Білім • 02 Ақпан, 2021

Бала шақтан болашақты барласақ

669 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ұрпағымен мыңжасайтынын ұғынған адамзат қай заманда да болашағы болатұғын балалардың қамын ойлап күн кешкен. Осы идеология әр мемлекеттің саясатында көрініс табады. Соның бір айғағы, қазірде дамыған елдер мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға ерекше көңіл бөледі. Өйткені барлық білім беру жүйесінің іргетасы, бұлақтың бастауы – балабақшада.

Бала шақтан болашақты барласақ

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Қазақстан да соңғы онжыл­дықта мектепке дейінгі ұйымдар санын көбейтіп, 3-6 жастағы балаларды толықтай дерлік (98 пайыз) балабақшамен қамтыды. Бірақ ата-аналар әлі де мектепке дейінгі ұйымдардан орын таппай жүр. Неге? Себебі 1-3 жастағы кішкентайларды балабақшамен қамту көрсеткіші 50 пайызға да жеткен жоқ.

Бас басылым бетінде өткен ай­дың 20-сы күні жарияланған «Бала­бақшаға 2 жастан барса...» деген мақаламызға дәл осы мәселе ар­қау болған еді. Онда біз көп балалы ананың 1,5 жасар баласынан жұмысқа шыға алмай отырғанын, мемлекеттік балабақшалардың әдетте 3 жас­тан бастап қабыл­да­й­тынын, ал жекеменшік мектепке де­йінгі ұйымдарға беруге сапа­сына сенімсіздігі себеп еке­нін жазғанбыз. Бәрінен бұрын бала­ның тәрбие мен білім беретін ұядан ертерек, анығы 3 жасқа дейін орын алуы – бәсекеге қабі­летті буынды қалыптастырудың бірден-бір анық жолы.

Өйткені педагог-ғалымдар мен психологтер адам өміріне қажетті дағ­ды­ларды санаға сі­ңі­рудің ең оңтайлы ке­зеңі – ту­ғаннан 3 жасқа дейінгі жылдар екенін дәлелдеген. Міне, осы материа­лымыз жарыққа шық­қанына 1 апта өткенде Үкімет­тің кеңейтілген отыры­сында Мем­ле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәл осы түйт­кіл­дің түйінін тарқатуды тапсырды.

– Білім беру жүйесі былтыр күрделі сынақтан өтті. Көп нәрсе істелді. Алайда әлі де бірқатар шешілмеген проблемалық мә­селелер бар. 11 мың мектепке дейінгі ұйымда 900 мыңға жуық бала тәрбиеленіп жатыр. Балабақшалардың 36 пайызы – канализациясыз, 29 пайызы – ыстық сусыз, 11 пайызы – жылы дәретханасыз. Мен барлық әкімдердің назарын осы күрделі мәселеге аударамын. Мұндай жағдайда бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру ту­ралы айту қиын. Мектепке дейінгі ұйымдарға кезек мәсе­лесі де шешілген жоқ. 1 жас­тан 3 жасқа дейінгі балаларды қамту көрсеткіші төмен, не­­бәрі 48 пайызды құрайды. Үкі­метке әкімдермен бірге осы мәсе­лелерді шешудің кешенді жос­парын әзірлеуді тапсырамын. Онда балаларды ерте дамыту жүйесін құру, мектепке дейінгі білім берудің баламалы түрлері, ваучерлік жүйе және басқа да мәселелер кіруі керек, – деді Президент.

Иә, мемлекет-жекеменшік әріп­тестігі негізінде балабақша­лар санын көбейтті. Алайда түйткілден түйткіл туғандай, же­ке­меншік балабақшалардың бәрі бірдей сапалы бола алмады. Кейбірінде, Мемлекет басшысы айтқандай, не канализация жүйесі, не ыстық су яки жылы дәретхана жоқ. Бұлар бар болса, тәрбиелі тәрбиеші табылмайды. Барлық жағынан талапқа сай, сапалысы да жоқ емес, тек оның ақшасы қалтаны қағады. Осы материалды дайындау барысында сауалдама жүргізіп, баласын жекеменшік балабақшаға беретін ата-аналардан төлемақы мөлшерін сұрап көрдік. Көбі қымбат. Соның бір мысалына Алматы қаласының іргесіндегі Қырғауылды ауылын­да тұратын Меңдігүл Жарқымбаева­ның «Қызым пандемияның алдында бала­сы­ның балабақшасына 50 мың теңге төңі­регінде төлейтін. Қазір 65 мың теңге болыпты. Балабақша өкілдері бюджеттен ақша бөлмейтін болған соң қымбаттағанын айт­қан екен. Сонымен бала карантиннен бері үйде отыр. Қайтадан жіберуге қалта көтеріңкіремей тұр. Үйде отырғаны обал-ақ» деген жауабын келтіруге болады. Міне, сондықтан ата-аналар, әсіресе көп балалы отбасылар амалсыздан балаларын төлемі арзан балабақшаларға береді. Ал ондағы жағдай көбіне көңіл көншітпейді.

Аталған проблема әрдайым газетіміздің назарында келе жатыр. Мәселен, Маңғыс­таудағы меншікті тілші Гүлайым Шын­те­мір­­қызының 2016 жылғы 26 мамырда басылған материалы тақырыбынан, «Жекеменшік балабақшалар мемлекеттік стандартқа сай келе ме?» деген салмақты сұрақтан бас­та­лады. Содан соң мақалада бір ата-ана бала­­сының үйінде еш­кім үйретпесе де хит ән­дер­­ді жаттап алғанын, себебі балабақшада тәр­биешілерінің күні бойы ұялы телефоннан се­зімге толы әндерді қосып қоя­тынын қын­жыла баяндапты. Бұдан бөлек, БАҚ бет­терінен де балаларды тәрбиелеймін деп тұн­шық­тырған тәрбиешілер туралы жиі оқимыз.

Бұл неден туды? Балабақша ашу – биз­нес. Ал шағын және орта бизнесті дамыту мақсатын­да мемлекет оларды көп тек­серістен босатты. Бірақ бәрібір бір жүйеге келуі керек қой. Өйт­­кені мектепке дейінгі ұйым – мен­шік нысанына қарамастан,  ұр­пақ тәрбиелейтін орын.

Білім және ғылым министр­лігі жанын­дағы «Мектеп­ке дейінгі балалық шақ» рес­пуб­ликалық орталығының директоры Манар Елекенқызы көп мәсе­ленің шешімі лицен­зияда екенін жеткізді.

– Біз бұған дейін мектепке дейінгі ұйым­дар санын кө­бейтіп, алдымен балаларды қам­ту мәселесін бірінші қатарға қойдық. Бала­бақша болмаса, ондағы тәрбие мен білім туралы сөз ете алмасымыз түсінікті ғой. Сол себепті әуелде енгізілген жүйеден лицензия алып барып балабақша ашу талабын жойдық. 2011 жылдан бастап жеке кәсіп­керлер лицензия ал­май-ақ өздері ашқан мектепке дейінгі ұйымын іске қоса беретін болды. Осыдан келіп балабақшалардың қатаң талаптарға сай болмауы, ондағы түрлі тәртіпсіздік, тәрбиеші мамандығына дипломы сәйкес келмейтін мамандар мәселесі алдымыздан шықты. Енді осы лицензияны қайтару мәселесі қаралып жатыр. Сол талап қайтарылса, біраз проблема шешімін тапқалы тұр. Ал балабақшалардағы канализация, жылы әжетхана, ыстық су секіл­ді проблемаларды тікелей жергілікті атқа­рушы органдар шешеді. Әлбетте осы істе ведом­стволармен кеңеседі. Мәселен, осы­ған дейін әкімдіктер жыл сайынғы стра­те­гиялық жоспарларына ұсыныс-пікір қал­ды­руды сұрағанда, құжатқа «Жергілікті атқа­рушы органдар, айталық, балабақша мәселесін осынша пайызға шешетінін көрсе­теді. Осы пайыз қандай зерттеуге сүйеніп жоспарланды? Сіздер алдымен нақты қан­ша балабақшаның канализациясы, неше ұйым­ның ыстық суы жоқ екенін біліңіздер. Содан кейін барып жоспарлау керек» деп ескерту жаздым. Бірақ оны бәрі қарады ма, білмедім, – дейді орталық басшысы.

Иә, бізде кез келген күрмеуі қиын түйін­ді тарқатудың жүйелі жолы жоқ екені рас. Мемлекеттік басқарудағы дертіміздің бір бел­гісі – М.Елекенқызы ескерткендей, өрт­ті сөндірумен ғана шек­телетін өрт сөнді­рушілер секіл­ді тап қазіргі мәселені ше­шу­ді ғана көздеу, ертеңгі туатын проб­леманың алдын алумен айна­лыс­пау.

Мінекей, осындайдан да көпшілік баласын сенімдірек, төлемақысы да қалтаға салмақ салмайтын балабақшаға бергісі келеді. Бұл – сөзсіз мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдар. Негізі елімізде мемлекеттік (балабақшаның 60 пайызы – мемлекеттік, 40 пайызы – жекеменшік) балабақшалар жекеменшік ұйымдардан көп. Алайда онда кезек мәселесі қиын. «Egemen Qazaqstan» газетінің 2019 жылғы 2 шілдеде шыққан «Кері кеткен кезек» атты мақаламызда бір ата-ана баласының кезегі 3 есеге кері кеткенін айтқан еді. Сол ата-ананың баласы кезекке қойылған елордадағы №68 «Балбұлақ» балабақшасының меңгерушісі Қарашаш Қами­дол­лақызы жоғарыдағы жайтты бұрын жеке кезекте тұрған үш түрлі отбасын (әсери қыз­мет­шілер, көп балалы, мүге­дек баласы бар отбасылар) жалпы кезекке қосқанымен бай­ланыстырған болатын. Атал­ған материалымыздағы кейіп­кермен хабарласып, жақында жағдайды білдік. Қазір баласы айына 80 мың теңге төлейтін жекеменшік балабақшаға барады, бұл мектепке дейінгі ұйым мемлекеттік тапсырыс­пен жұмыс істейтіндіктен, ата-ана 50 пайызын төлеп отыр. Қалай дегенмен де балабақша кезегі әлі де өзектілігін жой­­ған жоқ. Бұл сөзімізді әріптесіміз Айнаш Есалының 2020 жылғы 19 мамырда жарияланған «Ал­матыда 43 мыңнан аса бүл­дір­шін балабақша кезегінде тұр» атты мате­риалындағы «Кезекте 1-6 жас аралығында 43 мыңнан аса бала тұр, оның 18 мыңнан көбі 3-6 жас аралығында» дегені дәлелдейді.

Қош, мектепке дейінгі ұйым­­­­дағы барлық мәселенің ше­­­шімін тауып тастадық делік, бірақ мықты маман болмаса, бәрі бекер. Жасыратыны жоқ, біздегі мамандардың барлығы кәсібилер емес. Білім және ғылым министрлігі 2015 жылы нақты тәрбиеші мамандығын бітірген кадрдың үлесі 34,8 пайыз болғанын, 2019 жылы бұл көрсеткіштің 72,9 пайызға жеткенін хабарлады. Жақсы, десек те сол 70 пайыздың қан­шасы білікті, білімді, ісіне беріл­гендер? Үлкен сұрақ! Түге­лімен майталман маман бола алмас, бірақ сақалардың санын қалай арттырамыз?

Қызылорда қаласындағы «Сыр жұл­дызы» мемлекеттік балабақшасының І-кате­гориялы тәрбиешісі, еңбек жолында мектепке дейінгі ұйым басшысының әдістемелік жөніндегі орынбасары қызметін атқарып та көрген Ұлбике Өмірбекқызы аталған мәселені шешудің үш жолын ұсынды.

– Мен осы мамандықтың соңғы курсында оқитын сту­дент­терден сауалдама алдым.­ Сонда 25 студенттің тек 2-еуі­ болашақта балабақшада жұ­мыс істейтінін айтты. Өзі­ңіз ойлаңызшы, тәрбиеші Қа­зақ­стандағы ең жоғары жа­лақы алатын кәсіп иесі болса, солардың біреуі қалмай жұ­­мысқа орналасар еді. Тіпті та­ласады. Ақпарат көздері ашық қоғамда өмір сүреміз, білім беру жүйесі дамыған ел­дерде тәрбиеші ең жо­ғары жалақы алатын мамандардың қата­рына кіреді. Тиісінше жұмысқа орналасу да қиын. Ал еліміздегі әріптестерім 100 мың теңгенің көлемінде айлық алады. Бұл – біздегі тәрбиенің құны. Оның құ­нын арттырмайынша білікті кадрлардың бала­бақшада бой көрсетуі сирей береді. Екін­ші­ден, қазір тәрбиешілер мектепке да­йын оқушыны жіберуі тиіс. Әр үйдің ерке­сін тәрбиелеуге екінің бірі дауалай бер­мейді. Біз ұрпақ тәрбиесімен мықты маман­дар­дың айналысқанын қаласақ, онда әскери қыз­метшілер секілді 30 жыл бойы табан алдырмай балабақшада жұмыс істеген ма­манды жасына қарамастан зейнетке шығаруымыз керек, – дейді Ұ.Өмірбекқызы.

Осы ойынан соң тәрбиеші бізге «Сіз өмі­ріңізде шетелде тәжірибеден өтуге жол­дама алған тәрбиешіні көрдіңіз бе?» деп сұрақ қойды. Тосылып қалдық. Содан ке­йінгі сөзін жақында ғана ғалымдарға қарас­тырылған 1000 грант жайымен жалғады. Оның ойынша, білім басқармалары мен бөлімдеріндегі басшыларды емес, нағыз балабақшаның қа­занында қайнап жүрген тәр­биешілерді білім беру жүйесі озық елдерде тағылымдамадан өтуге жіберген жөн. Себебі ке­лешек көшбасшыларды да, ұлт денсаулығын сақтайтын дәрі­герлерді де, әлеуетімізді арттыратын ғалымдарды да, экономикамызды көтеретін кәсіпкер қауымды да қалыптастыратын, бәріне бірін­ші болып білім нәрін сіңіретін – тәр­биешілер.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, бүгінгі балалардың бала шағынан болаша­ғымыз­дың барлауға болады. Себебі біз қазір ұрпақты қалай тәрбие­лейміз, еліміздің ертеңі солай қалып­­тасады. Ғылым мен техно­­логия заманында тек ой жарыс­тырған озаттар мем­лекетті алға сүйрей­ді. Ал олар ерте жастан тәрбие мен білімнің «уызына жа­рығандар­дан» ғана шығады.