Елорда • 29 Қаңтар, 2021

Елордада «Астана – Адалдық алаңы» жұмысының қорытындысы шығарылды

267 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада «Астана – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің 2020 жылғы жұмыс қорытындысы жарияланды, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордада «Астана – Адалдық алаңы» жұмысының қорытындысы шығарылды

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен "Астана-Адалдық алаңы" жобалық кеңсесі жұмысының өткен жылғы қорытындысы бойынша кеңес өтті.

Әкім орынбасарының айтуынша, білім беру саласын оңтайландыру – мектеп директорларын ротациялау, мектептегі тамақтану ісінде мемлекеттік сатып алуды автоматтандыру, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу бойынша жасырын онлайн-сауалнамалар жүргізілді. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласын оңтайландыру, яғни денсаулық паспорттарын 100% цифрландыру (1 млн-нан астам медициналық құжат цифрландырылды), электрондық кезек DAMUMED, медициналық анықтамаларды берудің заңдылығын тексеру үшін ақпараттық сервис әзірленді.

Сонымен қатар, "ашық бюджеттердің интерактивті картасы" жобасы жүзеге асырылды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша елорда 100% қамтамасыз етілді.

Биылғы "Астана — Адалдық алаңы" бастамасы бойынша Қорғаныс департаментінің аумағында фронт-офис, сондай-ақ дәрі-дәрмектерді ең төменгі бағамен сататын 2 әлеуметтік дәріхана (Әзірбаев көшесі, 4/1 және Сығанақ көшесі, 9) ашылды.

Елорданың сервистік әкімдіктерінің мамандары 46 мың кеңес берді. 2020 жылы қала әкімдігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаменті арасында бірлескен ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Сондай-ақ, департаментпен "Астана-Адалдық алаңы" бірлескен жобасы жүргізілуде. Онда негізгі міндет тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою болып саналады.

"2020 жылдың өзінде сервистік әкімдіктер көрсеткен қызметтер саны 126 мыңды құрады, оның ішінде 46 мыңы – мамандардың консультациясы. 160 мемлекеттік қызмет автоматтандырылды. Бұрын қағаз түрінде көрсетілетін 27 қызмет электрондық форматқа көшірілді", - деді Б.Мәкен.

Әкім орынбасары елордада жергілікті атқарушы органдар көрсететін мемлекеттік қызметтердің 100% электронды форматқа көшірілгенін атап өтті.

Сонымен қатар, қызмет көрсетудің сервистік моделінің тұжырымдамасы енгізілді:

- жұмыспен қамту орталығы;

- "Астана-адалдық алаңы" жобасы аясында "IQALA" қалалық қызметтер орталығы ашылды. Онда 154 қызмет цифрландырылған (75 мыңнан астам қызмет көрсетілген);

- "Жанұя" отбасы институтын қолдау орталығы»;

- тұрғын үй орталығы. Орталық қызметкерлері күн сайын 300-ден астам азаматқа кеңес береді.

Сөз соңында әкім орынбасары мемлекеттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты одан әрі жетілдіру жолында табысты жұмыс тіледі.