Мәселен, жуырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Серіктестік департаменті директорының орынбасары Перизат Сәдуақас өткен жылы сәуірде іске қосылған эксклюзивті контенті бар AntikorNews атты ерекше медиа жобасына тоқталды. Осы уақыт аралығында бұл жоба аталған агенттіктің БАҚ-пен және жұртшылықпен өзара іс-қимылының маңызды құралына айналған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы контенттің үздіксіз онлайн көрсетілімін қамтамасыз ету арқылы Антикор қызметінің нәтижелері мен басымдықтары туралы жедел хабарлар таратылып отырған.
Перизат Сәдуақастың айтуынша, қазақ және орыс тілдерінде ақпарат тарататын AntikorNews жаңалықтары алдын алу шараларына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға, агенттіктің қоғамдық алаңдағы жұмысына қатысты мәселелердің кең ауқымын қамтып келеді екен. Мәселен, «Адалдық алаңы», арнайы мониторинг тобы, республикалық ақпараттық-ағарту штабы, «Сапалы жол», «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы», «Адал көмек», «Саналы ұрпақ» және басқасы бар.
Жаңалықтар апта сайын агенттіктің ресми сайтында және әлеуметтік желілердегі аккаунттарында жарияланып, барлық өңірлік телеарналардан көрсетіледі. Осылайша, өткен жылы орталық аппарат агенттіктің қызметіне қатысты AntikorNews-тің 40 шығарылымын, аумақтық департаменттер 650 шығарылымын әзірлеген. Перизат Сәдуақас бұл жобаның аз ғана уақыт аралығында нәтиже беріп, сұранысқа ие болғанын, оның тұжырымдамасына тіпті Иордания Корольдігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссиясының қызығушылық танытып, өз ведомстволарында осындай жобаны енгізуді жоспарлап жатқандығын атап өтті.
– AntikorNews жобасының аясында 60-қа жуық баспасөз мәслихаты өткізіліп, 130-ға жуық жедел түсірілім және БАҚ-та 6,2 мыңнан астам материал жарияланды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы өзекті тақырыптар бойынша аумақтық департаменттер де апта сайын өздерінің баспасөз брифингтерін ұйымдастырды. Былтыр 800-ден аса спикердің, сондай-ақ облыс әкімдерінің қатысуымен 587 баспасөз мәслихаты өткізілді, – деді ол.
Бұл ретте, департамент директорының орынбасары парасаттылық идеологиясын түсіндіруге және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға арналған онлайн-алаң саналатын АntikorLive медиа-жобасына да тоқталды.
– Агенттіктің АntikorLive медиа-жобасы парасаттылық идеологиясын түсіндіруге және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Бұдан бөлек, жоба аясында мемлекетіміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы саясатының түрлі аспектілері қамтылып отырады, – деді Перизат Сәдуақас.
Айта кетейік, AntikorLive жобасының аудиториясын танымал әлеуметтік желілер мен бейнехостингтердің оқырмандары құрайды. «Тікелей эфирлер» белгіленген уақытта орталық және жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің, квазимемлекеттік сектор өкілдерінің, сондай-ақ қоғамдық пікір көшбасшыларының қатысуымен сұхбат, блиц, дәріс форматында өтеді. Эфир БАҚ-та жарияланып, соның барысында спикерлер азаматтардың сұрақтарына жауап береді. Тіпті кейбір тақырыптар қоғамдық резонансқа ие болып, мемлекеттік органдардың назарын проблемалық мәселелерге аударады.
– Өткен жылы AntikorLive жобасының аясында 150 спикердің қатысуымен 139 тікелей эфир өтті. Өңірлерде 4 500-ден астам спикердің қатысуымен 5,5 мың тікелей эфир ұйымдастырылды. Жалпы, қаралым саны шамамен 4 миллионды құрады. Былтыр агенттік алаңындағы AntikorLive жобасына бірқатар шенеуніктер мен айтулы азаматтар, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, сондай-ақ қоғам өкілдері қатысты, – деді Перизат Сәдуақас.
Есепті кезеңде агенттік жергілікті атқарушы органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпқа арналған 3,5 мыңнан астам билбордтар мен баннерлер, 1 100-ден астам бейнеролик, 400-ге жуық аудиоролик дайындаған. Сондай-ақ өткен жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет әлеуметтік желілерде бірқатар болашағы бар жобаларды іске қосты.
Мәселен, былтыр агенттік әлеуметтік желілерде AntikorNews, АntikorLive сынды бастамаларымен қатар, «Агенттік қызметкерінің бір күні» және AntikorCase сияқты әлеуметтік желі қолданушылары арасында оң пікірге ие болған, ертеңінен үміт күттірерлік жобаларды іске қосты. Белсенділікті арттыру үшін Instagram парақшасында жаңа айдарлар ашылған. Аудиторияны тарту мақсатында «Сіз білесіз бе?», «АнтикорТаланттары», «Ұлылардың қанатты сөздері», «Күн саны», «Миф және шындық» айдарларымен қатар, танымдық және анимациялық постар, бейнероликтер жарияланған.
Сондай-ақ агенттік қызметінің ашықтығы мен айқындығының көрсеткіші саналатын Antikor ortalyǵy сервистік орталығы да, кері байланыстың пәрменді тетігі ретінде танылған «Ашық диалог» электрондық үкімет порталы да маңызды бастамалар саналады.
Агенттік бүгінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы азаматтық бастамаларды талқылауға және іске асыруға әрқашан дайын.