Әлем • 02 Ақпан, 2021

Ғасырдан астам тарихы бар

574 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еліміздің жаңа ғасырға қадам басқан бас басылымы – «Egemen Qazaqstan» газетінің 30 мыңыншы нөмірі жарық­ көрді. «Газет – халық­тың көзі, құлағы һәм тілі» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, халқымызға қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан «Егеменнің» әлемдегі «құрдастары» да аз емес.

Ғасырдан астам тарихы бар

Алысқа бармай-ақ, алдымен қазақ баспасөзін көзбен шолайық. «Egemen»-мен құрдас басылымдар өз елімізде де бірнешеу. Жақында ғана ғасыр тойын тойлағандар қатарында «Жетісу», «Экспресс К» газеттері бар. 100 жылдығы 2012 жылы аталып өтілген қазақ баспасөзінің темір­қазықтары – «Қазақ», «Айқап» газеттері.

Жалпы, газет деген түсінік XVI ғасыр­дың бел ортасында қалып­тасты. Венеция тұрғындары қолмен жаңа­лық жазып, таратып отырған. Италия мен Еуропадағы саяси жағдай, майданнан келген хабар апта сайын халыққа жол тартып тұрған. Одан кейін 1609 жылы Германияда алғашқы басылған газет шығады. Ал ағыл­шын үкіметі цензураға қатыс­ты ережелерді жеңілдеткен соң, Лон­донда баспасөзге сұраныс артып, тіпті мұхиттың ар жағындағы Бостон мен Филадельфияда да өріс алды.

Былтыр 100 жылдық мерейтой қарсаңында редакциямызға Түр­кияның Cumhuriyet газетінің тілшісі Иклим Өнгел қонаққа келіп, басылым тарихымен таныса жүріп, өзі қызмет ететін БАҚ туралы айтып берген болатын. 1924 жылы жарық көре бастаған Cumhuriyet газетінің атын Мұстафа Кемал Ататүрк қой­ған. Қазақша «Республика» деп аудары­латын газет сол жылдан бері мем­лекет мүддесіне қызмет етіп келе­ді. Газеттің қазығын қаққан – Юнус Нади Абалыоғлы. Өздері «Түр­кия­дағы дұрыс ақпараттың қай­нар көзі, күнделікті ақпарат та, жедел ақпарат та – біздің газетте» деп мақтанатын басылымды бүгін­дері Айкут Күчүккая басқарады. Бауыр­лас елдің басылымы бүгінге дейін 34 811 нөмір басып шығарған.  

Түркияның бас басылымы Мұс­тафа Кемал Ататүркпен байланыстырылады. Оның тұсында «Жаңа күн» атымен шыққан газет ұлт көсемінің идеологиясын дәріптеп, онымен сұх­баттар жариялаған. Бір кез­дері газеттің француз тіліндегі нұс­қасы да болған. 1925 жылдары түрік халқы Le Republique газетін де қол­ға алып отырған. Бүгінде Түркияның бас ба­сы­лымы саналатын «Республика» газеті 2023 жылы ғасырлық тойын тойлайды.

Одан бөлек, биыл 100 жылдығын тойлайтын тағы бір түрік газеті бар. «Ресми газет» деп аталатын үн­парақ басылып шыққан алғашқы саны­нан бастап елдегі заңдар мен рес­ми мәлімдемелерді халыққа жет­кізу, түсіндірумен айналысады. Осы мін­детті мойнына алған елдегі жал­ғыз басылым осы – «Ресми газет» көрінеді. 

Әуелде Нью-Йорк жұмысшы­лары­ның тілі мен көзі саналған New York Daily News – «Egemen»-нің құр­дасы. «Біздің жұмыс – адамдарға көмектесу, халыққа хабар жеткізу» деп мақсатын айқын білдірген басылым Пулитцер жүлдесінің 10 дүр­кін лауреаты. 2017 жылы газет тілшісі Сара Райли полиция қызм­ет­керлерінің кедей отбасы­ларға жаса­ған дискриминация­­сын әшкерелеген. Қоғамдағы өзекті мә­селелерді жазып қана қоймай, оны шешуді де мін­деті санайтын газет – АҚШ-тағы таблоид форматында басылып шық­қан алғашқы газет. Бүгінде Нью-Йорк­тағы үздік 10 басылымның бірі. Әуелде бұл жоба баспагерлерге еш пайда әкел­меген. Газет тек метрода оқы­ла­тын болғандықтан, меншік ие­лері шы­ғын­ға ұшыраған. Сол кезде 26 мың­нан астам тиражбен басылып отыр­ған газет қазіргі кезде әлемнің үздік басылымдарының көшін бастап тұр. Қазір күн сайын 515 165 дана тиражбен жарық көреді.

Заман өзгеріп, мүдделер айқасы өрши түскен сайын басылымдар мін­деті басқа арнаға ауа бастады. XVIII-XIX ғасырларда газет тек ақпа­рат тарату құралы емес, белгілі бір партиялардың, ұйымдардың идеологиясын дәріптеуші күшке айналды. Оған Англиядағы оқиғалар куә. Сол жылдары мықты басылым­ның бірі саналатын The Times-ті бақуат­ты отбасыдан шыққан Джон Джей­коб Эстор сатып алып, Адольф Гит­лер­дің саясаты туралы жаза баста­ды. Жазғанда қалай, қолдауын ашық білдірді. Газеттің редакторы Джоф­ф­­рей Доусон сол кездегі премьер-министр Невилл Чемберленмен дос­­тығын пайдаланып, елдегі саяси ше­шім­дерге ықпал етіп отырды. Со­ның нә­ти­жесінде Англия Мюнхен келі­сіміне қол қойды. Бұл баспасөз жұ­мысына, бағытына қатты әсер етті. Ақшасы бар партиялар өз алдына газет шығаруға әуестеніп алды. Осылайша, Англияда «Egemen»-нің тағы бірнеше құрдасы пайда болды.

1919 жылы баспасөз тағы бір газетпен толығады. АҚШ-тағы Мичи­ган штатынан Daily Globe газеті жа­рық көреді. Wisconsin Newspaper қауымдастығының құрамына кіретін басылым – 2001 жылы 11 қыркүйектегі террорлық акт кезін­де жедел ақпарат таратқандардың бірі. Бүгінде басылымды ақылы жазылым негізінде ғана оқи аласыз. Жазылушылар саны әжептеуір. Редакцияның Мичиган­нан Вашинг­тонға қоныс аударғаны­на да біраз болды. Негізін қалау­шы Норман Блэк газетті таныстыру кезінде «Мен АҚШ-тағы ең үздік газеттің негізін қалап жатқаныма сенімдімін» деген болатын.

Азия баспасөзіне келсек, «Egemen» негізі қаланған жылдары Жапония билігінде Есихито император билік еткен кез еді. Тарихта ол үстемдік еткен 1912-1926 жылдар арасында баспасөзге еркіндік беріліп, сөз бостандығы мен баспасөз еркіндігі болды деген ақпарат бар. Дегенмен дәл осы шақ жапон баспа­сө­зінде «ең қатал» кезең ретінде есте қалған. Өйткені үкіметтің бюро­кра­тиясын сынаған басылымдар мем­лекеттің бақылауына іліккен. Тек 1951 жылы ғана Жапония баспа­сөзі ер­кін­дікке ие болады. Осылайша бү­гінгі Жапон Конституциясындағы бас­пасөз еркіндігіне қатысты 21-бап пайда болған. Ал шетелдегі құр­дас басылымға келсек, 1928 жылы Shimbun Akahata газеті жа­рық көреді. Әлі күнге дейін жұмы­сын жалғастырып келе жатқан газет­тің атауы «Қызыл ту» деген ма­ғына береді. Атауы хабар бе­ріп тұр­ған­дай, кезінде Жапон Комму­нис­тік пар­тиясының бастамасымен ба­сыл­ған үнпарақ қазір күнделікті және апталық негізде шығып тұра­ды. Газеттің бүгінгі Жапония қоға­мындағы алар орны ерекше. Бейжің, Берлин, Каир, Лондон, Мехико, Ханой, Мәскеу, Нью-Дели, Париж бен Вашингтон сынды әлемдік астаналарда тілшілері бар. Тиражы миллионнан асып түседі. Ағылшын тіліндегі апталық нұсқасы бар.

Көршілес Ресейде басылатын «Слово» газетін де үзеңгілестер қата­рына қосуға болады. Былтыр жарық көргеніне бір ғасыр болған жастар газеті де «Egemen» сияқты атауын бірнеше рет өзгерткен. Газет иемденген «Жас коммунист», «Тау жастары», «Жас большевик», «Жас коммунист» атаулары елде үстемдік еткен идеологиядан хабар береді. Бүгінде ресейлік БАҚ-тың майталмандарына айналған талай дарын алғашқы қадамын осы газеттен бастаған десе­ді. Өйткені газеттің негізгі жазушылары – оқушылар мен студенттер. Тиражы – 90 мың дана.

Қазір әңгіме газеттер тағдырына тірелгенде қоғам пікірі екіге бөлінеді. Бірі ескіден құтылып, жаңаға көшу керек десе, екіншісі тарихын тереңге жайған басылымдардың жұмысын тоқтату қате деген ой айтады. Сарап­шылар «Цифрлы ақпаратты өзгер­ту әп-сәтте, оның үстіне алатын орын­ды ойлаңыз. Ал басылымдар – өткеннен ақпарат беретін жал­­ғыз дереккөз» деген пікір айтады. Жо­­ғарыда атап өткен шетелдік ба­сы­лым­­дар­дың бүгінгі жай-күйі мен тиражы шетелде газетке деген сұра­ныс­тың азай­мағанын көрсетіп отыр.