Ғылым • 29 Қаңтар, 2021

Отандық вакцина оң көрсеткіштерге ие

393 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында отандық вакцинаны салдыратынын мәлімдеді. Бұл – отандық ғалымдардың еңбегіне деген сенімділік. Десек те қоғам арасындағы өз өнімімізге қатысты кейбір пікірлерге қарап үміттен гөрі күдік басым екенін көреміз. Ғылым мен әлеуеті шетелдіктермен теңдей ғалымдарымыздың насихаты жетпей жүрген шағында олардың тәжірибесіне деген сенімсіздіктің тууына түсіністік танытқан да жөн шығар. Ал осындай олқылықтың орнын толтыру көкейдегі көп сауалға жауап іздеуден басталады. Сондықтан біз клиникалық зерттеудің соңғы сатысында сынақтан өткізіліп жатқан QazCOVID-in вакцинасын әзірлеуші топтың жетекшісі, Биологиялық қауіпсіздік проб­лемалары ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Күнсұлу Закарьяны аз-кем сөзге тарттық.

Отандық вакцина оң көрсеткіштерге ие

– Қазір Президенттен бастап, ғалымдары­мыз­­дың әлеуетіне сенім артатын жұрт қостап отан­дық вакцинаны күтіп отыр.
QazCOVID-in­­ вакцинасы нақты қашан қол­­данысқа ен­гізіледі?

– COVID-19 инфекциясына қарсы отандық QazCOVID-in вакцинасы инактивтендірілген вакцина түріне жатады. Бұл вакцинаны Білім және ғылым мнистрлігінің Ғылым комитетіне қарасты Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары әзір­леп шығарды. Қазіргі кезде QazCOVID-in вакцинасының үшінші кезеңінің сынағы өт­кізілуде. Осы клиникалық сынақ оң нәтижелі өткен жағдайда отандық вакцина тиісті мекемеде тіркеледі. Тұрақты қолданысқа енгізілуі осы жылдың наурызында жоспарланып отыр.

– Клиникалық зерттеудің үшінші кезеңі қалай жүргізіліп жатыр?

– Бүгінде COVID-19 ауруына қарсы отандық инактивтендірілген QazCOVID-in вакцинасы Алматы және Тараз қалаларында еріктілерге салынып, клиникалық зерттеудің үшінші кезеңінде сынақтан өткізіліп жатыр. Еріктілер алғаш вакцина еккен күннен бастап әр сынақ кезеңінде дәрігерлердің бақылауында болады. Жүріп жатқан сынақтың үшінші кезеңінде еріктілерде анықталып жатқан алғашқы клиникалық және зертханалық көрсеткіштер жақсы деңгейде екені көрініп отыр.

– Вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігі қаншалықты деңгейде?

– Аталған вакцина алғашында зертханалық жануарларға (ақ тышқан, егеуқұйрық, атжалман, теңіз тышқан, қоян, күзен, аламан, макака-резус маймылы) салынып, клиникаға дейінгі және одан кейін Алматы қаласында екі дүркін бірінші және екінші кезеңді сынақтардан 244 ерікті азаматтың қатысуымен ойдағыдай өтті. Клиникаға дейінгі және алғашқы екі сынақта вакцина, клиникалық, зертханалық тексерістер мен бақылаулардың көрсеткіштері бойынша жақсы нәтижелермен аяқталды. Жақсы нәтиже ретінде вакцина салынған зертханалық жан­уарлар және препаратпен егілген еріктілердің сынақ жүрген уақыттың барлық кезеңінде жағдайларының дұрыс болуы, зертханалық тексерістерде олардың ағзасында шалыс әсер­лер мен жағымсыз немесе патологиялық құ­былыстардың болмауы, иммундық жүйеде COVID-19 ауру қоздырушысына қарсы жасушалық және қан сарысуында гуморалдық антиденелердің жеткілікті мөлшерде пайда болуының көрсеткіштерін айтып отырмыз. Осылайша, оң көрсеткіштерге ие болған отандық вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденіп отыр.

– Қазір вакцинаны 3 мың еріктіге салу арқылы сынақтан өткізіп жатыр. Ерік­тілер­дің хәлі қалай? Тым болмаса біреуінің жағ­дайы туралы мәлімет бар ма?

– QazCOVID-in вакцинасының үшінші кезеңдік сынағы Алматы және Тараз қалаларында 3 мың ерікті азаматтың қатысуымен өтіп жатыр. Сынақ екі қалада бірдей желтоқсан айынан бас­талды. Вакцина ерікті азаматтарға, белгіленген ереже бойынша арасы 21 күн болатын уақытпен, екі рет 0,5 мл мөлшерде бұлшық ет арасына салынды. Клиникалық зерттеудің хаттамасына сәйкес, дәрігерлік тексерісте болған еріктілердің жағдайы қалыпты. Ешқандай жағымсыз әсерлер мен қалыпты жағдайдан ауытқулар байқалмады. Вакцина салынған еріктілер өздерін жақсы сезініп, күнделікті өмір сүру жағдайларын жалғастыруда.

– Отандық вакцина аллергиясы бар адам­дарға салынды ма? Нәтижесі белгілі ме?

– Негізінде вакцинаны салудың алдында азаматтар жан-жақты дәрігерлік тексеруден өткізіледі. Вакцинаны қабылдау кез келген дәрі-дәрмекке аллергиясы жоқ, қандай да бір жұқпалы аурулармен ауырмаған, денсаулығы жақсы азаматтарға ұсынылады. Ал вакцинаны салдырғаннан кейін вакцина қабылдаған еріктілердің арасында аталған препаратқа аллергиялық реакция ешкімде анықталған жоқ.

– Осы уақытқа дейін вакцина салдырған азаматтардың ішінде вирус жұқтырғандар болды ма?

– Вакцина қабылдаудан бұрын еріктілер коронавирус инфекциясыан таза екені анықталады. Вакцина салдырғаннан кейін адам COVID-19 ауруына шалдықпайды. Өйткені вакциналаудың негізгі мақсаты – аурудың алдын алу. Яғни вак­цинамен егілген адам ағзасында коронавирус инфекциясына қарсы антиденелер түзіліп, ауру­ға қарсы тұрушылық қасиет – иммунитет пай­да болады.

 

Әңгімелескен

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»