Фото: Константин Шелков
Облыстың бас санитарлық дәрігері Батырбек Әлиев облыстың COVID-19 бойынша «қызыл аймақта» екенін еске салды. 1 қаңтардан бастап коронавирустық инфекция 3714 адамда расталды. Ал, 29 қаңтарда бір күнде ауырғандар саны рекордтық 296-ға жетті.
- Өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты «қызыл аймақ» үшін әлеуметтік-экономикалық нысандардың жұмысын шектеу критерийлеріне жауап беретін бірқатар шаралар қабылданды. Бұл демалыс күндеріндегі шектеулер, ұжымдардың 80 пайызына арналған қашықтықтағы жүйеде жұмыс жасау, адамдардың көп жиналуын болдырмау мақсатында әлеуметтік маңызы бар нысандардың жұмыс кестесін қысқарту, мектеп оқушыларын қашықтықтан оқыту, 65 жастан асқан адамдардың қозғалысын шектеу, - деді Батырбек Әлиев.
Өңірде Ақсу-Павлодар-Ақсу және Павлодар-Ақсу-Павлодар бағыттарынан басқа аймақаралық, облысішілік, қалааралық және ауданаралық жолаушылар тасымалы тоқтатылды.
Қалалар мен аудандарда дезинфекцияны сауда нысандарында, қоғамдық көліктерде, таксилерде, кіреберістер мен лифтілерде, өндірістік нысандарда және қоғамдық орындарда жүргізу ұсынылды.
Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, облыста 20 санитарлық бекет орнатылады. Бекеттерде температураны өлшеп, вирустық инфекциялардың белгілерін тексереді. Бекеттерден анықтамалар мен өткізу құжаттарымен өтуге болады. Жеке адамдардың қозғалу уақыты шектеулі болады.
Облыстың 5 ауданында қозғалысты шектейтін 10 санитарлық бекет пайда болады:
- Ертіс ауданында – 31 қаңтардан 14 ақпанға дейін Ертіс ауылында санитарлық бекет орнатылады;
- Май ауданында – Көктөбе және Кеңтүбек ауылдарында бекет 29 қаңтардан 12 ақпанға дейін жұмыс істейді. Жаяу жүргіншілер мен автокөлік жүргізушілері санитарлық бекеттен сағат 7-ден 20:00-ге дейін анықтамалармен өте алады;
- Железинде – 1-15 ақпан аралығында Железин және Башмачное ауылдарында;
- Успенде – 4 санитарлық бекет Галицкое, Қоңырөзек, Қозыкеткен және Константиновка ауылдарында орналасады;
- Аққулы ауданында – әзірге аудан орталығында тек бір санитарлық бекет орнатылды.
- Мен бүкіл облыс бойынша шектеу шараларын, оның ішінде бетперде режимі мен әлеуметтік қашықтықты сақтауды бақылау күшейтілетіндігін айта кеткім келеді. Учаскелік полиция қызметінің жұмысы жасырын өтетін отбасылық, ұжымдық шараларды анықтауға бағытталады, - деді бас дәрігер.
Мониторингтік топтар науқастардың және байланысқа түскен адамдардың карантинді қалай сақтайтындығын, үйдегі науқастарды мұқият бақылауға ала бастайды.
65 жастан асқан облыс тұрғындарына көшеде аз жүруге кеңес беріледі.
Респираторлық инфекцияның алғашқы белгілері - мұрыннан су ағу, түшкіру немесе безгегі бар кез-келген адам үйде медициналық көмекке жүгінуі керек. Ауруханаға барудың қажеті жоқ. Науқас адамдарға жедел жәрдем немесе жылжымалы топты шақыру ұсынылады.
- Қабылданған шаралар облыс тұрғындары мен бизнес өкілдері барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтаған жағдайда ғана тиімді болады, - деді Батырбек Әлиев. – Сізден сабырлық сақтауды, карантин талабын орындауды, өз денсаулығыңызға және өзгенің денсаулығына жауапкершілікпен қарауыңызды сұраймын. Тек бірлескен күш-жігер жұмсау арқылы біз осы жағдайды жеңе аламыз! Өзіңізге және жақындарыңызға қамқор болыңыз!