Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Экономист Олжас Құдайбергенов бұрынғы ынтымақты жүйе қазіргі жаңарған экономикалық үлгіге ілесіп кете алмағанын айтады.
– Осыған дейінгі зейнетақы жарнасы іс жүзінде салыққа айналады, ал азаматтар ойша үнемдеуге үміттенбейді. Аккумулятивті модельдің кемшіліктері аралас модельдерді құру арқылы ішінара жойылады, мұнда аккумулятивті және ынтымақтастық механизмдерінің дұрыс үйлесуі байқалады. Бұл модельдер әлдеқайда тұрақты, – дейді ол. Сарапшының айтуынша, алғашқы уақытта БЖЗҚ акумулятивті моделі жайлы көзқарас оң болғанымен, нәтижесі күткендей болмады. Рентабельділік төмендей бастады. Бастапқыда жұртты сабырға шақыру үшін соңғы нәтиже жайлы айтуға әлі ерте, 5-10 жыл өткен соң ғана тиімділігін көреміз деген пікір айтылды. Кейін бұл тиімділік нәтижесі 30-40 жылға ұзартылып, сенімсіздік синдромы пайда болды. Соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2004 жылы президенттік сыйлықақы енгізілді (ынтымақтастық компоненті), бұл шын мәнінде осыған дейінгі қолданыста болған үлгінің тиімсіздігін толтырды.
БЖЗҚ-ға осы фактор арқылы тағы да карт-бланш беріліп, зейнеткерлердің қосымша шығындарын өтеу бюджеттің жауапкершілігіне қалдырылды. 2004 жылдары эконо-
миканың өсімі ІЖӨ-ге дем беріп, теңге бағамы тұрақты болды. Бұл БЖЗҚ займдарынан сыртқы займдардың арзан болуына алып келді. Нәтижесінде, сыртқы қарыздарға басымдық берілді де, зейнетақы қорлары ішкі нарықта әлсіз қарыз берушілер санатында қалды.
– 2008 жылдан кейін жағдай өзгерді. Зейнетақы қорларына нақты рентабельділік әкелетін жалғыз актив – мемлекеттік облигациялар. Қалғанының бәрі нөлге теңесіп қалды немесе шығынға батты. Тиісінше, қаражаттың кірістілігі барлық уақытта инфляциядан төмен болды, ал нақты кіріс азая бастады. Зейнетақы активтерін басқарудың шынайы көріністері осындай еді. Сондықтан зейнетақы активтерін басқарушы компанияларға сеніп тапсыруға қарсы болдым, – дейді О.Құдайбергенов.
Оның айтуынша, зейнетақы секторындағы атмосфера да, тіпті басқару сапасы да өзгеріссіз қалды. Мұндай жағдайда салымшылар қордағы активтерін өздері тәуекелге тапсырғысы келсе де, ал басқарушы компаниялар барлық тәуекелді өз жауапкершілігіне алса да жағдай өзгермейтін еді. Зейнетақы қорларындағы осындай белгісіздіктердің қордаланып қалуынан БЖЗҚ пайда болды. Нәтижесінде зейнетақы жүйесін мемлекет тарапынан қолдау шығыны 10 есеге төмендеді, номиналды рентабельділік өсіп, инфляция деңгейінен асып кетті. Бірақ жағдай ұзаққа созылмады. 2009 жылдан кейін экономикадағы дағдарыстық процестердің жалғасуы, жекелеген мемлекеттік компаниялардағы жағдайдың нашарлауы мемлекеттің оларға БЖЗҚ-дан несие беру туралы шешім қабылдауына салымшылар оң қабақ танытпады. О.Құдайбергеновтың түсіндіруінше, проблемалы мемлекеттік компаниялардың облигацияларын сатып алу тәжірибесінен гөрі жоғары деңгейдегі мәселе бар. Зейнетақы жүйесін қолдау құны 10 есеге төмендеді, номиналды рентабельділік өсіп, инфляция деңгейінен әрдайым жоғары болады. 2019 жылы салымшылардың наразылығы күрделеніп, шегіне жетті. Салымшылар БЖЗҚ-дағы қаржыны тұрғын үй сатып алуға пайдалану қажеттігін ашық айта бастады.
Мұнай бағасы 80 АҚШ долларынан көтерілсе оның амалы табылатын еді. Бірақ мұнайлы мемлекеттердің өзі мұнайдан кейінгі дәуір туралы ойлана бастағаны туралы ақпараттар әлемдік баспасөзде ашық айтыла бастады. Жекелеген қалалар тәжірибесінде, 2020 жылдың қорытындысы бойынша мұнайлы Дубайдың экомикасында мұнайдың үлесі –5 пайыз, туризм үлесі 20 пайызға жетті. Ал біздегі жағдай – экономиканың негізгі доноры Ұлттық қор мен мұнайдан түсетін салық деңгейінен әріге асып кете алмады. Мемлекеттің салымшылардың уәжіне қарсы тұратын мүмкіндігінің шектеліп қалғаны 2019 жылы белгілі болды. Тап осы сәтте халықтың өз ақшасына өзі үй салып, жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретін Сингапур үлгісінен артық жүйе халықаралық тәжірибеде жоқ еді. Бұл жүйенің сыртқы формасы зейнетақы мен тұрғын үй жүйесінің арасын жалғай алатын мүмкіндігімен ерекшеленді. Сингапур тәжірибесінде әр жұмыс беруші бірыңғай зейнетақы қорына қызметкердің айлық жалақысының 20 пайызын, қызметкердің өзі 13 пайызын еркімен аударуы керек. Сонда қызметкердің 33 пайыздық салымының 20 пайызы «қарапайым есепшотқа», 5 пайызы «арнайы есепшотқа» кетеді. Сингапур жағдайында тұрғын үйге берілген ипотекалық несие зейнетақы салымының бір бөлігі – «Қарапайым есепшот» есебінен жабылады.
Сарапшылар Үкімет Сингапур тәжірибесіне ықыласы ауып тұрса да аяғын тартатын тұсы бар екенін айтып отыр. Қазақстандықтардың зейнетақы салымдары сингапурліктерден үш есе аз. Сингапур сыртқы сипаты жағынан (welfare state) әлеуметтік мемлекет емес екенін бәріміз білеміз. Бірақ олардың мемлекеттік деңгейде қабылданған шешімдерінен ең алдымен әлеуметтік векторға басымдық беретіні аңғарылады. Ал біз тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен әлеуметтік векторға басымдық беретінімізді айтып келеміз. Бірақ олай емес екені соңғы кезде қатты аңғарыла бастады.
О.Құдайбергенов айтқандай, сингапурлық жүйе экономиканың болашақ цифрлы трансформациясына, сандық экономика қажеттіліктері үшін өзгертуді қажет етпейтін дизайнды ойлап тапты. Мемлекет бұл ретте жинақтаушы зейнетақы жарнасынан өзге ештеңе талап етпейтінін ашық айтты. Басқаша айтқанда салымшы зейнет жарнасын өзінің қаржылық-тұрмыстық мүмкіндігін жақсарту үшін жинайды. Және бұл нұсқада қаласа туыстарына беретін мүмкіндіктер қарастырылған.
– Біз әрбір бағыт бойынша сәйкес жүйелермен (тұрғын үй жүйесі, денсаулық сақтау жүйесі, білім беру жүйесі және т.б.) интеграциялана беретін тетіктерді заңдастыруға тырыстық. Нәтижесінде, халықтың 91%-ы (әлемдегі абсолютті рекорд) жеке тұрғын үймен қамтуға, мемлекетке салымшылардың жаңартылып тұратын медициналық картасын бақылап отыруына мүмкіндік бар. Бұл медицина саласын реформалаудың бағытын тағы бір анықтап алуына мүмкіндік береді, – дейді О.Құдайбергенов.
Зейнетақы жүйесі алғаш жұмыс істей бастаған күннен бастап сынның тезінде болғаны белгілі. Марқұм, саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов кезінде халықты жұмыспен қамту мәселесіне мемлекеттік деңгейде мән беру керек екенін айтқан болатын. Таратып айтсақ, он шақты жылдан кейін зейнеткерлерді зейнетақымен қамтамасыз ету мәселесі мемлекеттің басты проблемасына айналуы мүмкін. Бұл пікірдің өзектілігін 2019 жылдың тәжірибесі көрсетті. Зейнет жарнасын халықтың 30 пайызының мүлдем төлемейтіні, 40 пайызының жүйелі түрде төлемейтіні белгілі болды. Нәтижесінде, БЖЗҚ-дағы жиған-тергені үкімет белгілеп берген жеткілікті шегінен асатындар – халықтың 7 пайызынан зорға асты.
О.Құдайбергенов бұл шешімнің дұрыс екенін түсінудің маңызды екенін жеткізді. Қазір жеткілікті деңгей мөлшері – біздің мүмкіндігімізге үйлестіріліп есептелді. Бізге, қаншалықты ауыр болса да, зейнетақы секторындағы реформаларды паралельді жүргізу үшін бұл қиындықты да еңсеру керек.
Реформаны дайындаған кезде оның тағдырына жауап беретін тұлғалардың аты аталып, түсі түстелуі тиіс. Сарапшылар кез келген бағдарламалық құжаттар техникалық жағынан мінсіз түзілетінін, бірақ оны жүзеге асырар кезде реформаның болмысын өзгертетін кедергілерге тап болатынын жиі айтады. Мұндағы басты кемшілік – реформаның жүзеге асуына жауапты тұлғалардың болмауы. Сан жылдар бойы кежегеміздің кері тарта беруіне себеп болған жағымсыз фактор бұл жолы да алдан шықты. Дайындық нақты тетіктерді жұмыс істетуден емес, бұрмалаушылықтардан басталуы әбден мүмкін. Мысалы, енді қолға алынған реформаның идеясын жүрегінің сүзгісінен өткізіп, толғатып, қабырғасын қақыратып барып өмірге әкелмеген адамдар жаңалық ашу үшін өзінің дегенін тықпалауға немесе оны өзгертіп жіберуге тырысады.
Осы тұста О.Құдайбергенов біздің жүйеде сау адамның санасы қабылдай алмайтын бір қағидалардың қалыптасып қалғанына бейжай қарай алмайтынын айтып өтті: кез келген бағытта келісіп алуың тиісті органдардың тізімінің көптігі – реформаның нарық жолымен жүруіне кедергі келтіреді.
– Бұл практика әртүрлі, тіпті бір-біріне қарама-қарсы тұжырымдарды бір-біріне «үйлендіруге» алып келеді. Мысалы, бірі «Жигулимен», бірі «Трактормен», енді бірі «Ферраримен» келеді. Нәтижесі – қозғалтқышы әртараптандырылып кеткен, салоны «Жигулиге», қозғалтқыш бөлігі «Мерседеске», интерерь бөлшектері «Феррариге» ұқсайтын бірдеме болып шығады. Көлік жүрмейді, бірақ жүретініне әртүрлі ведомствалар кепілдеме берген. Нәтижесінде, көліктің жүретіні емес, әртүрлі органдардың берген кепілдемесі маңызды болып қалады. Реформа оның авторларына жүргізуге мүмкіндік бергенде ғана алға жүреді. О.Құдайбергенов айтып өткендей, келісімдердің әрбір есігін ашқан сайын бастапқы формасынан айырылып, соңында зомби-реформалардың қатарын толықтырып шыға келеді. Бұл ретте жеткілікті шегінен асып кеткен қаржы көлемі реформа жүзеге асқанша, ал профицитті пайдалану практикасы болашақ жалақыға салынатын салық салуды өзгерту және оны зейнетақы жарнасына ауыстыру арқылы жүзеге асады.
Сарапшы осы ретте қайталама нарықтағы тұрғын үйді сатып алуға рұқсат берілгенін, мұның да дұрыс шешім екенін еске салып өткенімен оператор банктердің белгіленуі біраз қиындық туғызатынын айтты.
– Оператор банктер бұл жерде артық. Отбасы банк құрылыс компанияларынан тұрғын үйді реттелген бағамен сатып алу үшін автоматтандырылған жүйе орнатуы тиіс еді. Бұл банктің клиенттеріне ұсынылған пәтерлердің ішінен өзіне қолайлысын таңдап алуға, барлық операцияны онлайн арқылы жүзеге асыруға, процедураларды сырттай бақылауға мүмкіндік берер еді. Қысқасы, БЖЗҚ жаңалықтарында біз ұсынған нұсқаның 50 пайызы қалса да, халыққа, бизнеске пайдалы, жақсы идея екенін мойындауға тиіспіз. Бәрін жөндеуге, идеяның бастапқы формасына оралуға әлі де кеш емес. Егер, кемінде бес жыл алдын ала ойлауға мүмкіндік болса, бізде басқа таңдаудың болмағанын түсінесіз, – дейді О.Құдайбергенов.
Егер шоттағы сома жеткіліктілік шегінен асып кетсе (салымшылардың әр жас тобы үшін әртүрлі болса), онда қор талап етілген соманы 5 жұмыс күні ішінде өтініш берушінің арнайы шотына аударады. Бұл жерде мәселе – операторлық қызметтердің қызметі үшін ақыны жинақ иесі төлейді. Сарапшылар операторлардың қызметі үшін төленетін төлем туралы мәселенің басы ашылмағанына алаңдап отыр.
Егер, салымшы мен БЖЗҚ арасындағы қызмет ішкі тарифпен төленетін болса, мұны салымшының қалтасын қағуға бағытталған жасырын әрекет деп бағалауға болады. Себебі оның салымшының қолына тиетін қаржының қанша пайызы болатыны айтылмаған. Бұл тұрғын үй бағасының өсуіне байланысты жағдайды күрделендірді. Сингапурде коммерциялық тұрғын үй нарығы мен мемлекеттік тұрғын үй нарығы мемлекет тарапынан бақыланып, 99 жылға жалға беру тәжірибесі енгізілген. Ал елімізде бұл тәжірибе енді қолданысқа енді, жылына 25 мың ғана әлеуметтік пәтер саламыз. Ал нарықта тұрғын үйге мұқтаждардың кезегі жыл сайын 50 мыңға артып келеді, ұсыныс пен сұраныстың арасы тым алшақ. Сондықтан сарапшылар Сингапур үлгісін нысанаға алғымыз келсе, 99 жылға жалға беруді қолданысқа енгізу керегін айтады. Осы тұста сарапшылар Отбасы банкте оператордың қызметін цифрлы әлеуметтік есепшот ашу арқылы алмастыруға болатынын айтады. Бұл барлық шығындардың бір жерде сақталуына мүмкіндік беретін көрінеді.
Салымшы мен «Отбасы банк» арасындағы оператор қызметі экономикадағы мемлекеттің үлесін көбейтуге, сол арқылы ипотека мен тұрғын үй нарығындағы заңдарды бұрмалауға мүмкіндік берді деген күдікке итермелейді.
Ал банктер егер бәрі тәртіпте болса, онда оператор біржолғы зейнетақы төлемін мақсатына сай аударатынына сеніңіздер деп отыр. «Ulagat Consulting Group» директоры, экономист Марат Қайырленов салымшыларға олардың зейнетақы жинақтарын бірнеше себептермен беруді қолдайтынын айтты. Соңғы 10 жылда зейнетақы активтерінің доллардағы кірісі шамамен 10%-ды құрады, ал осы уақыт ішінде АҚШ-тағы жинақталған инфляция 20% деңгейінде болды, яғни депозиттердің кірісі теріс. «Біз үшін доллар бағамы маңызды, өйткені нарықтағы тауарлардың басым бөлігі – импорт», деді ол.
Қазақстан экономикасы дағдарыс жағдайында, өйткені шенеуніктер даму институттары мен түрлі мемлекеттік холдингтер арқылы әртараптандырудың тетіктерін таппады. Қазақстанда жиған-тергені жеткілікті деңгейден асып тұрған топқа 700 мыңнан астам адам кіреді, бұл халықтың 7 пайызынан жоғары. Ендігі жерде Үкімет салымшылар табысын жалақы есебінен тұрғын үй мәселелерін шешуге әлеуетті және салымшылар жинағын ипотека нарығымен бәсекелесе алатын деңгейге көтеру керек. Біз сол кезде ғана БЖЗҚ реформалардың сәтті жүретініне, мемлекеттік жүйенің әртүрлі тетіктер арқылы кедергі келтірмейтініне сене аламыз.
АЛМАТЫ