Руханият • 26 Қаңтар, 2021

Еркелеуді үйреткен «Ералаш»

341 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әйгілі «Ералаш» киножурналының әкесі Борис Грачевский дүниеден озды. Есі кірген сәби мен еңкейген қарттың езуіне күлкі үйірген кино­режиссердің еңбегі көл-көсір. Кеңестік кезеңнің көркем туындысы өз заманында әр баланың жүрегіне ұя салды десек, қателеспеспіз. Еркіндікке құмар балдәурен шақтың балмұздағындай тәтті туындылар ойынқұмар жастың ермегіне айналды. Айналып қана қойған жоқ, сонымен бірге есейтті. Міне, бүгін бүтін бір дәуір көшкендей.

Еркелеуді үйреткен «Ералаш»

«Ералаш» журна­лы­ның құрылу тарихы «Фитилек» кинохроникасы негізінде «Фитиль» киножурналын құру идея­сынан басталады. Бел­гілі режиссер Алла Су­рикова бұл идеяны байып­ты қабылдады. Әмбе істі нақтылау үшін КОКП Ор­талық Комитетіне хат жол­дайды. Көп ұзамай жасампаз жоба мақұлданады. Кейін Анна Сурикова «Фителек» жаңа кинохро­никасына арналған екі сю­жет жасайды. Бірақ бұл ізденісі көңілден шық­па­ған соң жұмысты аяқ­сыз қалдырады. Мұны сез­ген кинорежиссер Борис Грачевский мен Алек­сандр Хмелик жобаны қай­та жаңғыртып, жас көрер­мендерге түрлен­ді­ріп ұсынуға кіріседі.

Жобаны мықтап қолға алған Борис Грачевский мен Александр Хмелик балалар туралы қысқа да қызық, балаң әзіл-оспаққа толы, тіпті тағылымды әңгімелер түсіруге ниет­тенеді. Балалар журна­лына ұсынылған әр түр­лі атаулар ұнамайды. Осы сәтте Александр Хме­лик­тің қызы Мариян «Ералаш» деген атауды ұсы­нады. Яғни хаос немесе тәртіпсіздік дегенді білдіреді. 13 жасар қыздың тапқырлығы жобаны тіпті әрлендіріп жібереді. Осылайша «Ералаштың» ел арасындағы даңқты ғұмыры басталады.

1974 жылы журналдың алғашқы сандары экранға шықты. Премьералық шығарылымда үш миниа­тюра болды. Олардың бі­ріншісі «Ұятты дақ» деп аталды. Оның авто­ры – атақты қаламгер Агния Барто. Алғашқы қада­мынан-ақ көпшіліктің ыс­тық ықыласына ие бол­ған туынды жыл сайын 6 шығарылым жасауға итер­меледі. Бұл сол уа­қыт­та үлкен нәтиже болатын. Бастапқыда туын­ды кинотеатрлардың бар­лығында көрсетілді. Қай­та құру кезеңінде журнал баяу, бірақ сенімді түр­де теледидардан өз позициясын ала бастады. Сонымен, КСРО ыды­раған соң «Ералаш» жобасы теледидарға ауысып, РТР арнасындағы «Біз­дің «Ералашта» өзінің құр­метті орнына ие болды.

Содан кейін «Ералаш» суретке ұласты. Оны Юрий Смирнов салды. Оған арнайы жазылған көңілді әуен де қосылды. Су­ретке ұласқан «Ералаш» скрин­свейерлері де өзін­дік эво­люциясы бар. Мәселен, кино­хрони­ка­да­ғы кейіп­кер­­лер заманауи қалыпқа түсіп, қарапайым баланың бей­несі өзгерді. Бірінші скри­нингтен бастап және жо­баның толық экрандық форматқа көшуіне дейін төрт рет түрленді. Негізгі кейіп­керлердің өңі мен стилі ерекше боялды. 2000-жылдардың басында кинохроника заман талабына сай компьютерлік анимацияға көшті.

«Ералаш» бүгінде флэш-анимацияны қол­да­на отырып, «трансфер» тех­никасында бейнеролик жасауда. «Ералаш» жазуы түрлі-түсті әріптермен көк фонға түседі. Бұл жазу алғаш рет экранда 1978 жылы пайда болған екен. Фонда үлкен әріптерге жар­масқан шолақ шалбар мен жеңіл жейде киген бала бейнеленген. Көрерменді қызықтыру үшін одан басқа да кейіп­керлер қосылды. Олар: жігіт пен қыз, ана мен әке, апа мен ата. Сол арқылы отбасымен бірге көруге арналған туынды үлкен сұранысқа ие болды.

Бүгінде «Ералаш» жур­на­лының «қартайғанына» қарамастан, түсірілімдері жалғасуда. Әрине, бүгінгі көзқарақты оқырман сюжет бірдей емес және көп нәрсе «классикалық Ералашқа» сәйкес кел­мейді деп санайды. Біз­діңше, бұл таңғаларлық жайт емес. Қазірде жоба авторлары Ералаштың дәуірі өтпегенін дәлелдеп бағуда. Жыл сайын танымал әр­тістерді тартып, сан алуан бейнеро­ликтер түсіруде. Кино жар­на­маларының таны­малдылығы біртіндеп жо­ғалып бара жатқаны бел­гілі. Сыншылар жаңа сю­жеттерді сөгуден тартынбайды. Режиссерлер үшін бұл факт жобаны түрлендіруге өзіндік сеп­тігін тигізіп келеді.

Өкінішке қарай, әлем­де «Ералаш» кинохроникасы танымал емес. Өйт­кені барлық сюжет тек орыс аудиториясы­на арналған. Бірақ Украи­на, Беларусь, Қа­зақ­стан, тіпті Польша көрер­мендері бұ­рын­ғыдай «Ералаш» ескі кинохроникасын жақ­сы көреді.

Төртбұрышты эк­ран­­ға телміре қарап, «Ера­лашты» сарыла кү­тетін сәттер келместің кемесіне мінгендей. Десе де дәуір аунағанымен, сол балау­са шақтар көңіл көзе­сінде шайқалып, анда-сан­да ойға оралады. Қо­жаның қиқарлығы мен Ералаштың еркелігі – әлі де жүрек төрінде. Кейде сол алаңсыз күндерге сапарлап қайтқың-ақ келеді. Әйтсе де уақыт кемесі арт­қа жылжи қояр ма екен?