Әлем • 01 Ақпан, 2021

ДДҰ вирус ошағын зерттемек

163 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары коронавирустың ошағына айналған Қытайдың Ухан қаласына барып, індеттің қалай тарағанын зерттейді.

ДДҰ вирус ошағын зерттемек

Ғалымдар, ең алдымен, вирус тараған теңіз өнімдерін сататын Хуанан базарынан бастайды. Былтыр жыл басында жабылған базар жұмысы әлі де тоқтап тұр. Арнайы қоршаулардан бөлек, халық кіріп кетпесін деп 24 сағат күзет қойылған. Жабылғанға дейін ет, теңіз өнімдері мен кө­көністер сататын жүздеген дүңгіршек орналасқан бұл базардан адам үзілмейтін. Десе де кейбір қытай дипломаты мен жергілікті БАҚ індеттің ошағы дәл осы жер деген пікірге қарсы шығып, вирус өзге елден келді деген пікірді қолдаған. 2019 жылдың 31 желтоқсанында осы базарға байланысы бар төрт адамның белгісіз пневмония жұқтырғаны белгілі. Нәтижесінде, әдетте тіршілігі қайнап жататын сауда орны бір түнде жабылады. Кейіннен қаңтардың аяғында Ухан қаласы 76 күндік қатаң карантинге жабылған-ды.     

Сарапшылар әлемдегі індеттің алғашқы белгілері осы жерден басталғандықтан, Хуанан базары вирусты зерттеуде үлкен рөл атқаратынын айтып отыр. Қытайға келген мамандар екі апталық карантиннен кейін Ухандағы зертханалар, базарлар мен ауруханаларға барады. Осыған дейін АҚШ тарапынан Қытайдың кейбір деректерді жасырып, індетке қатысты ақпаратты бұрмалауына байланысты көп сын тағылған еді. Зерттеу оқиғаның ақ-қарасын ажыратуға тиіс.