Жаңа жылға дейін жаймашуақ еді. Қатал қыс мінезін қаңтар ауа танытты. Кейбір тәуліктерде сынап бағанасы 42 градусқа дейін жетті. Бет қаратпайтын, атан түйені алып жығатын боран да соқты. Аяздан бұрын ақ қардың әдеттегіден мол түсуі киіктер үшін қолайсыз болды. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының басшысы Лашынтай Дүйсеновтің айтуына қарағанда, киік атаулы қары аз, қысы жұмсақ оңтүстікке аумай, солтүстікте қыстап қалған. Дені – Қорғалжын, Егіндікөл, Жақсы, Атбасар аудандарында.
Қалың қар тебінге мүмкіндік бермей тұр. Соның салдарынан киік шығыны да орын алуда. Іле шара қолданбаса, тігерге тұяқ қалмауы да әбден мүмкін. Киелі жануарларды сақтап қалу үшін аудандағы шаруашылықтар арнайы техника бөліп, киік жайылымдарын қардан тазалауға кіріскен.
– Былтыр желтоқсан айының басында «Қорғалжын» мемлекеттік табиғи қорығының аумағында 25 мыңға жуық киік бар еді. Қазір барлық кардондарда қорықшылар санын көбейттік. Жедел жолға шығу үшін жанар-жағар май қорын жасадық. Қар тазалағыштың көмегімен жайылымдарды аршып жатырмыз, – дейді қорық директоры Асқар Сексенбиев.
Аумақтық инспекция басшысы Лашынтай Дүйсенов қалыптасып отырған барлық жағдайды тәптіштеп баяндап, облыс басшылығына хат жазып, көмек сұраған. Жануарларға жанашыр көзқарастың нәтижесінде, шұғыл шаралар қолға алынды. 2008 жылы елімізде ұзын-ырғасы 60 мыңға жетер-жетпес болып қана қалған, мемлекетіміздің ерекше қамқорлығына алынған әрі халықаралық Қызыл кітапқа енгізілген киіктерді қорғауға жергілікті атқарушы органдардың қамқорлық танытуы әбден жөн. Сайын даланың сәнін келтіретін киікті қорғау – баршаға міндет.
Ақмола облысы