Оқиға • 01 Ақпан, 2021

Жергілікті тілші

282 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеңес дәуірінде қазақ қоғамының ба­ро­­метрі – «Социалистік Қазақстан» болды. Басылым мұндай атаумен 1937 жылдан бастап, 1991 жылға дейін шығып тұр­ды.

Жергілікті тілші

Осы жылдары облыс, аудан тіпті қажет болған жағдайда ша­ғын қала типтес кенттердің өзінде газеттің «Жергілікті тіл­ші­сі» дейтін атпен қа­ламы жүйрік, жазу-сызуға бейім ком­му­­нист немесе комсомол мүшелері қыз­­мет атқарған. Соның бірі – бүгін­гі таңда сексеннің сеңгіріне шы­ғып отырған қарт қаламгер – Амантай Кәкен. Бұл кісі Ұлттық қауіп­сіздік са­ла­­сының ардегері бола тұра, халқы­мыз­дың бас­тан кешкен налалы күндер мен зұлматты жылдардың жан ауыр­­тар жаңғырығын архивтік құжат­тар негізінде жасқанбай жазып жүрген жақсы ағамыз.

Жоғарыда айтқанымыздай Аман­тай Ғазезұлына 1966 жылы 31 жел­тоқсан күні «Социалистік Қазақ­стан» газетінің «Целиноград облысы бойынша жергілікті тіл­ші­сі» дейтін куәлік беріліпті. Өзінің айтуы бойынша, бұл мәртебе екінің біріне бұйыра бер­мейді. Бұндай куәлікті алу үшін әуелі жергілікті обком мен атқа­ру комитеті кепілдік береді екен.

Ағамыздың бұл куәлікке қол жет­кізуіне сол тұста газеттің Тың өл­ке­­­­сін­дегі мен­шікті тілшісі Орақ­бай Смағұловтың да әсері бары анық. Өйт­кені Ақсу кенішінде электрик болып жүрген қоғам бел­сендісі Амантай Кәкенов бір­­де өндірісте техника қауіп­сіз­дігі ережелерінің қатаң сақтал­ма­ғандығынан және басшы инженер-техник қызметкерлерінің оралымсыздығынан карьерде тех­но­гендік апатқа жол беріліп, тех­никалық құрал-жабдықтар кен орнындағы забойда су астында қалып қойғаны тура­­лы Орақ ағасына телефон арқылы хабарлап, осы мәселе жайлы орталық газетке мақала жазғысы келетінін айтады.

Арада бір күн өткенде Орекең өзі келіп, жағдайды көзімен көр­ген соң інісіне «жаз» деп лепес тас­­тайды. Сөйтіп, «Социалистік Қа­зақ­станның» 1963 жылғы 31 тамыз күнгі санына «Жауапкершілік қайда?» деген атпен сын мақала жарық көреді. Ол тұста газеттің бе­делі бес батпан. Өнеркәсіп-өнді­ріс­­тік партия комитетінің секре­та­ры С.Красностанов: «А.Кәке­нов жазған сын мақа­ла­ны арнайы тал­қыладық, автор кен карьерінің жұ­мысында елеулі кемшіліктер орын алып отырғандығын дұрыс көр­сеткен. Тексеруде газетте көрсе­тіл­­­­­­ген фактілер анықталды. Орын ал­ған кемшіліктерді алдағы уақытта бол­­дырмау үшін нақты шаралар бел­гі­­ленді» деп шырылдап жауап жа­зыпты («Социалистік Қазақстан», 28.11.1963).

Сөйтіп, қаламын қандап, ма­қа­­ла жазу ісіне құлағымен ін қаз­ған қар­сақтай дәніккен жергі­лік­ті тіл­ші кешікпей Целиноград облысы Ерейментау ауданы «Өлеңті» сов­хо­зы­ның атақты жылқышысы Қаппас Жаниев жайлы очерк жазады. Бұл да жарық көреді. Онсыз да еңбегі өрге жүзіп тұрған жыл­қы­шы 1966 жылы 20 наурызда Социалистік Еңбек Ері атанады.

Кезінде «Тың өлкесі» газетін бас­­­­­­қарған, кейін «Социалистік Қа­зақ­­­стан» басылымында редак­то­р­дың орынбасары болған Сапаржан Хай­­даров 1976 жылы жа­­рық көр­ген «Жүрек сызы» атты очерк­тер мен публицистикалық ма­қа­­лалар жинағының 9-бетінде: «Це­лино­град облысы «Өлеңті» сов­хозы әйгілі шаруашылықтың бі­рі. Совхоздың табысына Қ.Жаниев бас­таған жыл­қы­шылар қомақты үлес қосып ке­ле­ді. Соған орай 1966 жылы жыл­қы­шылардың ерен еңбегі жоғары баға­­ланды. Сол қуаныш тұсындағы сәттер жергілікті журналист Амантай Кәкенов дәптеріне түсті. Біз ол жаз­­ба­ны түгел қабылдадық» деп таң­балап жа­зыпты. Қызық бол­ған­да Орақбай Смағұлов өзінің орны меншікті тілші­лік­ке Амантай ағамызды дайындап, енді міне-міне деп тұрғанда Әбекеңді Мемлекеттік қауіпсіздік саласы «жұ­лып» әкеткен.