымыздан күлетін едік. Сол әзіл енді шындыққа айналғандай ма деймін. Оның барлығын жіпке тізіп қайтейін, айналдырған отыз жылда он төрт министрдің не бітіргенін түсінбей қалдық. Қай заман болмасын мәдени шараның барлығы тәрбие жұмысының арқауына айналған. Елдің аңсап күтер тәлімді шараларының көпшілігі бүгінгі таңда шоуға айналып кеткенінен қорқамын.
Басынан бағы таймаған қазақ елінің қуаты – жерінде, күші – бірлігінде. Уақыт биігінен қарасаңыз, елді ұйыстырар басты тетік – бір-бірімізге деген сенім. Екіншісі – билік тармағындағы әділдік, үшіншісі – ар-ұят тазалығы. Осының бәрі табиғатында дәуіріміз қойған тың талап, елдік саясатпен үндесіп тұр. Жақсының сөзі шамдай жарық, айдай анық. Жаны мөлдір, дарқан жүректі, ақ тілекті жандарға қоғам зәру. «Жайылсақ жоқпыз, жұмылсақ бармыз» деген ата-баба аманаты мен кәрі тарих сабағы дәл қазір қай кездегіден де құнды.
Әңгімелескен
Мұхтар КҮМІСБЕК,
«Egemen Qazaqstan»