15 Желтоқсан, 2013

Тәуелсіздік менің өмірімде

540 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Орындалған арман

Біздің елімізде қасиетті Тәуел­сіздік ұғымымен Президент қатар аталады. Бұл заңдылық сияқты. 1991 жылғы 1 желтоқсанда, алғаш рет жалпыхалықтық сайлау өтіп, Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы Нұр­сұлтан Назарбаев тұңғыш рет Президент болып сайланды. Ол мемлекетіміз өтпелі кезеңнің қиындығына төтеп беріп тұрған өлара кезең еді.

Орындалған арман

Біздің елімізде қасиетті Тәуел­сіздік ұғымымен Президент қатар аталады. Бұл заңдылық сияқты. 1991 жылғы 1 желтоқсанда, алғаш рет жалпыхалықтық сайлау өтіп, Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы Нұр­сұлтан Назарбаев тұңғыш рет Президент болып сайланды. Ол мемлекетіміз өтпелі кезеңнің қиындығына төтеп беріп тұрған өлара кезең еді. 

Сол жылы сол айда халқымыз ғасырлар бойы армандаған Тәуелсіздікке де қол жетті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында Тәуелсіз Қазақ елі бүгінде бүкіл әлемге танымал болды.

Елбасымызбен бірге келе жат­қан 20 жылдан астам уақыт ішінде еліміз өзінің қарқынды экономикасы, салиқалы саясаты, ұлт қауіпсіздігін қорғайтын әскері, қала берді қатықтай ұйыған көпұлтты халқы бар толыққанды мемлекетке айналды. Ақордамыз Астананы әлемдік деңгейдегі саяси-қоғамдық пікір алмасу, әлем елдері үшін маңызды шешімдер қабылданатын орталық деп біледі. Астанада ЭКСПО-2017 көрмесінің өтетіндігі де Елбасымыздың әлемдік беделінің айғағы. Ар жа­ғынан күн көрінетін тілдей оқулыққа «сыйып кеткен» тарихымыз тереңдеп, том-том кітап болды, табалдырықтан қарап қалған тіліміз, дініміз, дәстүр-салтымыз қайта оралып, жаңғырып, руханияты бай қазақ деген халықты дүниежүзі танып, мойындады.

Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев – халықтың мүддесін бірінші кезекке қоятын қайраткер. Сонымен қатар, ол – жаһандық деңгейде ойлайтын тұлға. Оған өткен жылдың аяғында Қазақстан халқына жолдаған «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауы толық дәлел. Онда Президент Қазақстанды дамытуды, оның болашағын жаһандық негізде алып қарастырады.

Елбасымыз Қазақстанның сот жүйесін, судьялардың мәрте­бесін үш биліктің бірі ретінде конституциялық тұрғыда бекітіп берді. Елімізді құқықтық мемлекеттердің алдыңғы қата­рына қосып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын заңды түрде қорғау мақсатында судья­лар қауымдастығына үлкен жауапкершілік жүктеді. Жақында Президенттің қатысуымен Қазақ­стан судьяларының VI съезі өтті. Онда Елбасы сот жүйесін, судьялар мәртебесін күшейту бағыттарын тағы да айқындап берді. Халық құқығын қорғау үшін судьялар сапалы жұмыс атқаруы қажет деп түсінетін Елбасы судьялардың жүктемелерін азайту үшін 900-дей штаттық санды көбейтуге тапсырма берді. Әрине, бұл – біз үшін қуанышты жағдай. Медиация заңын пысықтап, дауларды сотқа дейін реттеуге қатысты мәселелерді тапсырды.

Съезде Елбасы: «Кез келген азамат сот жүйесі арқылы өзінің мәселелерін әділ шеше алуы керек. Сондықтан мемлекет те, мен де сот жүйесіне баса көңіл бөліп отырмыз», деген еді. Сондықтан алдымен сот төрелігін әділ де заңды атқару – халық сенімін, Президент сенімін ақтаудағы біздің басты міндетіміз.

Алаш баласы аңсаған Тәуел­сіздік мерекесі – орындалған арман салтанаты.

Убайдулла ҚОШАНОВ,

Қостанай облыстық соты

апелляциялық сот алқасының төрағасы.

Бақ құсы қалықтайды байтағымда

Тәуелсіздік – анықтама тілемей­тін қасиетті құндылық. Бүкіл адамзат Жаратушы алдында ғана тәуелді. Өзі өмір сүрген қоғамның жалпыға ортақ заңдылығына мойынсыну тіптен де бағыныштылық емес. Нәсіліңнің, тіліңнің бөлектігі басқалармен келіс­пеушілік нышаны саналмайды. Ал, тағдыр-талайының, бақ-берекенің бұйыруы – жазмыштан.

Сәбидің талпынумен өсетіні секілді, алға басу елдің де, ердің де бағын ашатынын тәуелсіз Қазақ­станымыздың арайлап атқан әр таңы айғақтайды. Бағзы заман ертегісі бүгінгі бетбұрысымыздың шаңына да ілесе алмай қалды. Нағыз ертегі беймәлім болашағымызға ғана жарасатын тәрізді. Асанқайғы бабамыз іздеген Жерұйық кін­дігі – Астанамыз десек, әсте, әсі­релегендікке жатпас. Әнеугі отар­шылдық аласапыраны кезінде Тың далаға анда­ғайлағандардың іштері бір артық­шылықты сезген шығар-ау, тегінде...

Он бес тараудан тұратын Бодан­­дық томының мұқабасы сөгіліп, өңделген тарих парақта­рын саясаттың сойқан желі ша­шы­­ратқанда, Қазақстан анадан жаңа туғандай күй кешкенін қалайша ұмытармыз?! Өзгеге де, өзді-өзімізге де көз алартпадық. Рас, әлдеқалай заманда адаспайық деп аз-кем айналаға қарайладық. Іштен тынған бейбіт халқымыз бір пәлеге ұшырамасын деп алаңдадық. Бүлінгеннен белгі алмауға бекініп, жаға жыртысудан аулақ болдық. Желтоқсан тәлімін жүрек түкпірінде аялап, отқа май құюдың әсіреқызыл арандатуына жол бермедік.

Енді, міне, тарих куә, ел риза – тәуелсіз Қазақстанымыз кеңестік кезеңдегі қатарлас мемлекеттердің көші түзу, көңілі тоқ, болашағы нұрлы талассыз дарабозы. Тұңғыш Президентіміздің әр бастамасы жаңалықтың жаршысындай. Оның жан дүниесінен адамзаттық романтика ұшқыны атып, оптимистік Олимп рухы алаулайды. Не күлтелейтіні бар, хан басқарған, батыр қорғаған, би бітіміне тоқтаған қазағымның осынау үш тұлғасының Елбасы болмысынан менмұндалайтыны әмбеге аян.

Біз – тіптен де жайбасар емеспіз, керісінше, жасампаз халықпыз. Болжамы байламды, талдауы терең, тапсырмасы нақты Президентіміздің өркениет бәйгесіне үміт тұлпарын қосуы бәрімізді де қамшылауы тиіс. Әсіресе, өскелең буын, жас ұр­пақ жеті жұрттың тілін де, ісін де мең­геруді мұрат тұтса, нұр үстіне нұр!

Батасы қабыл бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздік дәуірінің бә­ріміз де үлескеріміз. Қазақтың дарқандығы мен қаһармандығын саяси салтанаттар мен сарап­тау­ларда даналық биігінен паш еткен Назарбаевтың наркес­кен ұстанымына әлем жұрт­шылығы әлдеқашан назар аудар­ған. Жаңа­лықтың ұстасы, тынышт­ық­тың тұтқасы Елбасымыз да, еліміз де лайым дін аман болғай!

Шарықтай берсін шат үнім, қалықтай берсін бақ құсым! Елең­десін еліме шіренгендер шал­қалап, жалынды жастар төрге оз­сын болашақ жүгін арқалап. Жұл­қына жүрек соғатын, күн сайын жеңіс тосатын, құрлықтар келіп тілдесіп, мұхиттар шалқып таситын, ғажа­йып орда орнатқан алғысы шек­сіз халқының Нұрсұлтандай дараға! Қазақты қазақ жақын тұт, жаутаңдама ешқашан сырты дос, іші басқаға!

Жаңабай КЕМАЛ,

халықаралық

«Дарабоз» әдеби

бәйгесінің жүлдегері.

Арал.

Ел сенімі ақталды

Қазақ елі – қасиетті мекен. Осы мекенде біз қазір тәуелсіз елдің таңымен оянып, емін-еркін өмір сүрудеміз. Иә, тәуелсіз елдің таңы. Ал осы күнге жеткенге дейін еліміз қанша азапты күнді басынан өткерді десеңізші! Азаттық, теңдік үшін кімдер басын жауға тікпеді, кімдер құрбан болмады? Тарихқа көз жүгіртсек, ұлан-ғайыр даламыз алып империяның меншігіне айналды. Тоталитарлық жүйенің қармағына ілініп, ашаршылықты, репрессияны бастан кешті. Ұлы Отан соғысы да талай боздақты жалмады. Міне, халқымыз осының бәріне көніп, шыдамасқа шыдай білді. Қатер төнген сәттерде бірігіп, найзаның ұшымен жерін қорғады. Сондағы мақсат –тәуелсіздік еді. Көптен күткен мақсат та орындалды. 1991 жылдың 16 желтоқсанында бодандықтың бұғауы бұзылып, ата-баба аңсаған арманға қол жеткіздік. Қазақ елі – азаттыққа жетіп, тәуелсіз мемлекет атанды. Еліміз үшін жаңа тарихтың парағы ашылды.

Қазақстан халқы мемлекеттің Тұңғыш Президенттігіне Н.Ә.На­зарбаевты сайлады. Және оған сенім артты. Елбасы ел сенімін ақтай білді. Бірлікке, елдікке шақы­ра отырып, болашақты дұ­рыс бағдарлайтын көрегенді саясат жүргізіп, елді экономикалық дағдарыстан аман сақтап қалды. Тәуелсіздігіміз одан әрі нығайды, шека­рамыз бекіді. Әлеуметтік-экономикамыз дамудың биік сатысына өрледі. Қазақстан алпауыт мемлекеттермен достастық қарым-қатынас орнатып, әлемге танылды. Міне, осы жетістіктің бәрі, ең алдымен, тәуелсіздігіміздің, Тұңғыш Президентіміздің сарабдал саясатының жемісі екені даусыз.

Тәуелсіздіктің арқасында Қазақстан халыққа қызмет ететін өзінің түрлі саяси институттары мен ұйымдарын жаңартты. Солардың бірі – әділет органы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында азаматтардың және ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін атқарушы әділет органы талай істі тындырды. Нақтырақ айтсақ, әділет органдары жұмыс жүйесін түбегейлі өзгертті. Соның нәтижесінде, жаңа заман талабына сай мемлекеттік құқықтық реформаны қалыптастырып, сол бағытта жүйелі қызмет етуде. Елбасы қолдауымен «электронды үкімет» жандануда. Соның ішінде, жылжымайтын мүлікті тіркеу тәртібі, азаматтық хал актілерін және заңды тұлғаларды тіркеу саласы электронды жүйе бойынша халыққа қызмет етуде. Нақтырақ айтсақ, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеудің электронды түрі рәсімдеу шараларын түбегейлі жеңілдетіп, кедергілерді жойып, азаматтарға қолайлы жағдайлар туғызуда. Бұл өз кезегінде құқық нормалары арасындағы қайшылықтарды, сыбайлас жемқорлықты бол­дырмауға көп септігін тигізіп отыр.

Зульмира ЗУЛЬЯРОВА,

Атырау облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары.

Атырау.

Егемен елдің баласымын

Ұлттық намыстан басқа ештеңе ойламаған жастар, студенттер, жұмысшылар «Ел мен жер біздікі, неге бізді басқа жақтан келген біреу басқарады?» деген сұраққа жауап іздеп желтоқсанда алаңға шықты. Кеуделерін намыс кернеген олардың жүздеп, тіпті мыңдап көбейе бергенінен қорыққан билік алаңдағы жастарды «нашақорлар», «маскүнемдер» деп атап, елге жалған ақпарат таратты. Жастардың ұраны Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні еді. Сөйтіп, қазақтың ер рухын көтерді...

Тарихтың беті бері айна­лып, 1991 жылы көп аңсап, ар­ман еткен тәуелсіздігімізді ал­дық. 16 желтоқсан – Қазақстан Республи­касының Тәуелсіздік күні. Осы айтулы оқиғаға орай аудандық ор­та­лық балалар кітапханасының «Тәуелсіз елдің баласымын» атты әңгіме-шолу «Жұпар», «Қаламқас», «Балдырған» балабақшалары мен Есір ауылының «Балапан» мектепке дейінгі шағын орталығында өткізілді.

Кітапханамызда «Қылқалам» жас суретшілер үйірмесі жұмыс жасап келеді. Бүлдіршіндерге үйірме мүшелерінің «Тәуелсіз еліміздің Астанасы» тақырыбында салынған суреттері таныстырылып, викториналық сұрақ-жауап ойын түрінде өткізілсе, «Желтоқсан желі ызғарлы» атты слайд-шоу көрермендерге үлкен әсер берді.

Осы іс-шара кейіннен кітап­ха­наның оқу залында ұйым­дастырылып, мектеп оқушылары, ата-аналар қатысып, «Тәуелсіз елдің тірегі – жастар» атты үлкен кең көлемде кітап көрмесі, шолу ұйымдастырылды.

Біз Көк байрағымызды жоға­ры көтеріп, Елтаңбамыз бен Әнұра­нымызды қастерлей берейік. Көк тудағы күн тәуелсіздік пен ер­лік­тің белгісі десек, оның астын­дағы дала қыранының қанаты талмай, мәңгіге шарықтай берсін!

Зарина МҰСАБАЕВА,

кітапханашы.

Қостанай облысы,

Амангелді ауданы.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар