Кино • 26 Қаңтар, 2021

Коммерциялық киноның күнгейі мен көлеңкесі

890 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кино – өндіріс. Яғни Голливуд кино­тудырушыларының ұстанымына сай саралар болсақ, фильм жасауда көркемдік талаптардан бұрын, ең әуелі табыс табу үрдісі басты нысанда болуы тиіс. Осыны желеу еткен отандық режиссерлеріміздің дені һәм жекеменшік студиялар өнімі негізінен Голливуд өнімдеріне еліктегісі келіп тұрады. Яғни өнер жасауды емес, миллиондап табыс табудың жолында бәрін сарп етуге бар. Тіпті осы мақсатқа жетуге мемлекеттен қаржылық қолдау көруден дәмелілері де жетерлік.

Коммерциялық киноның күнгейі мен көлеңкесі

Соңғы уақытта: «Қазақ кине­мато­графиясының аяқ алысы жа­ман емес. Бір жылдың ішін­де бәлен­б­ай фильм түсі­рі­ліп, көрер­меніне жол тартып үлге­ріпті. Осы­ның өзі-ақ ұлт­тық кино­өне­ріміздің көсегесі көгергенінің айқын айғағы емес пе?!» деген сарын­дағы пікірлерді жиі естіп жүрміз. Бірақ жүргізіліп жат­қан сол сансыз есеп сапаға да дәл сол дең­­гей­де жауап бере ала ма? Міне, мәселе осында!

Мысалы, осыдан екі жыл бұрын отан­дық кинематография қоржынына бір жыл ішінде 36 көркем картина қосылса, оның 90-95 пайызы жекеменшік киностудиялар түсірген коммерциялық жобалар екен. Бұл қарқын соңғы бір жыл көлемінде карантин тәртібіне байланысты сәл тежелгенімен, жалпы «кассалық» кино түсіріп, пайдаға шаш-етектен кенелгісі келе­тіндердің қатары көбеймесе, еш сиреген жоқ.

Керісінше, кино өнері жүк­тейтін көркемдік талаптар мен кә­сіби біліктілікті былай ысырып қойып, үлкен өнерден дәмелілер қатарына қалтасында қаржы­сы бар кез келген әуесқой адам, оның ішінде әсіресе шоу бизнес өкілдері де жиі ортақтасатын болып жүр. Осының өзі-ақ көр­кемдік қуаты мол кәнігі кәсіби мамандар ғана атсалысатын тал­ғампаз өнердің сапасын сейіл­тіп, қадірін қашырғандай. «Ма­хаббаттың да соқыр болатыны», «бәріне ер адамдардың кінә­лі екені», «соңғы қалыңдық», «ке­лін­нің де адам екені», «қазақ жігі­тіне ғашық болмаудың бес се­­бебі», «бизнестің қазақша түрі», «бай-оғландар ұрпағының да ме­йірімді әрі кең жүректі болатыны» сынды бір-бірінен көп ерекшелене қоймайтын түбі сарындас айналдырған бес-алты оқиғаның шеңберінен шыға алмайтын аясы тар жеңіл сюжет, тілі дүбәра, ойы арзан фильмдердің кинотеатрлар желісін жау­лап алғанын көріп бір күмілжісек, һәм осы комедия­лар көрсетілетін уақыт­та кинотеатр кассасы алдындағы қызған қалың кезек және ойландырмай қоймады.

Бір қызығы, ұлттық рухты ас­­қақ­тататын «Қазақ хандығы» не­месе «Томирис», болмаса ха­лық­аралық талай фестивальдің алдын бермейтін Әділхан Ер­жа­новтың «Қап-қара адам», Фран­цияның Канн фестивалінде қан­дасымыз Самал Есләмова үз­дік актриса деп танылған режис­­сер Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмдеріне жинал­май­­­тын ха­лық, Нұрлан Қоян­баев­тың «Қа­зақ­ша бизнес», Нұртас Адам­­­бай­дың «Сәбина келін», Әсел Сә­дуа­қасованың «Келін де адам», Баян Алагөзованың «Абай­лаңыз, сиыр!», Ернар Нұр­ға­лиев­тің «Брат или брак» сын­ды арзанқолдау комедияларына билет таппай сандалады. Кинотеатр кассасы ал­дын­дағы осы көріністің өзі-ақ бүгінгі көрерменнің талғамы мен деңгейін анықтауға нақты айғақ болса керек. Одан бөлек, аталған фильмдердің прокаттан тапқан табысы да қазіргі арзан әзіл, жеңіл оқиғаға құрылған кас­салық кинолар дәуірінің өрістеп тұрғандығын көрсетеді. Мәселен, кинотеатрлар жасаған өткен жыл­дардың табысты фильмдер тіз­бегіне көз жүгіртсек, онда мы­надай деректерге кезігеміз. Про­катка шыққаннан-ақ ең көп тал­қыға түскен комедияның бірі ре­­­жиссер Асқар Ұзабаев түсірген Баян Алагөзованың «Абайлаңыз, сиыр!» картинасы болса, ал на­рық­та ең көп кассалық табыс тап­қан фильмдер көшін Нұртас Адам­байдың «Сәбина келіні» бастайды. Комедия прокатка шыққан алғашқы бес күннің ішінде 112 мил­­лион теңге табыс тауып, өз бюд­жетінен екі есе артық пайдаға кенеліпті. Сол секілді Қайыржан Орын­бековтің «Қазақша тонауы» бас-аяғы 2 миллион теңгеге түсі­ріліп, прокаттан 13 миллион та­быс тауыпты. Ал Нұрлан Қоян­баев­тың «Африкадағы қа­зақша биз­нес» комедиясының отандық про­каттағы табысы 573 883 750 тең­ге болса, «Құдалар» – 390 617 555, «Бизнесмендер» – 195 559 200, «Ұлы дала комедия­сы» – 183 463 410, «Мен – күйеумін» – 161 742 400, «Гудбай, мой бай» – 146 089 950, «Тайландтағы демалыс» – 127 101 927, «Сиситай» – 99 408 465, «Свадьба.kz» фильмі 73 028 323 теңге көлемінде пайда тапқан.

Демек, қанша мін артқаны­мыз­бен де, аталған туындыларға сұраныс басым. Егер осы есеп кө­рермендер талғамы мен жалпы кино өнері деңгейіне таразы болса, онда ойланатын сұрақ та көп. Бұл жөнінде режиссер Ермек Тұрсынов: «Қазіргі көрерменнің деңгейі өте төмен. Олар жаман киноларға әбден үйреніп қалған. Жаман кино дегенім – көрерме­ні­не ой салмайтын, мағынасыз, адам­­ның ойын өшіретін кино. Киноға барып, поп-корн жеп, еш­теңе ойламай, күліп отырып кино көресің. Бір жарым сағаттан соң «кино не жө­нінде?» деп біреу сұраса, жа­уап бере де алмайсың. Жеңіл туынды көрерменін демалдырмайды, уақытын зая кетіреді. Мен көрерменнің деңгейіне түс­кім келмейді, керісінше, көрер­меннің деңгейін көтергім келеді. Ағарту жолы қиын, әрине. Мен фильмдерді «мынау кино», «мынау кино емес» деген екі топқа бөлемін. «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа» – бұлар кино. Ал «Қай­рат – чемпион», «Алматыда пәк­тікті жоғалту» дегендер кино емес», деп пікір білдірген бо­латын бір сұхбатында.

Рас, қазір «кассалық» фильм­дерге әуес режиссерлердің дәурені жүріп тұр. Олар тіпті ешқандай көркемдік кеңессіз-ақ өз өнімде­рін көрерменге ұсынып жүр. Бұл үшін оларды жазғыра алмай­сың. Өйткені коммерциялық фильм түсірудегі басты мақсат – қаражат табу. Ал көркемдік сапа жайлы әңгіме басқа. Ол олқылықты әлі күнге дейін бір жүйеге түсе алмай отырған Қазақстан Рес­публикасының «Кино туралы» за­­ңынан іздеу әділетті бола­ды, біз­­діңше. Талай жыл талқы­лау­­ға түсіп, талданып жатса да, ба­сым­дыққа ие бола алмай отыр­ған кино заңнамасын жолға қо­йып ал­май, аталған мәселенің шешіл­ме­гені – шешілмеген. Бұл турасын­да Мемлекет басшысы да рес­пуб­ли­калық «Ана тілі» газетіне бер­­ген сұхбатында тоқталып, өз көңіл­толмаушылығын білдірген болатын. «Бізге тарихи оқиғаларды дәріптейтін, қазіргі қоғамды да бейнелейтін сапалы дүниелер керек. Қырғыз киногерлері «Құр­ман­жан датқа» деген мәнді, мағы­налы, көз қуантып, көңіл толатын фильм түсірді. Соған бар-жоғы 1,5 миллион доллар жұмсаған. Ал біздің кинематографистер бұдан әлдеқайда көп сұрайды. Ал түсірген дүниелерінің сапа­сы әрдайым көңілден шыға бермейді. Өкінішке қарай, бүгінде біздің кино­герлер де ауызбіршілік та­ны­та алмай отыр. Бұл – шығар­машылықты тұралататын жағдай», деді Президент.

Әлбетте, бұл пікір коммер­ция­лық фильмдерден бұрын, мем­лекеттік тапсырыспен түсірілетін кинотуындыларға қатысты ай­тыл­­ған сын болғанымен де, кино мә­­се­лесі сөз болғанда ескерілмей қалмауы керек түйткіл. Өйткені соң­ғы уақытта киноның айналасында өрбіген дау-дамай, тартыс үдемесе, титтей де толастаған емес. Соның негізгісі – жақында Мәдениет және спорт министр­лі­гі жанынан құрылған Ұлттық киноны қолдау орталығының өз іші­нен шығып жатқан дау-дамай. Еңбек Ері, КСРО халық әр­тісі Асанәлі Әшімов, актер Нұр­жұман Ықтымбаев, режиссер­лер Сатыбалды Нарымбетов пен Ермек Тұрсынов бастаған кино өнері майталмандарының на­ра­зылығы, негізінен, осы Ұлт­тық киноны қолдау орталығы бө­ле­тін қаржының 95 пайызы ұлт­тық өнерге емес, жекеменшік сту­дия­лардың коммерциялық фильм­деріне басымдық берілгенінен туындаған қарсылық болатын.

«Ұлттық киноны қолдау орта­лығы ашылғанда ұлттық кино­мыздың көсегесі кө­гереді деп қат­ты қуандық. Отандық кино­гер­лердің басын қосқан сарап­шы­лық кеңестің төрағасы етіп мені тағайындапты. Қолдау орта­лығының шарттарымен танысып, талқылаған кезімізде онда мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы коммерциялық бағытта­ғы фильмдерге емес, ұлттық фильм­дерді қолдауға бөлінетіндігі анық көрсетіліпті. Алайда жеме-жемге келгенде орталықтың бұрынғы бас­шысы Гүлнәр Сәрсенова шарт­тағы талапты ескерместен, 95 па­йыз қаржыны коммерциялық фильм­­дердің қанжығасына бай­лап берді. «Қазақфильм» кино­­сту­диясының тек қана бір филь­мі­нің қаржылық қолдауы ма­құл­дан­­ды. Енді өзіңіз ойлап қараңызшы, Шәкен Айманов ағамыздың есі­мін иеленген еліміздегі жалғыз кино­студия «Қазақфильм» – қа­ра­­шаңырағы үлкен ұжым. Ұлт­тық киномыздың көсегесін кө­гер­тіп, шырақшысы болып отыр­­­ған да осы өнер ошағы. Ал Ұлт­­­тық киноны қолдау орталы­ғын ашудағы мақсат не? Жеке­мен­шік киностудиялардың жағ­да­йын жасап, өзіміздің ұлттық ки­но­студиямызға өгейдің кү­йін кештіріп қою ма? Бұл қан­ша­­лықты әділетті? Осы әре­кет­-
те­рімен кейбіреулердің жал­пы «Қазақфильм» киносту­дия­сын құрдымға кетіріп, сол арқы­лы ұлттық өнеріміздің де тамырына балта шапқысы келе­тінін көруге болады. Аталған қа­уіпті сейілту үшін жанұшырып жүр­міз. Ал коммерциялық фильм­дер мемлекеттің қолдауына зәру емес. Көздегені көркемдік сапа емес, пайда табу болғандықтан, олар қандай жолмен болса да өз есесін жібермейді. Бір күндік фильм тү­сіріп, жылтырақ эффектісімен онсыз да қыруар табысқа кенеліп отырған жекеменшік студияларды мемлекет тарапынан бөлінетін ақшамен суаруға мен түбегейлі қарсымын. Еліміздің ертеңін ой­ласақ, ең әуелі кино талаптарына толыққанды жауап беретін са­палы ұлттық фильмдерімізді қол­дауымыз керек», деген Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі режиссер Сатыбалды На­рымбетовтің алаңы ұлттық өнерді өркендетуді ойлайтын кез келген киногерді бейжай қалдырмауы керек деп санаймыз.

Хош, әңгімеміздің әлқиссасы­на қайта оралсақ, коммерциялық ки­ноның басты мақсаты – ұлт­тық мүддеден бұрын, қаржы табу екен­дігі анық. Бұл жерде кино тілінің кәсіби айшықтары мен жалпы көркемдік сапа турасында сөз қозғау тіпті артық. Кассалық та­быс­ты басты орынға қойған мұн­дай фильмдердің көптігі сон­шалық, дәл қазіргі қазақ киносы өнерден гөрі кәдімгі бизнеске айналып бара жатқандай әсер қал­дырады. Және ең қызығы, фильм түсіру үшін арнайы кине­ма­тографиялық білім мен тәжіри­бенің мүлдем керек болмай қал­ға­нын соңғы бесжылдықта түсі­ріліп жатқан коммерциялық фильм­дер­дің қарқынынан байқау қиын емес. Бірақ нағыз өнер табыс­пен өлшенбесе керек. Киноны ком­мер­циялық тауар емес, таза өнер туындысы деп түсінетін, сол дең­гейде өнер тудыратын ке­­зін­дегі Луй Бунуэль, Ингмар Берг­­ман, Федерико Феллини, Мике­ланжело Антониони, Роберт Брес­сон, болмаса өзіміздің Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев сын­ды нағыз арт-киноның алпауыт­тарына бү­гінгі қазақ киносы шын зәру.