Медицина • 25 Қаңтар, 2021

Отандық нейрохирургтар тұңғыш рет "Cerebra” инновациялық бағдарламасымен ота жасады

386 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ТМД және Қазақстан бойынша тұңғыш рет Алматы қалалық N7 клиникалық ауруханасында жасанды интеллект көмегімен инсультты ерте анықтаудың радиологиялық бағдарламасы енгізілді. Бұл анықтау жүйесі «Cerebra» жасанды интеллект негізінде жүзеге асады. Алдымен пациент КТ-тексеруден өтеді, оның түсірілімін инновациялық софт жүйесі сканерлейді. 

Отандық нейрохирургтар тұңғыш рет "Cerebra” инновациялық бағдарламасымен ота жасады

Алматы қалалық №7 клиникалық ауруханасының бас дәрігері, профессор Манас Рамазановтың айтуынша, алматылық жас ІТ-мамандардың жасап шығарған жаңа жобасын алғаш болып дәл осы аурухана енгізді. Әзірге жүйе пилоттық режимде істейді, алайда өзінің тиімділігін көрсетіп те үлгерді. Жасанды интеллект көмегі тиген алғашқы пациент те бар.

Алматы қалалық №7 клиникалық ауруханасының Қан-тамырлары нейрохирургиясы бөлімшесінің дәрігерлері ишемиялық инсульт алған 71 жастағы пациентке жасанды интеллект көмегімен бірінші операция жасады. Пациент аталған аурухананың қабылдау бөліміне сол жақ денесі мүлдем қимылсыз, бетінде ассиметриямен, және құлағы еш естімейтін жағдайда түскен еді. Тез арада компьютерлік томография жасалып, «Cerebra» жүйесінде өңделді. Шұғыл түрде бас миының оң жақ ортаңғы артериясына механикалық тромбоэкстракция жасалды. Операциядан кейін пациент есін жиып, екі аяғын тең басатын деңгейге жетті, тек қолында әлсіздік бар. Пациент енді оңалту ем-шарасын қабылдамақ. Қан-тамырлары нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Рауан Қастей инсульт кезінде мидағы қан айналымын, ағза жұмысын қалпына келтіру бастапқы "алтын уақыт" саналатын 4,5 сағатта ғана мүмкін екенін айтады. Автоматтандырылған платформа инсульттың бар-жоғын 5-10 минутта анықтап береді және тез арада бас миының қан тамырларындағы өзгерісті көрсетеді. Бұл клиникалық-диагностикалық бағдарлама инсультты ерте деңгейде анықтап, бірден ишемияға ұшыраған аймақты білуге, уақытында емдеуді бастауға, операция жасауға қарсы көрсетілімнің бар-жоғын анықтауға, немесе тромболитикалық терапия және инсультпен түскен пациентке қажетті анықтау мен емдеу шараларын атқаруға мүмкіндік береді.

а

Айта кетейік, осы жылдың 22 қаңтар күні ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Алматы қаласына жұмыс сапары кезінде Алматы қалалық N7 клиникалық ауруханасына келген еді. Министрге «Cerebra» бағдарламасы таныстырылды. Журналистерге берген сұхбатында Б.Мусин әсіресе медицина саласында мұндай жобалардың маңыздылығын және жасанды интеллект негізінде оны ары қарай дамыту қажеттігін атап өтті. Жақын арада «Cerebra» жобасы Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының басқа да ірі клиникаларында енгізу жоспарланып отыр.