Өкінішке қарай, егер үзілген сымды жалғауға немесе ауыстыруға болатын болса, нервтер зақымдалған кезде, жағдай қиынға соғады.
«Ортаңғы құлақта тез зақымданатын бет нервтері орналасады. Есту қабілетін жақсартуға арналған операциялар және созылмалы отит кезіндегі операциялар дәл осы ортаңғы құлақта жасалады. Бет нервісінің зақымдануы сал ауруына әкелуі мүмкін. Бұл дегеніміз – пациенттің бет-әлпеті қисайып кетеді: ол күлуден, көзін жыпылықтатудан және дәм сезуден қалады. Беттің жартысы сал болып қалады. Бұл өмір сапасына қатты әсер етеді, психологиялық тұрғыдан да қиын», дейді Президенттік клиниканың дәрігер-оториноларингологы Айнұр Несіпбаева.
Әлбетте, сол нервті тауып алып, операция кезінде оны «айналып» өтпеске неге болмайды деген сауал тууы мүмкін. Бүгінгі таңда мұндай әдіс табылған және оны «интраоперациялық нейрофизиологиялық бақылау» немесе қысқаша нейромониторинг деп атайды.
Президенттік клиниканың нейрофизиологы Ольга Агееваның айтуынша, қазір нейромониторингсіз ешқандай операция өтпейді. Себебі бұл әдіс операция кезінде қауіпті «ауытқуларды» көрсетіп отырады. «Қарапайым сөзбен айтқанда, операция кезінде нейрофизиолог нерв пен бұлшықеттің белсенділігін есептеп, хирургтарға ерекше белгілер пайда болған кезде сигнал беріп тұрады. Сигналдар хирургтардың нервке жақын екенін білдіреді: олар ол тұсты айналып өтіп, басқа, айтарлықтай қауіпсіз тәсілді табуға тырысады», дейді О.Агеева.
«Әрине, операция кезінде егер нервті көріп тұрсақ, оны айналып өтеміз. Ал егер өздігімізден таба алмасақ, онда нейромониторингті қолданамыз. Бұл әдіс – детектор сияқты. Ол бізге құдды бір «мина алаңынан өтуге» және нервті зақымдап алмауға мүмкіндік береді», дейді Айнұр Ахметқалиқызы.
Бет нервтерінің параличінен қорқу қалыпты жағдай екенін есте сақтаған жөн. Алайда, бұл қорқыныш науқасты қажетті ем алудан бас тартқызбауы керек. Құлақпен байланысты аурулар өте қауіпті: бұл есту қабілетінің жоғалуына, менингитке, мидың абсцесіне және өлімге әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, нейромониторинг ЛОР операцияларынан басқа да операцияларда қолданылады: «Мониторингтің бұл әдісі нейрохирургия, жұлын хирургиясы, травматология, жақ-бет және эндокриндік хирургияда қолданылады», деп толықтырады Ольга Владимировна.