Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Комиссия мүшелері «жазатайым оқиғада жұмыс берушінің кінәсі – 80 пайыз, ал жұмысшылардың кінәсі 20 пайыз» деп, бірауыздан тоқтамға келген. Айта кету керек, 30 желтоқсан күні кешкі 19.00 шамасында «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС-ға қарасты «Весенняя Аралчинская» шахтасында болған апаттан төрт кенші қайтыс болды. Көктау елді мекенінен 30 шақырым жердегі шахтада жарылыс жұмыстарын жүргізген тау-кен шебері Асхат Қайқанов, жарушылар Денис Черный, Рүстем Шәметов пен көлік жүргізушісі Берік Жақыпов байланысқа шықпаған соң, дереу келіп жеткен құтқарушылар оларды құтқарып қала алмай, 1 500 метр тереңдіктегі шахтаның түбінен Қанат Абдуллаевты ғана аман алып шыққан.
Улы газдан тұншығып қаза тапқан жұмысшылардың жастары 35-40 шамасында, үшеуі – Хромтау ауданының, біреуі Қарғалы ауданының тұрғындары еді. Облыстың бас еңбек инспекторының хабарлауынша, комиссия мүшелері оқиғаны тексеру барысында Қанат Абдуллаевтың айтқандарын басты негізге алған.
Аман қалған кеншінің айтуынша, олар кенді жаруды аяқтап, жоғарыға көтерілмек болып көлікке мінгенде, шахтаның ішін лезде тұман басқан. Оқиға санаулы минут ішінде өрбиді. Аға шебер Асхат Қайқанов жұмысшылармен бірге көлікке отырып, шахтадан тезірек шығуға асығады. Қанат оларға «Тоқтаңдар!» деп айқайлап, дереу құтқарғышын іске қосып, шахтаның түбінде қозғалмай отыра қалады. 30-40 минуттан соң орнынан тұрып, жолдастарына қарай жүгіргенде, олардың қаза болғанын көреді.
Комиссияның мәліметіне қарағанда, «Аға шебер шахтаның төменгі қабатында улы газ тарай бастағанын диспетчерге бірден хабарламай, өздері шығуға әрекеттенген. Кенді жару жұмыстарынан соң улы газдардың таралу қаупі өте жоғары болғандықтан, шахта желдеткіштері тоқтаусыз жұмыс істеп тұруы керек. Өкінішке қарай, сол күні кешке желдеткіштер жұмыс істемеген». Қанат Абдуллаевты дәрігерлер қарап, өміріне еш қауіп жоқ деп үйіне жіберген.
«Бұл жерде улы газды сорып алатын шахта желдеткіштері қайда деген заңды сұрақ туады. Диспетчер Алтынбеков улы газды сорып алатын желдеткіш бас инженер Савинның бұйрығымен сол күні 18.55-те тоқтатылғанын хабарлады. Біз жұмысшылар кімнің кінәсінен қаза тапты деп алдын ала қорытынды жасаудан аулақпыз. Бірақ санаулы минут ішінде болған оқиға осы. Қазір Хромтау аудандық ішкі істер бөлімі еңбек қауіпсіздігінің бұзылуы мен жазатайым оқиғаға жол берілгендігі бойынша қылмыстық іс қозғады».
Комиссия мүшелері осы кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі ережелері өрескел бұзылғанын алға тартады. Шахтаның терең қабаттарында улы газдың деңгейін анықтайтын арнайы қондырғылар болды ма, жоқ па? Бұл сауалға ешкім жауап бермеген. Кәсіпорын жұмысшылары өздерінің қорғаныш киімдерімен қамтамасыз етілмейтінін де мәселе етіп көтерді. Ең бастысы – мыс компаниясындағы кәсіподақ ұйымы өз еңбеккерлерінің құқығын қорғай бермейтіні, техника қауіпсіздігіне жауап беретін инженерлердің өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамайтыны басы ашық мәселе болып тұр.
Қазір компания қайтыс болғандардың отбасыларына сақтандыру төлемдерін беруді бастады. Төрт отбасы асыраушыларынан айрылды, олардың жас балалары әкесіз қалды, қыршыннан қиылған жігіттердің әке-шешелері қайғыдан қан жұтқандай халде. Компания басшылығы қаза тапқан кеншілердің балаларына кәмелет жасына жеткенше көмек беріп, оларды тұрғын үймен қамтамасыз етуді міндетіне алды.
Ақтөбе облысы