Өздеріңіз айқара ашып оқып отырғандарыңыздай, ғасырдан астам тарихы бар «Егеменнің» 30 мыңыншы мерекелік нөмірі – біз үшін үлкен белес, зор қуаныш.
Бұл басылым жалпы ұлт ұғымында тек мерзімді баспасөз құралы ғана емес, қазақ руханиятының, қазақ қоғамының, қазақ тағдырының, бір сөзбен айтқанда қазақ тарихының тұтас жүз жылдық жылнамасы, қасиетті қазақ сөз өнерінің іргелі қара шаңырағы деуге болады. Ұлттың рухани байлығын еселеуде «Егеменнің» еккен дәні, төккен тері өлшеусіз. Оны көне мұрағаттардың шаң басқан сөрелеріндегі сарғайған газет парақтарының өздері-ақ айтады. Ескі тігінділерді түртіп қалсаң тылсым тарихқа тіл бітеді, замана зардаптары айна-қатесіз қатталған газет архивін көтерсек көп жұмбақтың сыры ақтарылады.
«Egemen Qazaqstan» – тұтас жүз жылдың хатқа түскен боямасыз үлгісі. Біздің саяси ахуалымызды бүкпесіз баяндайтын бірден-бір әділ куәгер де, рухани деңгейіміз бен әлеуметтік әлеуетіміздің талғам таразысы да, түрлі формациялардың түтегінен тәуелсіздіктің байсалды көшіне дейінгі тұрақты басылым да осынау газет.
Біз бүгін өздеріңізге осыдан тура 56 жыл бұрынғы 10 мыңыншы нөмір туралы айта отырып, газеттің қоғамдағы басты қозғаушы күш екенін тағы бір мәрте тарқатқымыз келеді.
Сол кезеңде майдангер журналист Қасым Шәріповтің редакторлығымен жарық көрген 10 мыңыншы нөмір бүгінде біз үшін аса құнды жәдігер. Себебі, шыға бастағаннан бергі 35 жылдағы газеттің оң қадамдары осынау 10 мыңыншы нөмірде орайлы қорытындыланған. Қоғам жетістіктері, газетке атсалысқан айтулы қаламгер тұлғалар туралы көптеген ақпарат топтастырылған төрт беттік тарих талай сырды ішіне үнсіз бүгіп жатқандай.
Әуелі газеттің беташар мақаласы туралы айтсақ дейміз. «10.000» деген тақырыппен берілген тап-тұйнақтай жазбада басылымның кешегісі мен келешегі туралы сөз етілген, газеттің қоғам өміріндегі айрықша рөлі туралы баяндалады. Әрине, ол кезде Алаш арыстары ақталмаған, Орталық комитеттің түкірігі жерге түспей тұрған тар кезеңде көп шындықты көкірек ұрып айта алмағандығы газет тілшілерінің жазған әр мақаласынан сезіліп тұрады. Алайда қазақтың «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» дегеніндей, сол кезеңдегі сықиған «СҚ» мен бүгінгі ел газеті «Egemen Qazaqstan» аралығындағы адам айтса сенгісіз айырмашылықты аңғармау мүмкін емес. Аталған мақалада «Социалистік Қазақстанның» бүкіл тарихы Қазақстан партия ұйымының тарихымен тығыз байланысты екендігі айтылды.
Сондай-ақ бірінші бетте Қазақ ССР Жоғары Советі Президиумының Указымен газет қызметкерлерін, тілшілерін, авторларын грамоталармен марапаттағанын оқимыз. Марапат иелерінің қатарында есімі елге белгілі С.Мұқанов, К.Үсебаев, Қ.Шәріпов сынды қаламгерлердің есімін көреміз. Сәбит Мұқанұлының елеулі есімі газет бетінде тағы бірнеше рет кездеседі. Алдымен «Авторлар мен тілшілер» деген арнайы бағанда Сәбеңнің фотосуреті жарияланса, үшінші бетте «Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры С.Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» атты төрт актілі тарихи драмасы бойынша жасалған жаңа спектаклін көрсетті» деген хабар берілген.
Маңызды мәліметтердің тағы бірі – Мемлекеттік Третьяков галереясының Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталғаны туралы ақпар. Арнайы марапат аталған галереяның жүз жылдық мерекесі құрметіне берілген екен.
Мерекелік нөмірде ерекше әсер еткен лебіз сипатындағы жазбалардың үздігі – жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Жорықтағы жолдасымыз» мақаласы. Жазушы сол кезде Павлодар облыстық «Қызыл Ту» газетінің редакторы ретінде жазған жүрекжарды сөзінде «Социалистік Қазақстаннның» әр қазақ баласы үшін орны ерекше екенін зор құрметпен атап жазады. Оқ пен оттың ортасында отырып «Социалистік Қазақстанда» жарық көрген Жамбыл Жабаевтың жалынды жырынан қуаттанған қазақ ұлдарының қайсар рухын қаламгер шебер суреттеп жазған. Кішкентай мақаланың өзінен қай кезеңде де газеттің орны әрқашан ерекше екенін аңғаруға болады.
Одан кейін ақын Асқар Тоқмағамбетовтің де «Біздің мектеп» деген көлемді мақаласы газет өмірінен өзгеше сыр шертеді. Аталған мақаланы оқып отырған оқырман сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің осынау газетте корректор болып та еңбек еткенін оқып біледі. Сол сияқты Әбділдә Тәжібаевтың да «Социалистік Қазақстанның» шекпенінен шыққанымен танысады. Оны автор А.Тоқмағамбетов: «Әбділдә Тәжібаев та газет сатып жүретін арық қара бала болатын. Ол өлеңдетіп:
«Бүгін газет шамалы,
Оқысаң ойдан кетпейді!
Тезірек сатып алмасаң,
Таусылып қалды, жетпейді», деп дауыстайтыны әлі көз алдымда тұр», деп жазады.
Сондай-ақ бүгінде жазылмақ тұрмақ, анда-санда ғана айтылатын очерк жанрын осынау нөмірден оқуға болады. Оның авторы майдангер жазушы Кемел Тоқаев. «Үлкен жолда» деп аталатын очерк екі бетке беріліп, замана келбеті келісті кестеленген. Сонымен қатар газеттің төрін қос ақын Дихан Әбілев («Өмір сөйлейді») пен Жақан Сыздықовтың («Тілшімін») өлеңдері ажарландырып тұр.
Соңғы бетте де салмағын жоғалтпайтын сала – спорттан хабарлар беріліп отырыпты. Оның үстіне кезекті ақпарат емес бүгінде есімдері бүкіл қазаққа белгілі Шоқыр Бөлтекұлы мен Ескендір Хасановтың шымыр шәкірті – Әбдісалан Нұрмұханов туралы «Бірінші разрядты боксер» деген көлемді мақала. Авторы – С.Төребеков. Материал өте қызғылықты жазылған. Бірінші разрядты тәжірибелі боксшы, Виталий Чернонокты жиырма жастағы жас Әбдісаланның қалай нокаутқа жібергені шебер баяндалған. Құдды бір қаншама ғасыр бойғы кеткен кекті шаршы алаңда Шоқырдың жиырмадағы жас шәкірті Әбдісалан алып бергендей әсермен жұтылып оқылады.
Қазақ тарихының қатталған қалың шежіресі – ел газеті «Egemen Qazaqstan». Жалпы қай уақытта болсын шынайы тарихты айту қиын іс. Әсіресе басы бұғауда, мойынынан бодандықтың қамыты қаншама жылдар бойы түспей келген тағдырлы халықтың тарихы қилы-қилы болатыны белгілі. Ешқандай бұрмаланбаған бүкпесіз шындықтың боямасыз беттері бүгін 30 мыңыншы нөмірмен толығып отыр.
Тілімізге тірек, тарихымызға тұғыр – Тәуелсіздіктің отыз жылдығымен орайлас келген мерейлі мезетте газет ертеңіне жарқын болашақ тілегіміз келеді.
Бас басылымның бай қазынасы, сөз салмағының құны арта берсін!