«COVID-19 – вирустық инфекция. Сондықтан вакцина коронавирус инфекциясына қарсы күресте жағдайды жақсартуға көмектеседі», деген маман әлемдегі эпидемиялық жағдайдың нашарлауы мен коронавирус инфекциясының жаңа штаммының таралуы аясында халықты КВИ-ге қарсы вакциналаудың маңыздылығын атап өтті.
– Ақпарат құралдарынан көріп-біліп отырғанымыздай, Ұлыбританияда коронавирустың жаңа штаммы пайда болды. Ол агрессивті түрде өтуде. Біздің елдегі вирус осы деңгейге дейін мутацияға ұшырай ма, жоқ па деген сұраққа жауап беру қиын. Дегенмен елге бұл штаммды Еуропадан біздің азаматтар әкелуі мүмкін. Өйткені қазіргі коронавирус та бастапқыда шетелден келген азаматтарымыз арқылы тұтас ел аумағына тараған болатын, – дейді ол.
Оның айтуынша, алдын алудың негізгі ережелерін сақтауды жалғастыру маңызды. Медициналық бетпердені талапқа сай тағу әрі жиі жаңалау, қолды сабындап жуу мен дезинфекциялау арқылы жеке гигиенаны сақтау, ауа алмаспайтын орындардан алшақ болу, ауру анықталған науқасты бірден оқшаулау сынды басты талаптарды жіті қадағалаған жөн.
Сарапшы соңғы күндері Алматыда КВИ-мен сырқаттану жағдайлары еселеп өсіп жатқанын атап өтті. Халықты тұмауға қарсы вакциналау туралы қабылданған шешім айтарлықтай нәтиже бергенін, сол арқылы көптеген науқаста індет жеңіл түрде өтіп жатқанын тілге тиек етті.
–Тұмау – ауыр респираторлық вирустық инфекция, интоксикацияның айқын белгілерімен жүреді. Ал соңғы жылдары пандемиялық тұмау жағдайлары тіркелді, бұл да ауыр вирустық пневмонияны тудырады. Менің ойымша, мемлекет тұмауға қарсы вакциналауға көп қаражат бөлгені дұрыс болды. Егер адамдар тұмау және COVID-19-бен қатар ауырса, не боларын елестетудің өзі қиын. Әлем ғалымдары осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Әзірге вакциналау қиындықтан шығудың ең оңтайлы жолы ретінде қарастырылып отыр», дейді ол.
Айта кетер болсақ, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша ЖРВИ-мен жаппай сырқаттанушылықтың және COVID-19-ға тұмау вирусының қабаттасуының алдын алу үшін жергілікті бюджеттен тәуекел тобындағы адамдарды тегін вакциналау мақсатында «Гриппол Плюс» тұмауға қарсы үшвалентті вакцинасының 430 мың дозасы сатып алынған болатын.
АЛМАТЫ