– Қайрат мырза, естуімізше сіз ең әуелі заманауи жоғары дәрігерлік оқуын бітірген көрінесіз. Әңгімені осыдан бастасақ.
– 1978 жылы орта мектепті үздік бағамен бітірдім. Ол кезде маңдайалды оқыған балалар ғана жоғары оқу орындарына емтихан тапсыратын тәртіп бар еді. Сол үрдіс бойынша Үрімжі қаласындағы Шыңжаң медицина университетіне құжат тапсырып, оқуға қабылдандым. Оны 1985 жылы бітіріп, өзімнің туған ауылым Жеменей аудандық халық емханасына дәрігер болып орналастым. Уақыт өте келе дәрігерлік ілімді тереңдей үйрену қажет екенін түсіндім. Сөйтіп, 1987-1991 жылдар аралығында екінші дүркін Шынжаң медицина университетінде халықтық емдеу ісі бойынша білім алдым.
Мәлімет үшін айта кетейін, Қытай елінде ежелгі халықтық медицинаға аса мән беріледі. Мысалы, Іле Қазақ автономиялы облысына қарасты Алтай аймағының орталығы Алтай қаласында 1987 жылы ашылған «Қазақ емшілік шипаханасы» дейтін емхана бар. Осында екі жыл жұмыс істеп қазақ емшілігінің қыр-сырына қанықтым. 1993-1996 жылдары аспирантурада оқып «Өттің қатерлі ісігін емдеу жолдары» тақырыбында кандидаттық диссертатция қорғадым. Бұл еңбегім қытай тілінде жазылғандықтан мамандар тарапынан жоғары бағаланып доцент ғылыми дәрежесі берілді. Осы кезден бастап, заманауи медицина мен халықтық емдеу тәсілін қатар қолдану арқылы адам емдейтін жолды таңдадым.
– Жоғарыда «Қытай елінде ежелгі халықтық медицинаға аса мән беріледі» дегенді айтып қалдыңыз. Осыған қарағанда, ШҰАР-да өмір сүріп жатқан қандастар арасында қазақ емшілігі жақсы дамыған тәрізді.
– Қазақ емшілігі – халқымыздың атадан балаға жеткен асыл қазынасы. Оның түп төркіні – сонау сақ, ғұн, түркі дәуірінде жатыр. Мысалы, көне грек тарихшысы Страбон сақтар ауырса бие сүтін ішіп сауығады деп жазса, ежелгі Қытай тарихшысы Сыма Цянь сақтардың арасында соғыста жараланғандарды емдейтін «жарықшы», «қарықшы, «таңғышы» деген адамдар болғаны жайлы айтады. Ал әл-Фараби медицина ілімінің мән-мағынасына тереңдей үңілсе, ол кісінің шәкірті, ұлы ғалым Ибн Сина жазған «Медицина ережесі» атты кітап еуропалықтар үшін соңғы 400 жыл бойы оқулық ретінде әспеттеліп келеді.
Осы орайда, менің айтпағым, дәрігерлік ілім дегеніміз – динамикалық құбылыс. Үнемі дамып отырмаса болмайды. Ал қытай медицинасының ерекшелігі – еуропалық емдеу ісін өз тәжірибелерінде қолдана отырып, байырғы емшілік үрдіспен ұштастыра алуы.
Айталық, дәл бүгін Қытай территориясын мекендеп отырған халықтар ішінде: моңғол, тибет, ұйғыр, қазақтың әрқайсысының өз медицинасы бар. Бұл ұлттар бағзыдан бері қанаттас, қоныстас өмір сүргендіктен халықтық медицинасы да ұқсас һәм емшілік өнері де бір-біріне өте жақын, етене келеді.
Осылардың ішінен қазақ емшілігінің маңызы жайлы айтар болсақ, ол Алтай қаласындағы «Қазақ емшілік шипаханасы» негізінде дамып отыр. Осы мекеме дәрігерлері әйгілі Өтейбойдақтың «Шипагерлік баян» еңбегін негізге ала отырып, қазақ емшілік өнері жайында «Алты тұғырлы негіздеме» атты дәрігерлік оқулық жасап шықты.
Оның сыртында Шынжаң Медицина университетінде еңбек етіп жүрген танымал дәрігер Әсия Бейсенбайқызы сынды мамандардың атсалысуымен университет жанынан «Қазақ медицинасы кафедрасы» құрылып, қандастарымыз білім алып жатыр.
Жалпы алғанда, Қытай еліндегі қазақ емшілігін оқыту «Шипагерлік баян» кітабы негізінде игерілуде. Бұл туындыны қазақ емшілігінің – қайнар бұлағы десек жарасар. Өйткені кітапта адам организмін емдеуге пайдалы өсімдіктің 728 түрі, жан-жануардың 318 түрі, минералды заттардың 60 түрі аталып, бұлармен емдеу тәсілі жайлы 4577 парақ мәлімет пен шипагерлік қызметтің 24 түрі жазылған. Оның сыртында, үсік, күйік ауруын емдеу жолдары айтылады. Әрі тамырдан аңғарылатын физиологиялық және патологиялық мәліметтердің өзін 4320 түрге жіктеп көрсеткен.
Кітапта мал сойғанда алынып тасталатын бездерге дейін бар. Мұндай бай қазына басқа халықтарда кездесе бермейді. Кітап авторы Өтейбойдақ «Бұл дүниенің қызығын мүлде ұмыттым. Алдымен өзім ішіп, өзім жеп, шипа ем-дәрі зарарынан талай уландым. Осындай жапа-машақатты ізденіс барысында көптеген дәрі заруаттарының ішінде не қилы кереметтердің барлығын байқадым», дейді.
– Қысқасы, Шыңжаң өлкесінде қазақ емшілік мектебі сабақтастығы үзбей жалғасып келе жатыр деп айтуға толық негіз бар ма?
– Әрине, бар. Бұрынырақта, Іле-Құлжа өңірінде Мүсірбай дейтін емші, Алтай жақта атақты шипагерлер – Шәкер Ғалымұлы, Емілбай Қалдыбайұлы, Тарбағатайдың Сауан өңірінде Аман емші дейтін адамдар болғаны жайлы деректі білеміз. Шәкер жеті атасынан өнер дарыған емші екен. Елдің айтуына қарағанда, Шәкең тіпті «қылтамақ» дертін емдеп жазатын болған дейді.
Сол сияқты, Текес-Сайрам өлкесін мекен еткен Мырзакелді шипагер өсімдік, хайуанат, металдың 500 түрін пайдаланып ауруларды емдеген екен. Бір жылдары ел арасында аса қатерлі жұқпалы індет тараған тұста Мырзекең халықты бастап барып таудан жабайы у сарымсақ теріп әкеліп, оны суға ездіріп нілін әр үйге, қора-қопсыға шашып елді сауықтырған көрінеді.
Жалпы жұқпалы аурудың алдын алу шаралары кезінде қазақ емшілері бұқараны індет тараған жұрттан дереу көшіріп, үш жылға дейін қайта қондырмайтын болған. Сүрме тамыры мен ерменді суға қайнатып, онымен киім-кешектерін жуғызған. Адам ішетін суға күміс теңге салып дизинфекция жасайтын болған. Сөйтіп, індеттің алдын алып отырған.
Оның сыртында, қазақ емшілері – арша, қара андыз, рауғашты үй ыстау, ауаны тазалау ісіне пайдаланса, ақ жұмыр, қарандыз, жүрек шөп, көктөбет, киелі ермен, күшәла, адыраспан, у қорғасын, жалбыз, жолжелкен, мияның тамыры мен дәні, тас қынасы сияқты өсімдіктерден дәрі жасайтын болған.
Ал хайуандардан – аю мен борсықтың майы, құрқылтай ұясы қатарлы дүниелерді дертке дауа қылса, жәндіктерден – жылан, кесіртке, құрбақа, шылаушын, бүйі, шаян, алакүлік, ара химиялық заттардан –
алмас, тотияиын, күкірт, ашутас, сақар, сынап, сыр, дәнекерден дәрі жасап түрлі ауруларды емдей алған. Бұлардан басқа дала жемістерінен де дәрі жасай білген.
– Шыңжаң қазақтары арасында қазақтың оташылық өнері қаншалықты сақталған?
– Қытайдағы қазақтар арасында оташылық өнер жақсы сақталған. Әсіресе, сынықшы Емілбай, ағайынды Әбікей және Қапанай деген оташылардың есімі әлі күні ел есінде. Жоғарыдағы Емекең 1930 жылдары шөптен жансыздандыратын дәрі жасап, сүйегі сынған немесе сүйек басы кеміктеген адамдарға операция жасайтын дәрежеге жеткен екен. Тіпті паршаланып сынған аяқ сүйектің орнына ботаның жілігін жалғап бүтін аяқ жасап берген дейді ел. Сонымен қатар сүйек туберкулезі мен сүйек қабынуы секілді ауруларды емдеген.
Шыңжандық қазақ оташылары адамның үгітіліп сынған сүйектерін сипалау әдісімен орын-орнына түсіріп, шабақ ағашпен сақиналап таңып тастау әдісін жақсы меңгерген. Әсіресе, қисық біткен сүйектерді түрлі әдіспен жібітіп, шордың жігін қайта ажыратып, дұрыстап орнына келтіру сияқты ерекше өнерлерін ел-жұрт әлі аңыз қылып айтады.
– Тамыр ұстау жайлы не айтасыз?
– Тамыр ұстау – қазақ емшілерінің аурудың түрін және аңғарымдамасын (диагностика) анықтайтын бірден-бір тәсіл. Ондай адамдарды «тамыршы» деп атайды. Қазақ емшілері қолдың білезік тамырын ұстаудан сырт, самай, алқым, шап, қылта, мойын, қызыл асық тамырын ұстау арқылы ауру түрін ажырата білген. Тамыр соғысын олар 30 түрге бөлген.
Адамның тамыр соғысын ажыратқанда – соғымдық аралығы мен реті, біркелкілігі, құбылысы, сезілгілігі, іркілісі т.б. өлшемді басшылыққа алған. Мысалы, баланың тамыры бір дүркін тыныс алу аралығында 10, ересек адамдардікі 5 рет соғады деген сияқты.
– Қазақта «ауру – астан» деген тәмсіл бар. Осы тұрғыдан қазақ емшілігі не айтады?
– Ата-бабаларымыз көшпенділік өмірге үйренгендіктен – ауасы таза, суы тұнық, шөбі шүйгін, биік таулар мен айдын көл, арқыраған өзен, кәусар бұлақ бойында өмір сүріп келді. Көшпенді болғандықтан малдың еті мен сүтін негізгі қоректік азық етумен бірге, ауруларын да осы арқылы дауалай алды.
Сүт өнімдерінің қуаты мол, қорытылуы оңай. Қымыз, шұбат, құрт-ірімшіктің сары суы адамның қан айналысын жақсартып, сергектік сыйлайтын қасиеті бар. Бұлардың бәрінің өзіндік өлшемі, рет-тәртібі, пайдалану әдістері болады. Айталық, қойдың құйрық майын біреулер зиянды, біреулер пайдалы дейді. Шын мәнінде қазақ қойдың құйрық майын жаңа туған баланың таңдайына салу, тұмау тиген балаға ерітіп беру арқылы сауықтырған. Тек құйрық май тұтынған адамдар ішінде өмір бойы дәрі қолданбаған, ұзақ жасаған қариялар көп кездеседі. Және де құйрық май адамның есте сақтау қабілетінің өсіп-жетілуі мен түрлі аурудың алдын алу, вирустан қорғау сынды қасиеттерге ие.
– Атамекенге қашан көшіп келдіңіз?
– 2005 жылы отбасымды алып Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Айнабұлақ ауылына көшіп келдім. Осында төрт жыл тұрдым. Ауыл халқы маман дәрігерге қолы жете бермейтінін байқап, арғы беттен тасымалдап әкелген дәрі-дәрмектерім арқылы оларға үнемі көмек көрсетіп отырдым.
Содан 2009 жылы Астана қаласына қоныс аудардым. Келе салысымен әр босағаны тоздырып жұмыс іздедім. Көп жерде тек орыс тілді маманды қажет етеді екен. Сенің білімің мен дипломың емес, қайдан келгенің назарға алынады. Ақыры жеке дәрігерлік орын ашып көруді жөн көрдім.
Сөйтіп, 2012 жылы қаланың оңтүстік қапталында орналасқан саяжайдың бір бөлмесін баспана етіп, екінші бөлмесіне шағын дәрігерлік пункт аштым. Ең әуелі ауылдастарымды емдедім. Шыңжаңда оқып, үйренген – қытайша, тибетше, қазақша емдеу сынды сан-салалы тәжірибелерімді іске қосып, бар зейін-зердемді осыған жұмсадым. Нәтижесінде, мені іздеушілер көбейе бастады. Емдеген науқастардың басым бөлігі сауығып қатарға қосылды. Тіпті кейбір «жазылмайды» деп диагноз қойылған науқастарды аяғынан тұрғызып, ел қатарына қостым.
Менің бұл ісім бір жағынан халықтың зәрулігіне көмектесу болса, екінші жағынан үйренген білімнің пайдасын көру еді. Екіншіден, аяғынан тік тұрып кетіп жататын сырқаттардың рахметі мені қанаттандырды. 2012 жылы Астана Медицина университетінде арнайы курстан өтіп, «Отбасылық дәрігерлік» емдеу ісі бойынша мемлекеттік лицензия алдым.
Сөйтіп, адам емдеуге қатысты сертификат, түрлі құжаттарды толықтап алған соң «Шипалы» атты емдеу орталығын аштым. Мұнда қазірге дейін 30 мыңнан астам науқас емделіп, сауығып шықты. Оның ішінде ардагерлерден жылына 10 адамды 50 пайыздық жеңілдікпен, ауған соғысы ардагерлерінен 15 адамды 40 пайыз жеңілдікпен емдеп жүрмін. Күн көрісі төмен адамдарға тегін көмек көрсетем. Орталықта қазір 12 адам қызмет атқарады. Бәрі де жоғары білімді дәрігер мамандар.
Әңгімелескен
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»