Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ермек Момбаевтың айтуынша, облыс аумағында су басу қаупі Шу, Талас және Аса өзендерінің арналарында су деңгейінің көтерілуінен және тау бөктеріндегі елді мекендерде еріген қар мен жаңбыр суларынан болуы ықтимал. Бүгінде тиісті мекемелер тарапынан апаттың алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, қалыптасқан жағдай көпшілікті алаңдатып отыр.
Ермек Момбаев облыстың елді мекендері мен шаруашылық нысандары үшін қауіп төндіруі ықтимал «Теріс-Ащыбұлақ», «Тасөткел», «Қақпатас», «Ақкөл», «Ынталы», «Қарақоңыз» және Қырғыз мемлекетінің аумағында орналасқан «Киров» сияқты 14 су қоймасы бар екенін айтты. «Аталған су қоймаларының бөгеттері бұзылған жағдайда 234 мыңнан астам тұрғыны бар 72 елдімекенді су басу қаупі туындауда. Қазір су басуы мүмкін 38 елді мекен анықталды», дейді ол. Атап айтқанда, Жамбыл ауданының Жасөркен, Қызылқайнар ауылдары мен «Майское» саяжай алқабы, Байзақ ауданының Қостөбе, Сарыкемер ауылдары мен «Здоровье» саяжай алқабы, Жуалы ауданына қарасты Ақтөбе, Күркүреу-Су, Қоңыртөбе ауылдары, Талас ауданының Ақкөл, Ойық, Көшек батыр және Үшарал ауылдары, Сарысу ауданының Жаңатас қаласы және Саудакент, Досбол ауылдары, Т.Рысқұлов ауданы аумағындағы Көкдөнен, Каменка, Тереңөзек, Мамай-Қайыңды, Әбжаппар ауылдары, Меркі ауданының Меркі, Кеңес, Ақермен, Ақжол ауылдары, Қордай ауданының Қалғұтты, Қарасай батыр, Әлжан ана, Масаншы ауылдары, Шу ауданының Ақсу, Оразалы, Жаңажол, Белбасар ауылдары мен Мойынқұм ауданының Мойынқұм және Жамбыл ауылдары аталған 38 елді мекен тізіміне кіріп тұр. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын Т.Рысқұлов ауданының Тереңөзек ауылында күтпеген жерден су тасқыны болып, жергілікті жұртшылықты төбеден жай түскендей қылған. Алатаудың етегінен бері қарай еріген қар ауыл ішіндегі сайдың ішімен гүрілдеп ағып, ел есінде үрейлі оқиға ретінде қалған. Сонымен қатар соңғы 5 жыл ішінде су тасқыны мен жерасты суының көтерілуіне байланысты 7 оқиға орын алған. Төтенше жағдай салдарынан Қордай, Жамбыл және Т.Рысқұлов аудандарында 104 тұрғын үйдің ауласы, 25 тұрғын үйдің ғимараты су астында қалған және Жамбыл ауданынан өтетін республикалық маңызы бар автокөлік жолының 515 шақырымында су жол жағасына шығып, қауіп төндірген еді. Сондай-ақ Жуалы ауданының аумағындағы «Қоңыртөбе» көлінің және Талас ауданындағы «Ақкөл» көлінің дамбаларының зақымдану қаупі туындаған. Жуырда ғана Талас ауданы аумағындағы тау бөктерінде жауын-шашынның жиі жауғаны және қардың ерігені салдарынан Майтөбе ауылынан 1 шақырым жерде, «Тараз-Қаратау» облыстық маңызы бар автожолдың 75 шақырымында еріген қардың салдарынан су тасқыны болды. Абырой болғанда елді мекендерді су басқан жоқ. Ал өңірдің көптеген аудандары мен ауылдары таулы аймақтарға жақын орналасқанын ескерсек, қауіптің еселеп артатыны сөзсіз. Көпшілікті де осы бір күрмеуі қиын мәселе толғандырады.
«Жаман айтпай, жақсы жоқ», егер табиғаттың тосын мінезі тұтқиылдан тап берсе, өңірдің әлеуеті бұған қаншалықты жетеді? Ермек Момбаевтың айтуынша, су тасқыны қауіп-қатерін азайту мақсатында 26 учаскеде жағалауды қорғау жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Ал 2017-2020 жылдары жергілікті бюджеттен 192,2 миллион теңге бөлініп, 25 нысандағы жұмыстар толығымен аяқталған.
Алайда жоспарланған іс-шараларды іске асыруда Тараз қаласында, сондай-ақ Жамбыл және Байзақ аудандарының елді мекендерінде су басу қаупінің алдын алу үшін «Талас» өзенінде 25 шақырым қашықтықта жағалауды бекіту жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджеттен сұратылған 3 миллиард 410 миллион теңге бөлінбеген. Бұл – қиындық тудырып тұрған мәселе.
Қазір «Шу-Талас бассейндік инспекциясы және «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының филиалы «Тасөткел» және «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймаларынан су ағызу мониторингін жүргізуде. Сондай-ақ Шу-Талас бассейндік инспекциясы Қырғыз Республикасының Су шаруашылығы және мелиорация департаментімен бірлесе іс-қимыл жүргізуде. «Су тасқыны салдарын жою үшін жұмылдырылатын күштер мен құралдар топтамасының құрамында 631 адам, 53 бірлік техника, 10 жүзу құралдары мен 41 мотопомпа жасақталды», дейді Ермек Момбаев.
Жамбыл облысының аумағына көктем ерте келеді. Алайда қыруар қаржы бөлініп, қаншама шаруа атқарылса да, өңірде биыл да су тасқынының қатері туындап тұр. Жауапты басшылардың сөзіне қарағанда, бәрі де сақадай-сай әзір тұр. Бірақ табиғаттың тілсіз құбылысына дауа жоқ. Сондықтан қырағылықты күшейтіп, адам мен техника күшін арттыру керек-ақ.
Жамбыл облысы