Спорт • 24 Қаңтар, 2021

Жалғас Жұмағұлов жеңіліп қалды

241 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін таң ата аралас жекпе-жектен Әбу-Дабиде өткен UFC 257 турнирінде аса жеңіл салмақта күш сынасқан қазақ спортшысы Жалғас Жұмағұлов швециялық Әмір Альбазидан ұпай санымен ұтылды.

Жалғас Жұмағұлов жеңіліп қалды

32 жастағы Жалғас үшін бұл UFC-дегі екінші кездесуі еді. Тұсаукесер кездесуін ол осыдан жарты жыл бұрын өткізіп, бразилиялық Раулиан Пайваға есе жіберді. Барлығы 18 мәрте октагонға шығып, 13 бәсекеде басым түскен сақа спортшымыз бұл жолы Әмір Альбазимен күш сынасты. 27 жастағы қарсыласы Швецияның туы астында өнер көрсеткенімен, Иракта дүниеге келген. Осы күнге дейін ол 15 кездесу өткізіп, тек біреуінде ғана ұтылды. Бәсеке басынан аяғына дейін бір темпте өтті. Бірде Жұмағұлов, бірде Альбази ширақ қимылдады. Десек те соңғы раундта Әмір Жалғасты жығып алып, қылқындыру тәсілін орындауға талпынды. Қандасымыз оған ондай мүмкіндік бермеді. Соңғы минутта қос спортшы тік тұрып айқасты. Жекпе-жек аяқталғаннан соң барлық үш төреші бірауыздан Скандинавия түбегінен келген саңлақты жеңімпаз деп таныды. 

Ал айтулы жарыстың басты жекпе-жегі ирландиялық Конор Макгрегор мен америкалық Дастин Порье арасында өтті. Екінші раунда соққылар алмасу барысында АҚШ-тың өкілі атышулы қарсыласын дәл иектен ұрып, есінен тандырды.