Қоғам • 22 Қаңтар, 2021

Ойыл өзенінің орнын сипап қалмайық

917 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қарашаның ортасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ басқарма төрағасы Ахметқали Медеуді қабылдап, еліміздегі су бассейндерінің қазіргі жағдайын толық зерттеп, дәйекті қорытынды жасауға тапсырма берді. Осы мәселе ірі өзен-
көлдеріміздің су құрамы мен сапасын, ондағы өсімдіктер мен жануарлар дүниесін терең талдаумен қатар, шөлді аймақтың тіршілігіне жан бітіріп отырған дала өзендерінің жағдайын да дәйекті түрде зерделеу қажеттігін күн тәртібіне қойды.

Ойыл өзенінің орнын сипап қалмайық

 

Құрғаған Ойыл

Өйткені соңғы жылдары еліміздің көптеген далалық өзендерінің су деңгейі күрт төмендеп, арналарының жылдан жылға құрғап бара жатқаны табиғат жанашырларының ерекше алаңдаушылығын туғызды. Бұл ғасырлар бойы дала өзендерінің жағасында тіршілік кешкен ауыл адамдарының тұрмысына да жағымсыз әсер етіп отыр. Өйткені, су жоғалса, тіршілігі малмен байланысты адамы ол жерден көшсе – тұрғыны кеткен ауылдың түтіні өшеді.

Бастауын кәрі Мұғалжар тауының биік шоқысындағы Қызылбұлақтан алатын, ұзындығы 800 шақырымға созылған Ойыл өзені Ақтөбе облысындағы Мұғалжар ауданының 27 шақырымын, Темір ауданының 130 шақырымын, Ойыл ауданының 366 шақырымын кесіп өтіп, әрі қарай Атырау облысы Қызылқоға ауданының 280 шақырымынан тағы созыла ағады. Осылайша Мұғалжар ауданының Талдысай, Еңбек, Қызылбұлақ елді мекендері мен Темір ауданының Қайыңды, Алтықарасу, Бабатай, Сартоғай, Қопа ауылдарын, Ойыл ауданының Амангелді, Көсембай, Шиқұдық, Ақшатау, Қипы, Қаракемер, Добыр, Микөл, Ойыл, Қарасу, Көптоғай, Құлжабай би ауылдарын жағалай ағып, Қызылқоға ауданының қатар орналасқан жеті ауылының үстінен өтіп, Тайсойған құмына барып жоғалады. Ежелгі заманда суы мол кәрі Ойыл Жайыққа барып құйған деседі. Қазір оған жететін су қалмаған.

Қобда ауданының ортасын қиып ағатын Қиыл өзені – Ойылдың ең үлкен сағасы. Қиылдың Ащы Ойыл, Кеңжал деген жіңішке салалары да қосыла келе Ойылға құяды. Қиыл қысқа өзен болса да, оның бойында жерасты су көздерімен жалғасқан жүздеген бұлақ көздері бар. Жауын-шашын аз түскен қуаңшылық жылдары өзен түбі мен жағалауындағы сансыз бұлақтар Ойыл өзенінің деңгейін бірқалыпты ұстап тұрған.

 

Қимен бітелген бұлақтар

«Бала кезімізде Ойыл ауданы­ның «Қара­кемер» кеңшарына қарасты Кіші Ащы­лысай, Жұмыртқалы, Соркөл ауы­лының үлкендері көктем мен күз­де кетпен-күректерін ұстап, жастарды соңда­рына ертіп алып, өзен бо­йын шөп-шалам­нан тазартып, бұлақ көздерін арши­тын. Біз осылайша жастайымыздан ауыл үлкендерінің өзен бойының тазалы­ғына ерекше мән беретінін көріп, тәрбие­лендік. Бұл кезде ауыл адамдары қора­ларында тек сауынды сиыр ұстап, басқа малды алысқа жіберетін. Ауылдың айна­ласына да, өзенге де мал жолатпайтын. Суатқа атын суаруға келген адамға жағалауда жылқысын байлауға да рұқ­сат жоқ. Көктемде не күзде қыр­қымға айдап әкелген қой отарын суар­ған бо­йы айдап кетеді. Өйткені өзен бойын­дағы құрақты малдың тұяғы таптап, қиы суды бүлдірмеуі керек», дейді ақтөбелік та­би­ғат жанашыры, дәрігер Нұрлан Есенғазы.

Бүгінде Ойылдың арнасы кеміп, кей жерінде үзіле-үзіліп, шалшыққа айналып барады. Соңғы екі-үш жылда Ақтөбе облысындағы Ор, Ырғыз, Ойыл, Темір өзендерінің суы тым азайып, Жемнің құрғап кетуі себебін құзырлы мекеме басшылары қыста жерге тоңның қатпауы мен жауын-шашынның, әсіресе қыста қардың аз түсуінен көреді. Ал шындығына келгенде, дала өзендерінің бейшара күйге түсуіне өзен бойын заңсыз түрде бөгеп жатқан шаруа қожалықтарының жыртқыштық әрекеттері де әсер етті. Бүгінде жұрт табиғатқа әбден салақ. Соның бір көрінісі – өзен жағалау­ларының қыстан шыққан күл-қоқыс пен малдың қиын төгетін орынға айналуы десек қателеспейміз. Шаруа қо­жалықтары өзектерді өз қалауынша бұрып, бөгет жасап, бақша суарады. Қойы мен жылқысы су жағасында қысы-жазы иіріліп жатады. Жылдар бойы өзек бойындағы үйілген малдың қиы мен тезегі қалыңдай келе биіктеп, су көздерін бітеп тастады. Бұлақ көздері де осылайша жоғалды. Қожалық иелері өзеннің мемлекет меншігі екенін ұмы­тып қалған, олардың заңсыз әреке­тіне не ауыл әкімі, не аудан әкімі қар­сы шыққан емес. Табиғат қорғау меке­мелерінің тіпті шаруасы жоқ. «Өзен арналары малдың қиымен ластанып, бұлақ көздері көміліп қалған» деп дабыл қаққан ақтөбелік дәрігер Нұрлан Есенғазының пікірін Атырау облысының Қызылқоға ауданының тұрғындары да растайды.

Өткен жылы табиғат жанашырлары Ойыл өзенінің арналары тым таязданып, шалшыққа айналды, суы борсыды, балықтары қырылды деп дабыл қақты. Табиғатқа бейжай қа­ра­майтын азаматтар 15 қыркүйек күні онлайн-конференция өткізіп, оған тә­жі­рибелі су мамандарын, аумақ­тық мемлекеттік органдар басшыла­ры мен экологтерді шақырды. Кон­ференциядан соң таби­ғат жанашыр­лары Ақтөбе облыстық табиғи ресурс­тар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Жақсығали Иманқұловқа Ойыл өзенінің таязданған тұстарындағы бө­ліктерін тексеруге ұсыныс жіберген. Осы басқарманың тапсырмасымен Батыс Қазақстан облысындағы бір ЖШС-на қарасты лаборатория өзен суынан сынамалар алып, құрамына тексеру жүргізген. Себебі Ақтөбе облысында су сапасын тексеретін мамандар болмаған. Тым үстірт және қазіргі жағдаймен мүлде сәйкес келмейтін талдаумен жұрт келіскен жоқ. Өйткені тексерушілер жағдайды толық зерделемеген, тіпті өзен арнасының терең­дігін өлшегенде де алшақтық көп дейді табиғат жанашырлары.

Расында да Ойыл өзені апат алдында тұр. Алдағы көктемде су тағы да тасымайтын болса, өзен арналарын әркім өзіне қарай бұра берсе, бірер жылдың ішінде су орнында құм жатуы мүмкін. Ойылдың суын тауысқан негізгі себептер баршылық. Біріншіден, жеке адамдар өзенге жан-жақтан құятын шағын салаларды заңсыз бөгеп, бұлақтарды бітеп, жасанды су қоймаларын жасап алған. Олар бұлақ суларын әрі жұртқа сатып, әрі қолдан бөгеген тоғандарда балық өсіріп жатыр. Екіншіден, жеке қожалықтар жерасты суларын өзен жағасына жақын жерлерден өз бетінше бұрғылап шығарып, ол су айдалаға ағып жатыр. Бұл да бақылаусыз кеткен жағдай. Үшіншіден, суармалы егісті өркендетеміз деген мақсатпен бау-бақша егушілер өзен суын ысырапсыз пайдалануда. Төртіншіден, тұрғындар жеке малдарын алысқа ұзатпай бағатындықтан, төрт түлік­тің тұяғынан ауылдың айналасы та­қыр­ланып, өзен жағалауындағы бұ­лақтар малдың қиынан ластанып біт­ті. Төртіншіден, соңғы отыз жыл ішін­де Ойыл өзенінің гидрологиялық жағ­дайы тексерілген жоқ. Өзенді қо­ректендіретін ірі бұлақтар да отыз жылдан бері тазартылмады. Бұлақтың көзін аршу дегенді бүгінде ұмытқан.

1

 

Су бұзылса, ауру көбейеді

«Балықтан жұғатын түрлі бакте­риялар адам ағзасына түскенде, одан ары­лу өте қиын, өйткені ағзаны түгел бүлдіреді, қанға сіңеді. Әсіресе жүк­ті әйелге өте қауіпті, өйткені шара­наға бірден әсер етеді. Лас су ішкен малдан түрлі құрт аурулары, әсіресе эхинококк ауруының құрт­тары бірден таралады. Қойдың миына түскен құрт та лас судан жұғады. Не­ге екені белгісіз, мал дәрігерлері елді мекеннің айналасындағы су­лар­ға бактериологиялық зерттеулер жүргізіп, экологтер өсімдіктер құра­мын тексеруді талап етпей отыр. Өйт­кені 5-6 жылдан бері жағасына мал жайылған өзен арналары қатты бүлінген, суға малдың қиы әбден шөк­кен. Шаруа қожалықтарының шек­тен шыққаны сондай, өзектерде тау болып үйілген малдың тезегі мен қиын бульдозермен үйіп, су арна­сын бөгеп жатады. Соңғы кезде ауыл адамдары қышыма, тері аурула­рының көбейіп кеткенін айтады. Се­бебі белгілі. Тері аурулары лас суға шо­мыл­ғаннан болады. Ауылдардағы құдықтардың да сулары жоғалып барады. Өйткені жер бетінің суы азайған соң жерасты суы да қашатыны анық. Оның үстіне, өзен бойындағы бұталар мен ағаштар аяусыз оталып жатыр. Тамырлары тереңге кеткен алып бәй­теректердің жерасты суын өзіне қа­рай жақсы тартатынын ескерсек, ағаш­тың тамыры солған соң жерасты суы да тереңге кетеді. Міне, осындай тағы­лық әрекеттерді түп-тамырымен жою үшін табиғат қорғау ұйымдары қазір­гідей әрекетсіздік танытпай, бел­сенді жұмыс істеуі керек. Әзірге, не табиғат қорғау прокуратурасынан да, мемлекеттік құзырлы мекемелерден де, тіпті жеке адамдардан да ондай жанашырлық әрекет байқалмайды. Біз жаудың жерін отап жатқандай, қарақшылықпен бүлдіріп жатырмыз. Кей кездері өзіміздің жеріміз, өзіміздің табиғатымыз екендігін де ұмытып кетеміз. Мұндай жауыздықтың түп-тамырының қайдан басталғанын, неге өршіп кеткенін де түсіне алмай отырмыз. Ішкі мәдениетіміз таяз ба, әлде пайдакүнемдіктің кесірі ме, иә болмаса, наданбыз ба? Қалай болғанда да табиғатты бүлдірушілерге қарсы заңды қатайту қажет. Бұл жұртшылық көп үміт күтіп отырған Экологиялық кодекстің тез қолданысқа енуіне де байланысты болып тұр.

 

Ақтөбе облысы