Қоғам • 25 Қаңтар, 2021

Зейнетақы жинағын пайдалануға өтінім беру басталды

489 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Көптен бері ел аузында жүрген елеулі жаңалық – зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алуға жұмсау бастамасы іске асырыла бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған игілігі мол іс-шараның орындалуы жаңа жылдың алдында заң жүзінде нақтыланды. Бұл процестің азаматтарға айқын, ашық, барынша ұғынықты болуы үшін тиімді тәсілдер пысықталып, жан-жақты ойластырылды. 21 қаңтарда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану ережелерін бекітті. Ал араға екі күн салып, 23 қаңтардан бастап арнаулы сайт ашылып, зейнетақы жинағын пайдалануға өтінім қабылдау басталып кетті.

Зейнетақы жинағын пайдалануға өтінім беру басталды

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Зейнетақы жинағын белгілі бір мақ­сатқа пайдалану рәсімдерін оңтай­лы жүргізу үшін онлайн платформа құ­рылды. Бұл Еnpf-otbasy.kz деп аталады. Сайтты осынау бастаманы жүзеге асы­рушы уәкілетті оператор ретінде «От­­басы банкі» Бірыңғай жинақтаушы зей­нетақы қорымен бірлесіп іске қос­ты. Мұны сайттың атауынан-ақ бай­қауға болады. Портал іске қосылған күні-ақ 13 мыңнан аса азамат өтінім беріп үлгерді. Қазір өтінім қабыл­дай­тын сайт қалыпты режімде жұ­мыс іс­теп тұр. Банк мәліметі бойынша зейнетақының бір бөлігін аударуға ар­налған 68 мыңнан аса арнайы шот ашылды.

Аталған бастама аясында «Отбасы банкімен» қатар «Халық банкі» де уә­кілетті оператор ретінде жұмыс істейтінін мәлімдеді. Бұған қоса, аза­мат­тар осындай рәсімді жүргізуге құзы­рет берілген басқа да екінші деңгейлі банктерден арнайы шот аша алады.

Бұған дейін 760 мыңға жуық адам бұл игілікке қол жеткізіп, зейнетақы жина­ғының бір бөлігін пайдалана алатынын айтқан едік. Ал осы жұрттың басым бөлігі қай өңірлерден екені де көп­шілікті қызықтырады. Бұл жөнінде «От­басы банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мағлұмат берді. Оның айтуынша, Алматы қаласындағы салымшылар, яғни зейнетақы жина­ғының бір бөлігін пай­далана алатын азаматтар жинаған қар­жы – 658 млрд теңге. Бұл – жалпы қор­дың 26,8 пайыздық үлесі не­месе әрбір үшінші алматылық деуге болады. Алма­т­ыда қаржы, банк, сақтандыру са­ла­сын­да еңбек ететін мамандар көп әрі олар әрдайым жоғары айлық алады. Екін­ші орында – Маңғыстау облысы. Ол өңірдің халқының зейнетақы қорын­дағы жалпы жинағы – 397 млрд теңге.

Бұл – жалпы республиканың 16,2 пайызы. Үшінші орында – Нұр-Сұлтан қаласы. Елордада бағ­дарламаға қа­ты­са алатын азамат­тардың жалпы зей­нет­ақы жинағы – 325,9 млрд теңге (13,3 пайыз). Төртінші орында – 257,4 млрд теңгемен Атырау облысы (10,4 пайыз). Осы төрт өңірдің халқы зейнетақы жинағын пайдалана алатын азаматтардың 70 пайыздан астамын құрап отыр. Ал бұл рейтингіде Ақмола, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстары ең соңында тұр. Осыған қарап та өңірлердегі ахуалды, халықтың әл-ауқатын аңғаруға болады.

Әзірге тұрғын үй мәселелерін реттеу мақсатындағы рәсімдерді жүзеге асыруға болады. Ал зейнетақы жи­на­ғын емделуге жұмсаудың ере­же­лері осы айдың соңына дейін дайындалады. Қазір ішкі норматив процедураларына сәйкес, бұл мәселе мемлекеттік органдармен тал­қыланып жатыр. Содан кейін Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы Әділет министрлігінде тірке­ле­ді. Зейнетақының бір бөлі­гін сирек кездесетін ауруларға, ересектердің тісін емдеу қызметіне жұмсауға болады. Зей­нет­ақы қар­жысын емдеуге пайдалану рәсімі тек «Отбасы банкі» арқылы ғана іске асады.

Жалпы аталған бағдарламаның қа­лай жүзеге асырылатыны жөнінде Ор­талық коммуникациялар алаңын­да өткен брифингте жан-жақты мәліметке қанықтық. Тиісті орган өкілдері көптің көкейіндегі біраз сұрақтарға тұшымды жауабын берді. Оның бірқатарын арнайы ұсынамыз. Сондай-ақ зейнетақы жинағын пайдалануға өтінім берген сәттен бастап діттеген мақсатқа жұм­са­­ғанға дейінгі үдерістің қалай жүр­гізі­ле­тінін инфографика арқылы көр­се­ту­ді мақұл көрдік. Бұл ретте бірыңғай опе­ратор – «Отбасы бан­кінің» нұс­қау­лы­ғын негізге алдық.

 

Зейнетақы жинағын қандай мақсатқа пайдалануға болады?

 1

Ипотекалық займ бойынша бере­шек­ті өтеу, оның ішінде Ислам бан­кі­нің қаржыландыруын қоса алған­да (ішінара немесе то­лық).

Сіз кез келген банктен немесе ипо­те­ка­лық компаниядан тұр­ғын үй, бір банктік қарыз шарты шеңберінде жөндеу жүргізілген тұрғын үй сатып алуға (оның ішінде ҚР заңнамасына сәйкес ке­піл­ді­гі бар тұрғын үй құрылысының үлес­тік қатысуы туралы сатып алу-сату шарттары бо­­­­йынша), жеке тұр­ғын үй құрылысына (ЖТҚ немесе ЖҚШ нысаналы мақсатындағы жер учаскесін сатып алуды қоса алғанда) алған займ бойынша берешекті ішінара немесе толық өтей аласыз.

 

2

Ипотекасыз тұрғын үй сатып алу (толық өтеу).

Сіз пәтер, жеке үй, жатақханадан бөлме сатып ала аласыз. Тұрғын үйді бастапқы немесе қайталама нарықта, сондай-ақ салынып жатқан нысандардан ҚР заңнамасына сәйкес, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы кепілдігі бар, жекешелендіру, бөліп төлеу, айырбастау шарттары бойынша көп пәтерлі тұрғын үйдегі үлесті беру туралы келісімшарт арқылы сатып алуға болады. Осы мақсатта тұрғын үйді зейнетақы жинақтары есебінен де, зейнетақы мен жеке қаражат есебінен де сатып алуға болады.

 

3

«Отбасы банкінде» тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша ипотекалық тұрғын үй займын алу.

Сіз пәтер, жеке үй, жатақханадан бөлме сатып ала аласыз. Тұрғын үйді бастапқы немесе қайталама нарықтан сатып алуға болады. Сондай-ақ банктің бір несие шарты шеңберінде жөндеу жұмыстарын қоса есептегенде тұрғын үй сатып алуға немесе жеке тұрғын үй салуға болады (жеке тұрғын үй салу немесе жеке қосалқы шаруашылық салу мақсаттарымен жер учаскесін қоса алғанда).

 

4

Ипотекалық несие алу үшін бас­тапқы жарна төлеу (оның ішін­­де Ислам банкі қаржы­лан­дыр­уы шеңберінде).

Сіз пәтер, жеке үй, жатақханадан бөлме сатып ала аласыз. Тұрғын үйді бастапқы немесе қайталама нарықтан алуға болады. Сондай-ақ банктің бір несие шарты аясында сіз жөндеу жұмыстарын қоса есептегенде тұрғын үй сатып ала аласыз.

 

5

Сатып алу құқығымен жалдау шарты бойынша берешекті өтеу.

Егер Сіз тұрғын үй­­ бағ­дар­ла­ма­лары мен дағдарысқа қарсы бағдарламалар аясында сатып алу құқығымен жалдау шартын жа­сасқан болсаңыз, онда Сіз зей­нетақы жинақтары есебінен жалдау төлемдерін ішінара немесе толық төлей аласыз.

 

6

Жеке тұрғын үй салу (жер телімін сатып алуды қоса ал­ған­­да).

Сіз зейнетақы жинақтары немесе зейнетақы жинақтары және өз қаражатыңыз есебінен жеке тұрғын үй салуыңызға немесе жер телімін сатып алуыңызға болады.

 

7

Ипотекалық тұрғын үй займын қайта қаржыландыру.

Басқа банктерден тұрғын үй сатып алуға (жөндеу жұмыстарын жүргізе отырып), жеке тұрғын үй құрылысына (жер телімін сатып алуды қоса есептегенде) ипотекалық несиелерді «Отбасы банкінде» қайта қаржыландыруға болады.

 

8

Емдеу.

Сіз зейнетақы жинақтарын Қа­зақ­стан аумағында немесе шетелде медициналық ұйымдарда емде­лу үшін пайдалана аласыз.

 

Зейнетақы қаражаты салынған тұрғын үйді 5 жылға дейін сатуға тыйым салу тәртібі қандай?

Еркебұлан ДАУЫЛБАЕВ,

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары:

– Біржолғы зейнетақы төлемін пайдалана отырып, меншікке ре­сім­делген, өтелмеген берешегі бар ипотекалық тұрғын үйді бес жыл көлемінде сатуға жол берілмейді. Яғни бес жылдық шектеу тек ипо­те­каға, заимға алынған үйлер. Оның ішінде 2021 жылғы 1 қаңтардан бері, ереже күшіне енген уақыттан кейінгі алған ипотекаға байланысты болады. Қалған барлық жағдайда ешқандай шектеу жоқ. Егер сіз тұрғын үйді жеке меншікке, өзіңізге сатып алатын болсаңыз (БЖЗҚ-дағы қаражатыңызға) кез келген уақытта қайта сатуға құқығыңыз бар.

 

Біржолғы зейнетақы төлемін пайдалану рәсімі қалай жүзеге асады?

1

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ» 

 

Туысқандар зейнетақы жинағына бір-бірінен үй сатып алуға бола ма?

Ләззат ИБРАГИМОВА,

«Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы:

– Ең бастысы, операцияның бәрі қолма-қол ақшасыз жүргі­зі­летінін атап өту керек. Алдамшы келісім­шарт­тардың алдын алып, ақшаны амал­дап алып шығу жағ­дайына жол бермес үшін туысқан адамдар ара­сын­дағы келісімшарттарға тыйым са­лынады. Яғни мен өзімнің бауырла­рым­нан, сіңлілерімнен, атамнан немесе әжемнен үй немесе пәтер сатып ала алмаймын. Осылайша, ережелерде бүкіл механизм жазылған.

 

Зейнетақының бір бөлігін депозитке аударуға бола ма?

Жансұлтан МАТАЕВ,

«Отбасы банк» АҚ орталық филиалының директоры:

– Бекітілген ережелерге сәйкес, зейнетақының шекті мөлшерінен ар­тық соманы депозитке салып қоюға рұқ­сат жоқ. Ол соманы алғашқы жарна ретінде егер Сіз тұрғын үй жи­нақ жүйесіне қатыспай, бірден керекті соманың 50 пайызы ретінде салып, үй алуыңызға болады. Бірақ ол ақша­ны алып, депозит ретінде өсіріп, мемле­кеттік сыйақыны алам деуге мүм­кіндік жоқ.