«Қазақ жұртын билейтін өзгеріс һәм соғыс комитетінің» тілі атанған «Ұшқынның» алғашқы саны 1919 жылғы 17 желтоқсанда шықты.
Бұл Орынбор қаласының жаңадан астана болып, әлі қазақ атын алмаған «Қырревком» бір бөлігі Сібірге, бір бөлігі Түркістанға қарап тұрған ұлан-ғайыр жерді бір орталыққа жинай алмай жанталасқан аласапыран кез еді.
Бұл туралы газеттің алғашқы нөміріндегі «Оқушыларға» атты бас мақалада анық айтылған:
«Сағаттың шықылдағы
емес ермек,
Күн санап өмір өтпек,
ол білдірмек,
– деп қазақтың атақты ақыны Абай Құнанбай баласы айтқандай, Еуропа тілінде революция деп аталатын мынау болып жатқан бұлан-талай өзгеріс басталғалы үшінші жылға айналып барады.
...Үкіметтің заңы һәм сылайына қарай әр ел, әр жұрт өз тізгіндерін өз қолына алып, іс істеп жатыр. Соның ішінде біздің қазақ та жүр.
Шу деп өзгеріс басталғаннан алып қазақ та бір бөлек ел болып, соның артынан еріп атсалысып еді. Аз да болса, екі жыл өмір өтіп кетті. Ойлаған ой, көздеген мақсұтқа жаңа жеткендей түріміз бар.
«Ел құлағы елу» – бірсыпыра істелген істерді өзі де естіп жатқан болар, ол туралы жазармыз да. Осы күні өзге жұрттармен бірге қазаққа да теңдік тиіп, өз тізгіні өз қолына берілді. Осы 1919 жылдың ішінде қазақ атынан сайланып Мәскеуге барған уәкілдер кеңес үкіметінің бастықтарымен кеңесіп түсініскен соң, қазаққа толық билік берілген. Жер-су һәм өзге заңдарының не түрлі керегін халық өз дегенінше орындамақ. Осы ретпен белгілі бір уақытта жалпы қазақ сиезі шақырылып, ел ел болғанша басқарып тұруға Мәскеуден уақытша қазақ ісін қарайтын бас мекеме сайланып келді. Ол мекеме қазірде Орынборда: сайланған адамдар қазақтың өз азаматтары. Қазақ жұртын билейтін бас мекеме деп аталады. «Военно-Революционный комитет по управлению Киркраем». Бір тап елді билейтін мекеменің әрине түрлі істері, түрлі керектері болады. Сол керектердің ішінде біреуі газет – үкіметтің тілі, елдің құлағы екендігінде сөз жоқ. Қазақ мекемесі сайланғалы бірнеше ай өтсе де ең керегіміздің бірі болған газетті бұл күнге дейін түрлі себептермен шығара алмадық. Мұқым жұртты билейтін бас мекеме түзеу түгілі, енші алған балаға отау көтеріп беру де бір бөлек жұмыс емес пе? Сондықтан аудара қарап, ақтара тексерген адам бізден газет кешігіп шығуының себебін сұрамас. Мінеки, сәті жаңа түсіп, қазақ бас мекемесі атынан жас иіс, жаңа талап «Ұшқын» алдарыңда. Сәлем беріп, қол қусырады...»
Редакция құрамы
Жоғарыда айтылған бас мақаланың авторы көрсетілмеген, «Басқарма» деп қана қол қойылған. Ал газеттің соңында «бастырып таратушы – Қазақ жұртын билейтін бас мекеме, шығарушысы – жазушылар құрамасы» деп жазылған екен.
«Ұшқын» газетін шығарған басқарма алқасының кімдер болғанын кезінде «Егемен Қазақстанда» еңбек еткен белгілі журналист, зерттеуші Тілекқабыл Боранғалиұлы анықтаған. Тілекқабыл ағамыз 1919 жылы қазан айында өткен Кирревком мәжілісінің хаттамасы мен жиналыс қаулысынан үзінді келтіре отырып, «Ұшқын» газетін басқару үшін сайланған бес адам – Халел Есенбаев, Тәмимдар Сафиев, Ешмұхамед (Ишақат) Бегалиев, Әмірғали Меңешев, Бернияз Күлеев болғанын жазады. Автор «Егемен Қазақстан» газетінің 1997 жылғы 22 ақпан күні жарияланған «Ұшқынның» редакторы болдым» деген мақаласында басылымның алғашқы редакторы Халел Есенбаев туралы тың деректер келтіреді.
Бір қызығы, «Ұшқынның» басқарма алқасындағы Халел Есенбаев пен Тәмимдар Сафиев жерлес әрі Бөкейлікте бірге қызмет істеген, айырылмас достар болатын. 1918-1919 жылдары Хан ордасында шыққан «Дұрыстық жолы» газеті мен «Мұғалім» журналдарында Ғұмар Қараш, Ғабдолғазиз Мұсағалиев сынды тұлғалармен бірге қызмет еткен. 1919 жылы күзге салым Хан ордасындағы Қазақ соғыс комиссариаты, ағарту бөлімі Орынборға қоныс аударған кезде, «Дұрыстық жолы» газеті де жабылып, баспаханасы Орынборға жөнелтіледі. Жаңа астанаға қоныс аударған мамандардың алғы шебінде Тәмимдар да болады. Осы кезеңдер туралы Т.Сафиев кейін бірнеше дәптерден тұратын естелік жазып кеткен. Бұл жазбада «Ұшқын» газетінің алғашқы ұжымы, редакция алқасы құрамында Ахмет Байтұрсынов, Халел Есенбаев, Бернияз Күлеев, Мұқанғали Ишмұқамбетов, Ахметсапа Юсупов, Тоқтамыс Тұнғашин, Ордадан уақытша келген Ишақат Бегалин, Тәшкеннен келген Хайретдин Болғанбаев, тағы басқаларының есімдері айтылады.
Газеттің асыл мұраты
Тәмимдар Сафиевтің 1960 жылдары араб әрпімен алты дәптерге тізіп жазып кеткен естеліктері Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған. Газет редакторының естелігінен Орынбордағы «Ұшқын» газеті редакциясының сол кезеңде қазақ өнері мен мәдениетінің ордасы болғандығын көреміз. Сондай-ақ жазбадан Тәмимдардың Алашорда қайраткерлеріне деген жылы көзқарасын да байқауға болады. Өйткені Тәмимдардың естеліктерінен оның 1916-1917 жылдары Орынборда Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсыновтармен кездескенін, 1916 жылы қазақ жастары майданға алынған кезде Әлиханның үндеуіне еріп, майданның қара жұмысына кеткен қазақтарға көмектесу үшін өз еркімен Мәскеуге, Минскіге барғанын, майдандағы қазақ жастарының құқығы үшін күресіп, көп шаруа тындырғанын көреміз.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Қозыбаев 1989 жылы Мәскеудегі В.И.Ленин атындағы мемлекеттік кітапхананың Химки филиалында «Ұшқын» газетінің түпнұсқасымен танысқанын, ақын Бернияз Күлеевтің «Ұшқынға» атты өлеңінің алғашқы жолдарын оқи бастағанда маңдайдан тер бұрқ еткенін жазады. «Ешкім байқап қалмады ма дегендей жан-жағыма жалтақтай қарап, бес шумақ жырды әзер дегенде тауыстым-ау! Ахаң мен Жахаңның, Әлекеңнің шығармаларымен қалың көпшілік таныса бастаған жария кез, дегенмен газет – большевиктер партиясының үні ғой! Бұл мен үшін көзсіз ерлік көрінісімен барабар еді» дейді ғалым.
Ол өлең мынау болатын:
...Алтын Алтай, Еділ, Жайық,
Сарыарқа,
Сауыт киіп, садақ тартқан
ер бар ма?
Ару азып, ер үркек боп,
жер азып,
Жауға жаға жырттырмаған
ел бар ма?!
Алты Алаштың қызыл туын
қолыңа ал!
Ертеде еркін өткен
күнің ойыңа ал!
Елді жерден, елді еріктен
айырған,
Дұшпаныңды табан тіреп
жалыңа ал.
Біз де артыңнан елі қалмай
ерерміз,
Оймен ақыл, қолмен
қуат берерміз.
Елге ерік, жерге көрік әпермей,
Жүрсек бірге, өлсек бірге
өлерміз!
«Өлеңнің идеялық бағыты «Алаш» партиясының, «Қазақ» газетінің, Әлихан мен Мұстафаның ұстанған бағыт-бағдарымен толық үндесіп жатыр» дейді С.Қозыбаев.
Мұны газет шығарушылары өз оқырмандарына тұспалдап та, туралап та талай айтқан:
«Қаны бір, тілегі дұрыс бас газетін қазақ елі һәм жүрегінде қазақ қаны бар азамат жатырқамас, қолынан келгенше пайдалы деп білгенін жазып тұрар. Ел қамы, ел тілегі үшін «Ұшқынның» қойны ашулы, ниеті дұрыс.
Білген кісіге «Ұшқын» – елдің ақ ниетті, адал тілекті бір баласы. Қашан да болса елін ренжітпес, анасының ақ сүтін ақтар.
Кім-кімнің де тілегі: елдің ел болуы, елдің бір болуы, елдің берекетті болуы.
Келешектен таудай үміт, ел ел болар, ел бір болар, ел берекетті болар, тек жасасын ел, елдің ерлері әр елдің, ердің жәрдемші шын достары».
P.S. «Ұшқынның» алғашқы саны шыққалы бері 101 жыл 1 ай 17 күн өтіпті. Бұл дегеніңіз 36937 күн екен. Осы аралықта газеттің 30 мың саны шыққанын ескерсек, редакцияның демалған күні аз болғанын көреміз.
...Зерттеушілердің пайымдауынша, «Ұшқын» газетінің алғашқы сандарын шығаруға кезінде Қазаннан алдырылған «Қазақ» газетінің құйма қаріптері де, Ордадан оралған баспахана құралдары да пайдаланылса керек. Мұның өзі сонау 1911 жылы шыққан «Қазақстан» мен 1913 жылдан шыққан «Қазақ» газеттерінен басталған тарихи сабақтастықтың үзілмегенін көрсетіп тұр емес пе?
Батыс Қазақстан облысы