19 Желтоқсан, 2013

Көреген саясат көкжиегі

324 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

2050-6Стратегиялық басқару, бағалау және есеп халық­аралық лигасының президенті Робин МЭТЬЮЗ (Ұлы­британия) – әлемдегі 100 ел Интегралды қуатының жа­һандық рейтингін құруға тартылған сарапшылардың бірі. Ғалым Астанаға алғаш рет рейтинг аясында Қазақстан бойынша зерттеу деректері негіз болған «К новым высотам» кітабын ұсыну үшін келген болатын.

 

Стратегиялық басқару, бағалау және есеп халық­аралық лигасының президенті Робин МЭТЬЮЗ (Ұлы­британия) – әлемдегі 100 ел Интегралды қуатының жа­һандық рейтингін құруға тартылған сарапшылардың бірі. Ғалым Астанаға алғаш рет рейтинг аясында Қазақстан бойынша зерттеу деректері негіз болған «К новым высотам» кітабын ұсыну үшін келген болатын.

2050-6

– Мэтьюз мырза, рейтинг нәтижелері бойынша Қазақстан өте жоғары 34-орында тұр. Бұл сарапшылар үшін күтпеген жағдай болды ма?

– Іс жүзінде олай емес және бұл күтпеген жағдай да болған жоқ. Сарапшылар Қазақстанды және оның даму үдерістерін соңғы ондаған жылдар бойы бақылап келеді. Сондықтан мен осы кезеңдер ішінде Қазақстан іс жүзінде барлық салаларда адам таңғаларлық табыстарға жетіп, сенімді түрде дамыды деп айта аламын. Осы себепті біз аталған нәтиже өте заңды деп есептейміз және Қазақстанда аса таяу уақытта рейтингте тағы жоғары көтерілуге айтарлықтай әлеует бар екеніне сенімдіміз.

– Бұл орайда «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы қандай рөл атқарды және атқарады?

– Стратегияның мәні сол, ол болашақты айқын көре бі­луі­мен ерекшеленеді, онда Қа­зақстанның қандай ел болуға ұмтылатыны, осы бағытта қандай жұмыстар атқаруы қажеттігі нақты мазмұндалған.

Бұдан бөлек, «Қазақстан-­2050» Стратегиясы – жақын онжыл­дықтарға арналған нақты бағ­дарламалық іс-қимыл жоспары. Аталған құжатта, сондай-ақ, қуатты жұмылдырушы күш бар, яғни онда мазмұндалған идеялар қазақстандықтарды қойылған міндеттерді шешу жолында топтастыруға қабілетті. Бұл біздің Қазақстанның қазіргі рейтингтегі жоғары орнын айқындауда айтарлықтай фактор болды. Ал бұл жайт болашақ табыстардың негізі ретінде аса маңызды.

Қазақстан – болашаққа ұм­тыл­ған мемлекет. Мұны ел мен оның Президенті тек мәлімдеп қана қоймай, ісімен де дәлелдеп келеді. Осыдан екі онжылдық бұрын Қазақстан әлемдік экономика көшінің соңында жүрсе, бүгінде әлемдік аренада лайықты орынға ие және әлемде жүріп жатқан үдерістердің толыққанды қатысушысы, жаһандық дамуға бағытталған көптеген көкейкесті идеялардың бастамашысы. Қазақстан үшін мұндай сценарий көп жағдайда болашақты айна-қатесіз көре білудің арқасында мүмкін болды. Бірінші кезекте бұл мерзімінен бұрын орындалған «Қазақстан-2030» Стратегиясы болса, енді «Қазақстан-2050» Стратегиясы болып отыр.

Елдің осындай экономикалық және саяси табыстарында оның Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі орасан екені сөзсіз.

– 2050 жылға дейінгі кезеңге арналған даму стратегиясының шешуші міндеті – елдің әлемдегі аса дамыған 30 мемлекеттің қатарына енуі. Біздің еліміздің осы бағыттағы перспективалары қаншалықты?

– Бұл рейтингте елдің алдына осындай жоғары мақсат қоюы мықтап ескерілген. Өйткені, жаһандық рейтингті беделді халықаралық ұйымдар түзгені белгілі. Онда объективті эко­номикалық мәліметтермен қа­тар, оған қатысатын мемлекет­тер­дің әлемдік мәртебесі де қа­перге алынған. Бұл жерде «Қа­зақстан-2050» Стратегиясы аса зор рөл атқарады.

Ал 2050 жылға қарай әлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарына ену туралы ауқымды міндетке қатысты айтатын болсам, оған қол жеткізуге мүмкіндік мол. Тіпті, бұл мақсатқа белгіленген мерзімнен де тезірек жетуге болады. Осы арада мен Қазақстанның болашақ табыстарын айқындайтын үш шешуші факторды атай алар едім.

Біріншіден, бұл – мемлекеттің экономикалық саясаты. Оның ішінде табиғи ресурстарды сатудан түсетін кірістерді бөлуде өте салиқалы саясат жүргізіліп келе жатқанын атап көрсеткен жөн. Атап айтқанда, мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің инновациялық дамуында өзіндік рөл атқаратын Венчурлық инно­ва­циялық қор құру туралы тамаша бастамасын меңзеп тұрмын.

Екіншіден, мұнайдың ай­тарлықтай мол қоры бар Қа­зақ­стан сияқты ел үшін соңғы 10 жыл бойы осы ресурсқа әлемдік бағаның жоғары болуы жақсы жағдай туғызып келеді. Және үшінші маңызды фактор – бізге республиканың экономикасы әрі қарай да жоғары қарқынмен дами береді деп үлкен сеніммен сөз саптауға құқық беретін елдегі саяси тұрақтылық. Демек, Қазақстанның сәйкесінше түрлі әлемдік рейтингтерде дәйектілікпен жоғарылай беретіні күмәнсіз.

– Әлемнің Қазақстанға көзқарасы туралы айтқанда, ел мен оның Президентінің бастамаларына халықаралық қоғамдастықтың ықпалын қалай бағалаған болар едіңіз?

– Қазақстан тарапынан шығып жатқан маңызды жаһандық экономикалық, бітімгершілік және басқа идеялардың көпқырлылығын кезекті мәрте санамаламай-ақ мынаны айтайын: олар Қазақстанға жемісін түрлі деңгейлерде көре алатын тамаша абырой, ғаламат бедел әперді.

Осы орайда айтарлықтай орынды бір әңгіме айтқым келіп отыр. Қазақстандық бизнесмен, аграрлы ірі кәсіпорынның басшысы Лондонға ағылшындық банктердің бірінен өзінің бизнесін инвестициялауға қарызға қар­жы алу үшін келеді. Қаржы құ­рылымы оған аса жеңілдікпен заем ұсынғаны аздай, бұл шараға банктің барлық дерлік жоғары басшылары жиналады!

Аталған жағдай консервативті қаржы институттарының нақты бір бизнесмен арқылы тұрақты, болашағы зор, дамушы экономикасы бар ел ретінде жалпы Қазақстанға сенімінің қандайлық жоғары екенін айқын айғақтап тұр емес пе?! Мұндай жоғары беделдің Қазақстан жаһандық деңгейде ілгерілетіп келе жатқан көкейкесті бастамалардың, ел ішінде оның сенімді өсімін қамтамасыз ету үшін жасалып жатқан жұмыстардың нәтиже­сін­де қалыптасқаны тағы анық.

Әңгімелескен

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар