Руханият • 02 Ақпан, 2021

Ұлы жырау рухына тағзым

610 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл – жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл. «ХХ ғасырдың Гомері» атанған ұлы жыраудың рухты, отты өлеңдерімен қатар, Құлманбет, Сарыбас, Айкүміс және өзге де ақындармен айтысы сақталған. Елдің бірлігін, халықтың татулығын жырлап, болашақ ұрпаққа баға жетпес мұра қалдырды. Жыраудың атымен аталатын өңірде ұлы ақынның мерейтойына арналған шаралар басталып та кетті.

Ұлы жырау рухына тағзым

 

Жастарды отаншылдық сезімге баулу, пат­риоттық рухта тәрбиелеу мақсатында мем­ле­кет­тік «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейі «Ұлыстың мақтанышы – ұлы Жамбыл» атты іс-шара ұйымдастыр­­ды. Аталған шара «Шер­хан Мұртаза атындағы ру­­ханият және тарихтану» орталығында өтті.

Әуелі келушілер Жамбыл Жабаевтың өмірі мен өнер жолынан сыр шертетін көр­мені аралап көрді. Аталған қорық-му­зейдің тарихшысы Мәдина Ибаділдаева қо­нақтарды жырау өмірінің түрлі кезеңін қамт­итын материалдармен таныстырды. Жиында «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің дирек­то­ры Нұрлан Бықыбаев сөз алып, Жам­был шығармашылығы төңірегінде өз ойы­мен бөлісті. Ал жазушы-драматург Елен Әлімжан жыр алыбы туралы Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Әбділда Тәжібаев сияқты әдебиет қайраткерлерінің естеліктерін айтып, Жамбыл шығармашылығының ерек­шеліктеріне тоқталды. Сондай-ақ облыс­тық «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қор­ғау және қалпына келтіру дирекциясы» мекеме­сінің директоры Қуаныш Дәурембеков Жам­был Жабаевтың, Бейімбет Майлин, Ілияс Жан­сүгіров сынды сөз зергерлерімен тығыз байла­ныста болғанын табылған архив деректері негізінде әңгімелесе, айтыс­кер ақын Есет Досалы Жамбыл өңі­рінде жыр алыбының жолын қуған жас айтыс­керлердің өсіп келе жат­қанын, олардың алды еліміздегі аламан айтыс­тарда топ жарып жүргенін жеткізді. Соны­мен қатар Асқар Тоқпанов атындағы облыс­тық қазақ драма театрының әртістері әйгілі Сүйінбай ақынның бала Жамбылға бата беру сәтін сахналады. Әнапия Ахметов пен Нұрсұлтан Маханов ұстаз бен шәкірт арасын­дағы рухани сабақтастықты ерекше шебер­лікпен жеткізе білді.

Жалпы, жиында Жамбыл Жабаевтың өмірі мен өнерін жаңаша тұрғыдан зерт­теу, өңірде ақын атындағы конкурстар ұйым­­да­стыру, тапсырыспен әдеби дүниелер жаз­­дыру, бір сөзбен айтқанда, жырау атын ұлық­тау мәселесі сөз болды. Бұл ретте Қуа­­ныш Дәурембеков облыстық мәдениет, ар­хив­тер және құжаттама басқармасында іс-ша­­ралар жоспары жасалғанын, алдағы уақыт­тарда Тараз қаласында ақын атында­ғы республикалық ақындар мүшәйрасымен қатар, айтыс ұйымдастырылатынын да жет­кізді. Жырау есімін ұлықтау мақса­тын­да­ғы шаралар тек ақынның туған күні ақпан айында ғана емес, жыл бойы жалға­сатын болады.

 

Жамбыл облысы