– Бөлексаз ауылындағы 53 бас ірі қараның өлексесін зерттей келе, олардың пастереллез бен қарасанға шалқыққанын анықтадық. Шешімді облыстағы ветеринариялық зертхана растады. Қазір қырылған малдың қалдығы алынып, арнайы орынға көміліп, өртелді. Мал иелері аурудан өлген 34 басты өз беттерінше көмген екен, біз бұдан хабарсызбыз болдық. Хабар тиісімен өлексені залалсыздандырып, арнайы орынға тастап, жойдық. Ал ветеринария қызметі тағы 19 бас ірі қараның қарасан ауруын жұқтырғанын анықтағасын, олар да жойылды. Бұл екі ауру түрі де жұқпалы болғандықтан сақтық шарасын мұқият сақтап, тұрғындарға қауіптің алдын алу, сақтану туралы түсіндірме жұмысы жасалды, – дейді Кеген ауданының бас мал дәрігері Қабыл Төкенов.
Өкінішке қарай, аудан орталығынан 18 шақырым қашықта жатқан ауылда жұқпалы аурудың аяқ астынан пайда болуын мамандар түсіндіріп бере алмай отыр. Бірақ, тұрғындарына алаңдауына негіз бар екен. Әсіресе, пастереллез дерті өте қауіпті көрінеді. Мамандар бл аурудың малдан адамға жұғу мүмкіндігі жоғары екенін айтады. Жануарлардың ағзасында көбейетін пастерелла бактериясы індеттің қоздырғышына айналып, малдың тыныс алу, ішек-қарын жолдарын зақымдайды да, соның кесірінен жануарларда шырышты сілекей пайда болып, мал жем, шөптен қалады екен. Тіпті, бактерия қоздырғышы асқынған жағдай мал өліп, аурудың адамға жұғу қауіпі туындайды-мыс. Әдетте адам ағзасына енген пастереллез таяқшалары остеомиелит, бронхопневмония дертінің асқынуына әкеледі деп жазылған медициналық анықтамалықтарда.
Ал қазақтың бағзыдан айтылатын «Қарасан келгір...» деп басталатын қарғысы осы ірі қара ауруына қатысты болса керек. Ветеринария тілінде қарасанды сиыр ағзасындағы эмфизематозды ауру қоздырғышынан пайда болатын дерт ретінде сипаттайды. Бұл ауру әсіресе етті, қоңды ірі қарада байқалады екен. Жұғу қауіпі төмен болғанымен, сақтық шарасынан бас тартуға болмайды дедйі мамандар. Жалпы, мал ауруларының кез келген түрінің алдын алу үшін оларға дер кезінде вакцина салу қажет көрінеді. Демек, Кеген ауданы аумағындағы мал ауруларының шығуына шаруашылықтардағы ір қараға дер кезінде екпе жасалмағаны себеп болуы мүмкін. Қазір ветеринарлар Бөлексаз ауылындағы ірі қара малын жұқпалы ауруға қарсы емдеуді бастаған. Аудандық ветеринария стансасының басшысы Қабыл Төкеновтің айтуынша, өңірдегі 100 бас ірі қараға екпе салынады.
Айтпақшы, Бөлексаз ауылының тұрғындары іргеде орналасқан «Meat Processing and Service» серіктестігінң мал бордақылау алаңындағы ірі қара малының жаппай қырылғанына айға жуық өткенін айтып, тиісті зазалсыздандыру жұмысының тыңғылықты жүргізілмегеніне наразы. Әрі қожалықтың мал қорасы ауылдағы орта мектепке жақын маңда орналасқан екен.
Қазір қар астында қалып, қиға көмілген өлекселерді жинап алғанымен, күлімсі иіс айналаға тарап кеткен көрінеді. Оның үстіне малдық өлексесі көміліп, өртелген орын таудан ағатын қызыл судың жолынан қазылған екен. Тұрғындар қар суы шұқырды шайып өтіп, етектегі өзенге құйылса, тіршіліке қажетті су көзінің ластануынан қауіптенеді. Тұрғындардың наразылығынан кейін ауылға арнайы барған аудан әкімі Талғат Байеділов мәселенің анық-қанығын зерттеп, тиісті шара қолданатындығын айтқан.
Біз аталған мәселеге орай Алматы облысының әкімдігінен нақты жауап беруді сұраған едік. Осыған байланысты облыс әкімінің баспасөз қызметі төмендегідей жауап жолдайды: «Meat Processing and Service» ЖШС Алматы облысы, Кеген ауданының Бөлексаз ауылдық округінде орналасқан. Бордақылау алаңында 1249 бас ірі қара бар. 2020 жылы сәуірде бордақылау алаңында 1000 бас ірі қара эмфизематоздық карбункулға қарсы вакцина салынды. Жалпы, Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринарлық іс-шараларды жоспарлау және өткізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес пастереллезге қатысты эпизотикалық жағдайдың тұрақты болуына байланысты пастерреллезге қарсы вакцинация жасау жоспарланбаған.Алайда 2021 жылдың 1 қаңтарында «Meat Processing and Service» ЖШС басшысы Б.Абдрасиловтың атынан Бөлексаз ауылдық округінің ветеринарлық пунктінің меңгерушісіне 2 бас ірі қараның өлгені туралы ақпарат келіп түскен. Хабарлама келген сәттен мал өлексесінен патологиялық материал сынамасы алынып, Алматы аймақтық ветеринарлық зертхана филиалына өткізілген.
Зерттеу қорытындысында эмфизематоздық карбункул және пастереллез аурулары анықталды. Мұна кейін Кеген ауданы Бөлексаз ауылдық округі әкімінің шешімімен «Meat Processing and Service» серіктестігі аумағында эмфизематоздық карбункул мен пастереллездың тіркелуіне байланысты карантин белгіленіп, шектеу шаралары енгізілді» деп жазылған хабарламада.