Коронавирус • 29 Қаңтар, 2021

Карантиндік шаралар күнделікті бақылауда

251 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Павлодар облысының бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес осы жыл­дың 25 қаңтарынан 8 ақпанға дейін карантиндік шектеу шаралары бекітілген. Өңірдегі эпидемиялық ахуал­дың «қызыл» жағдайы Үкімет отырысында да айтылды. Соңғы аптада облыста індет таралуының 1 339 жағдайы тіркелді.

Карантиндік шаралар күнделікті бақылауда

Коллажды жасаған Зәуреш СМҒҰЛ, «ЕQ»

Эпидемиялық жағдайды баға­лау­дың өңірлік тізбесіне сәй­кес Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалалары мен 9 ауданы әлі де «қызыл аймақта», ал Баянауыл ауданы «сары аймаққа» енді. Бұл жағдай, эпидемиологтардың бағалауы бо­йынша «Қолданыстағы карантиндік шараларды сақтауды және олардың сақталуын бақылауды күшейтуді» талап етеді. Сондықтан онлайн байланыс арқылы індеттің таралмауына орай жасалатын іс-қимыл шаралары жөніндегі жедел штабтың отырысы өтті.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиевтің хабарлауынша, Ақсу қаласында апта сайын сырқаттардың көбеюі байқалуда. Қаладағы 100 мың тұрғынға шақ­қанда көрсеткіш жоғары саналады. Железин ауданында, сондай-ақ Аққулы және Тереңкөл аудандарында да 100 мың тұрғынға шаққан­да апталық көрсеткіш облыстық деңгейден екі есе жоғары.

Отырыс барысында аталған қалалар мен аудандардың әкім­деріне эпидемиялық ахуалды жақ­сарту үшін түбегейлі шаралар қабылдау тапсырылды. Штаб отырысында жыл басынан бері 237 науқас тіркелген өңірдің ірі өнер­кәсіп кәсіпорындары қыз­мет­керлерінің арасындағы сыр­қаттанушылық деңгейі де тал­қыланды. Өйткені Ақсу қала­сын­да эпидемиялық жағдай қоғам­дық көліктегі әлеуметтік қашық­тықтың сақталмауынан ушық­қан. Сондықтан қоғамдық көлік­тегі жолаушылар санын азайту үшін жергілікті кәсіпорындар басшылығы зауыттың бірнеше автобусын қалалық маршруттарға жіберу туралы шешім қабылдады.

Ал Кәсіпкерлік және индустрия­лық-инновациялық даму басқар­масының басшысы Айбек Тұрсын­ғалиевтің мәліметінше, былтыр 10 330 рейд жүргізіліп, 26 703 кәсіпкерлік нысандары тексерілді, 2 693 ереже бұзушылық анықталып, 986 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Биыл жыл басынан бері 7 кәсіпкерге айыппұл салынды. Облыс бойынша 661 рейд жүргізіліп, 6 041 нысан тексерілді. Жыл басынан бері 41 мекемеде карантин талаптарын бұзу анықталды. Басқарма басшысының айтуынша, кәсіпкерлік нысандары мониторинг топтарының жұмыстарына кедергі келтіреді. Олар өздерінің тәсілдерін қолданады. Есіктерін, терезелерін жауып тастайды. Жабық телеграм каналдарын ашып, келушілерге алдын ала тапсырыс беруге, орын алуға мүмкіндік жасайды.

Облыстық полиция департа­ментінің басшысы Нұрлан Мәсімов бүгінде облыста құрамында 176 полиция қызметкері бар мониторинг топтары жұмыс істейтінін атап өтті.

– Жыл басынан бері тіркелген 22 бұзушылық 18 ойын-сауық орынының және 4 сауда нысаны­ның жұмыс уақытына, ал 19 тәртіп бұзушылық бетперде кию ережесіне байланысты, – деді Нұрлан Мәсімов.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысы бойынша облысқа «Спутник V» вакцинасының 80 мың дозасы бөлінгенін айтты.

– Ғ.Сұлтанов атындағы облыс­тық аурухананың тоңазытқыш жабдықтарының көлемі вакцинаны сақтау талаптарына сай. Қосымша көлемі 1,2 текше метр 3 мұздатқыш камера сатып алынады. Қан орталы­ғының сақтау қоймасы да іске қосы­лады, – деді А.Сейітқазинов.

Жалпы ерікті түрде екпе жасауды өңір бойынша 90 егу кабинетінде жүргізу жоспарланып отыр. Ден­саулық сақтау басқармасында 1 125 медицина қызметкері оқытылды. Препараттың алғашқы партиясын жеткізгеннен кейін вакцинаны ең алдымен инфекциялық стационарларда, жедел жәрдем қызметін­де, карантиндік стационарларда және стационарлық көмек көрсете­тін басқа да ұйымдарда жұмыс істейтін медицина қызметкерлері алады.

Ерікті вакциналау мұғалімдер, күштік құрылымдар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, студенттер, медициналық-әлеуметтік сараптама мекемелері, созылмалы аурулары бар науқастар арасында жүргізіледі.

– Жалпы облыста вакцинаны 85 704 адам алуы мүмкін. Бұл нақты сан емес. Сондықтан өзгеруі ықтимал. Вакцинаны уақытында егу вакцинаға қатысты клиникалық көрсеткіштерге, адамдардың өз еркі­мен егілуіне, егілетіндердің эпиде­мио­ло­гиялық мәртебесіне байланыс­ты, – деді А.Сейітқазинов.

Ақпан айында жеткізілетін вакцина медицина қызметкерлеріне егіледі. Жоспар бойынша 9 мыңға жуық медицина қызметкері тізімге алынған. Бастысы, қазір вакци­налауға, яғни екпе жасауға дайындық үшін облыста алдын ала түсіндіру, ақпараттандыру жұмыстарын жүр­гізу керек. Оған қоса, тұрғындар сұ­рақ­тарына жауап алу үшін «Жедел желі» құру қажет.

Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов түсіндіру жұмыстарын жүргізу қа­жеттігін, ережелер қайталанып бұзылған орындарда айыппұл салу керектігіне тоқталды.

– Алдымен мониторинг топ­тарының жұмысын жақсарту қажет. Көптеген тексерудің керегі де жоқ. Бірақ нақты бұзушылықтарға жол бермеуіміз керек, – деді облыс әкімі.

 

Павлодар облысы