Өткен ғасыр басында алаш арыстары жайлы дарынды ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров «халқы үшін шам қылған жүрек майын» деп айтқаны сияқты, туған жұртының ақтаңдақ тарихына терең үңіліп, шежіресі шырмаулы шерлі жылдардың ақиқатын айта білген қарымды қаламгер, қажырлы журналист Амантай ағамыз бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отыр.
Осы орайда, атамыз қазақтың «ағадан ақыл, ініден ізет» әдебі бойынша, жеті мүшелге жетеғабыл жасқа жеткен қарияға сәлем бере барып, ардақты ақсақалмен өрбіткен әңгіме желісін басылым оқырмандарына ұсынып отырмыз.
– Амантай Ғазезұлы, екінің бірі жете бермейтін сексен дейтін сеңгірдің биігіне шығыпсыз, мерей жасыңыз құтты болсын!
– Рахмет.
– Лажы болса, әңгімені өзіңіздің өскен орта, өмір сүрген қоғам, көрген тәрбие, ұққан өнеге... дегендей, балалық шағыңыздың баянды күндерінен бастасақ деймін. Бәрін түгелдей баяндау мүмкін емес әрине, десе де көктей шолып айтып өтсеңіз.
– Мен 1941 жылы ақпан айының бірінші жұлдызында Ақмола облысына қарасты Ақсу кенішінде көп балалы отбасында туыппын. Әкем Ғазез Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангер еді. Ұрыс даласында ауыр жараланып, елге жалғыз басы аман оралған екен. Онысына қарамай көп жыл шахтада қара жұмыс істеді. Жарықтық мінезге бай адам еді. Есею жылдары қызыл мен ақтың қырғыны, кәмпеске, ашаршылық сияқты нәубеттің өтінде өткендіктен болар, шүкіршілігі мол, тоқтыққа төбесі көтеріліп толып кетпейтін, жоқтыққа еңсесі жонылып жұқарып кетпейтін жан еді. Әсіресе, о кісінің ұқыптылығы мен ыждаһаттылығы арқасында ел қатарлы өмір сүрдік.
Егер бойымда жақсы қасиет, жағымды қылықтар болса, әке тәрбиесі мен өскен ортаның өнегесі деп пайымдар едім. Ал шешем жарықтықтың аты – Алма. «Аш қалмадым, арғымақ мінбедім» деп Қанай шешен айтқандай, осы анамыздың арқасында өнегелі өмір көріп, өн бойымызға текті тәрбиенің нәрін сіңіріп өстік. Сөйтсе де, балалық шағым тым баянды болды деп айта алмаймын. «Болашақта бақытты өмір сүру үшін, бақытсыз балалық керек» дегендей, менің бауыр жазып, бас көтерген балалық шақ, бал күндерім қан майданның қасіретті жылдарына тап келді.
Қазақтың үлкен қаламгері Қадыр Мырзалиевтің жазбасынан оқығаным бар еді. – Соғыс жылдары дейді Қадекең. – Әжем күнде жатарда «Е, Жаратқан осы күніме шүкір» деп риза кейіпте дұға жасайтын. Мен «Күйеуі соғыста жүр, ағасы мен інісінен қара қағаз келді, несіне шүкір етеді» деп ойлаушы едім. Бір күні осы жайлы сұрағанымда, әжем: «Бұдан да қиын күндер болуы мүмкін, сол үшін шүкіршілік етем» деді, – деп жазады. Айтайын дегенім – біздің буын бесіктен белі шықпай-ақ жоғарыдағыдай шүкіршілікті көріп өсті. Қысқасы, бізде балалық дәурен болған жоқ. Шыңдалып өстік. Еңбекке ерте араластық.
– «Еңбекке ерте араластық» демекші, орта мектепті бітірген соң анда-мында оқу-тоқу іздеп жүрмей, бірден өндіріске орналастыңыз...
– Солай болды. Өйткені, біздің ағайындар қоныс тепкен шағын ауыл тек бір рудан өрбитін бір-бірімен аталас, туыс-жекжаттар еді. Басқалар оны «Бәйсүгір» ауылы деп атайтын. Сол тұста қалыптасқан ағайынаралық жазылмаған тәртіп бойынша, әрбір ержеткен азамат алысқа кетпей ата-анасына қолғанат болуы тиіс сияқты сезілетін. Оның үстіне әкей жарықтық екінші топтағы мүгедек болғандықтан оларды тастап, отбасы ошақ қасынан алысқа кету жайлы ойламадым да.
Сөйтіп, 1960 жылдары Ақсу кенішінің бас карьеріне электрик болып жұмысқа орналастым. Екі жылдай тәжірибелі маманға көмекші болып жүрдім де, жұмыстың қыр-сырына қаныққан соң өз алдына қызмет атқаратындай дәрежеге жеттім. Сөйтіп, жүргенде бес жыл өте шықты. Алтыншы жылға аяқ басқанда өндіріс басшылары маған мекеменің бастауыш комсомол ұйымының хатшысы деген әжептеуір лауазым беріп қойды. Бұл өзі кәдімгідей саяси науқанға толы жұмыс. Әсіресе, саяси үгіт-насихатқа ерекше мән беріледі. Оның көзі – газет-журнал. Яғни, қазіргі тілмен айтқанда бұқаралық ақпарат құралдары. Бір жағы белсенді жастарды таныту, екіншіден, өндірістің жетістігін қоғамға құлағдар ету мақсатында облыстық деңгейдегі басылымдарға мақала жазатын әдет тауып алдым. Кейін осы іс – менің жазу-сызуға деген құштарлығымды оятты. «Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» дегендей, алғашқы жазбаларым газет бетіне шыққан сайын бойымда кәдімгідей желпініс, жазуға деген ынта оянды.
Мәлімет үшін айта кетейін, сол тұста еліміздің солтүстік бес облысы – Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстанды біріктіріп «Тың өлкесі» деген жаңа құрылым пайда болды да, бес облыстағы қазақ газеттері жабылып, олардың орнына «Тың өлкесі» деген газет шықты. Осы газетке мақалалар жіберіп тұрдым.
– Түсінікті. Сөйтіп, жаза-жаза журналист болдыңыз... Сізді бұл кәсіпке баулыған ұстаздарыңыз кім?
– Бірден тайпалған журналист болып кете қойған жоқпын. Ағаларға еліктеу, олардың жазған жақсы дүниелеріне тамсану менің де басымнан өтті. Анда-санда шалғайда жатқан ауылымызға облыстық, республикалық деңгейдегі журналистер келеді. Оларға қызыға қараймыз. Айтқан әңгімелерін тыңдап, сөз саптасына, мінез-құлқына, жүріс-тұрысына еліктейміз... Дей тұрсақ та, өзім үлгі тұтқан, тәлімін алып, шарапатына бөленген екі адам болды. Біріншісі – майдангер жазушы-журналист Әскен Нәбиев болса, екіншісі – сол тұста «Социалистік Қазақстан» газетінің Тың өлкесін жауаптанған меншікті тілшісі Орақбай Смағұлов деген ағай еді.
Оның сыртында Әсекеңнің туған ағасы, кезінде Түркістан легионында болған Мақсұт Нәбиев біздің үймен көрші тұрды. Жазушы ағамыз ауылға келген сайын «Ғазиз ағайға сәлем берейін» деп, біздің үйге үнемі кіріп шығатын. Онымен қоймай менің газетке шыққан бірлі-жарым хабар-ошарымды байқап жүретін көрінеді.Ұшырасқан сайын: «Редакциямен байланысыңды үзбе, жазып тұр, көмек керек болса айт, ұялма» деп, қолдап-қолпаштап, ақыл-кеңесін беріп жататын.
Ал Орақбай ағамен қалай танысқанымды айтайын. Бірде Әскен аға газет тарату науқанымен келгенде жанындағы жолдасын: «Социалистік Қазақстан» газетінен. Орақбай Смағұлов» деп таныстырды. Еліміздің бас газеті – «Социалистік Қазақстанның» Ақмола облысындағы арнаулы өкілі ретінде осы жауапты қызметті мінсіз атқарған ағамыздың әртүрлі тақырыпқа жазған сүбелі материалдарынан былайғы жұрт жақсы хабардар еді. Осы кісі маған «Социалистік Қазақстан» газетінің жергілікті тілшісі» деген куәлік алып беріп, маңызды тақырыптарды қаузап, шыңдалуыма жол ашса, «Тың өлкесі» газетінің қызметкері, ақын Нұрғожа Оразов газетте жарық көрген «Достық әзіл» бұрышына: «Карьерден біздің Кәкенов, Табысты тұр әкеліп, Кәрілерге жоламай, Жастарды жүр көтеріп» деп жазғаны бар. Бұның өзі «арық атқа «шүу» дегендей» үлкен демеу болды. Мені баспасөзге бір табан жақындатқандай әсер етті.
– Әңгімеңізге қарасам, ауылдың электрик-комсоргы кәсіби журналистикаға қарай беттеп келе жатқан сияқтысыз, бірақ не себептен күрт бұрылып, мемлекеттік қауіпсіздік саласына ойыстыңыз?
– Расын айтсам, ол кезде менде кәсіби журналист болудан басқа діттеген мақсат жоқ-тын. Тіпті КазГУ-дің журналистика факультетін сырттай оқып бітіріп алдым. 1965 жылы республика тарихында болған ірі өзгеріс болып бес жыл бұрын құрылған «Тың өлкесі» таратылып, бұрынғы облыстар қайта қалпына келді. Бес жыл бұрын жабылып қалған қазақ тілді газеттер қайта ашылды. Сөйтіп біздің Ақмола облысы «Коммунизм нұры» дейтін газетке ие болды. 1966 жылы осы басылымға тілші болып орналастым. Кешікпей бөлім меңгерушісі болдым. Осылай жүріп жаттық...
Содан ойламаған жерден ұсыныс түсті. Бұл 1973 жылы болатын. Сол кезде қалыптасқан жүйе бойынша мемлекеттік қауіпсіздік саласына өндірісте жұмыс істеген, комсомол, партиялық қызметке бейімі бар, бір сөзбен айтқанда өмірде ысылған азаматтарды қабылдау науқаны жүріп жатыпты. Содан таңдау маған түскен. Қысқасы, Целиноград облыстық партия комитеті бюросының қаулысымен мемлекеттік қауіпсіздік саласына, әскери қызметке шақырылдым.
Менің журналистикаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қызметке кетіп бара жатқанымды ескеріп, өзім еңбек етіп жүрген редакция ұжымы сәттілік тілеп ресми шығарып салу хатын жолдағаны бар. Бұл құжат өмірімнің бір белесіндей, жеке архивімде әлі сақтаулы тұр. Онда: «Сен қоғамдық жұмысқа белсене араласып, берілген тапсырманы бекем орындайтын тиянақтылығыңмен танылдың. Коллективте жұғымды, жолдастар арасында беделді азаматсың, таза коммуниссің. Ұстамды мінезің, байсалды әрекетің сені тағы бір талап биігіне шақырып, үлкен істерге жетелей тартады. Сені қанаттандырып ұшырған редакция коллективі саған әрдайым сәт сапар, мықты денсаулық, зор ізденіс жолын тілейді» деп жазылған.
Кешікпей Мәскеу қаласындағы Ф.Э.Дзержинский атындағы КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік жоғары мектебіне оқуға аттанып, екі жыл дайындықтан өттім. Қауіпсіздік қызметкері ретінде алғашқы еңбек жолымды Жезқазғанда бастап, Шымкент және Ақмола облыстарында жалғастырдым. Бұл қызметті де абыройлы атқардым. КОКП Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы В.М.Чебриковтың бұйрығымен маған «полковник» шені берілді.
– Қызық болғанда, Мемлекеттік қауіпсіздік саласы өздері таңдап алған қызметкері кейін бұл саланың түпсіз апанында жатқан архивтік құжаттармен танысып, халқымыз бастан кешкен ақтаңдақтарды аршып алып, сөйлетеді деп ойламаған болар. Әсіресе, сіздің «Түркістан легионы» жайында жазған зерттеу еңбегіңіз бір төбе. Сұрайын дегенім – дәл осы тақырыпты қаузауыңызға не түрткі болды?
– Жоғарыда айтқанындай, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, немістердің қолына түсіп, кейін «Түркістан легионы» сапында болған бізге әрі ағайын, әрі көрші Мақсұт Нәбиевті көзім көрді. Ержетіп, етек басқан сәттен осы кісінің әңгімелерін тыңдап, соғыстың біз біле бермейтін көлеңкелі тұстарын аңғарғандай болдым. Ағамыз Түркістан легионында «қазақтың Паганиниі» атанған скрипкашы Әйтікеш Толғанбаев, белгілі әнші Мұхамбетқали Батыргереев, қаламгер азаматтар Әли Асқар, Мәжит Аяпбек, Мәжит Айтбаев, Мәулікеш Қайболдин, Хамза Абдуллин және т.б-лармен бірге болыпты. Бертінде Сталин өліп «жылымық» жылдардың жылы лебі ескенде кеңес түрмесінен тірі оралған легионерлер бір-бірімен араласып жүрді. Әлі есімде бір күні Мақсұт ағамызды Алматыдан жазушы Хамза Абдуллин іздеп келді. Хамзекең атағы дардай үлкен жазушы, әрі грузин ақыны Шота Руставелидің «Жолбарыс тонды жиһанкез» дастанын қазақша сөйлеткен атағы бар...
Екі ағамыз күнді түнге жалғап әңгіме айтады. Сәтін салғанда маған қос легионердің әңгімесін тыңдау бақыты бұйырды. Ескілеу «Урал» мотоциклім бар еді, қос қарияны отырғызып алып, даланың құба шаңын бұрқыратып шапқылаймын кеп. Уақыт өте келе естіген дүниелерім көкейімде көктеп, аталған тақырыпты қаузауыма негіз болғаны анық.
– Жалпы осы легион мәселесінде, Екінші дүниежүзілік соғыс тарихын зерттеушілер әлі бір байламға келе алмай жүрген сияқтана береді. Бірі ақтаса, екінші тарап басқа бір мәміле айтады дегендей. Сіз болсаңыз «Түркістан легионерлері – «мұсылман факторы» атты саяси ойынның құрбаны» деген пайым айтып жүрсіз...
– Жасыратын түгі жоқ расында солай. Бір шындықты айтайын, тіпті соғыс басталмай тұрып немістер 1941 жылы 16 мамырда болашақта қолға түсетін кеңестік тұтқындарға қалай қатынасу жайлы үкім шығарып қойған. Осы бұйрықта: большевизмге уланған кеңестік тұтқындарға қатаң көзқарас қолданылсын; соның ішінде азиаттарға ерекше қатаңдық көрсетілсін; оларға ешқандай ақпарат берілмесін; халықаралық ұйымдардан жіберілетін көмекке тиым салынсын; жергілікті тұрғындармен қатынасуына қатаң шек қойылсын деген арнайы бап болды. Осыдан-ақ, фашистердің тұтқынына түскен қандастарымыздыңжайын біле беріңіз. Бұл бір. Одан кейін соғыс аяқталған тұста, Сталиннің «Бізде тұтқындар жоқ, тек Отанын сатқандар бар» деген бір ауыз сөзі мен 1941 жылы 16 тамызда генералиссимус қол қойған «Соғыста жау қолына түскен тұтқындар қасақана әскерден қашқан болып есептелсін...» деген 270-ші бұйрығы легионерлер тағдырын екі есе қиындатты. Расын айтқанда, тұтқынға түскен түркістандықтарды Кеңес өкіметі буржуазиялық ұлтшылдардың ізбасарлары, халық жауы деп қараласа, немістер күні бүгінге дейін күн тәртібінен түспей келе жатқан «мұсылман факторы» атты үлкен ойынның құрбандығына айналдырды. Бар шындық осы қарағым!
– Ендеше, осы адамдарды, нақтырақ айтқанда еріксіз жау қолына түсіп легионер атанғандарды ақтап, ұрпағына құнақы (компенсация) төлесе болатындай екен. Жалпы соғыс жылдары «Түркістан легионы» құрамында қанша қазақ болғаны жайлы дерек бар ма?
– Сіз мына бір құжатқа назар аударыңыз: «Известия» газеті 1998 жылы 25 маусым күнгі санына Ресей Қарулы Күштері Бас штабынан алынған құпия мәліметті жариялады. Онда: 1941-1945 жылдары Кеңес Одағынан 34 млн 476 мың 700 мың адам майданға қатысты. 11 млн 944 мың 100 адам қаза тапты. 4 млн 559 мың адам хабарсыз кетті. 4 млн 559 мың адам тұтқынға түскен делінген. Нақты шындық осы.
Жоғарыдағы тұтқынға түскен-
дер арасында легионер атанғаны бар, жалпылай алғанда Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Германия қарулы күштерінің құрамында, 2 миллионға жуық шетелдік жауынгер, яғни легионер есебіндегі адамдар болғаны жайлы дерек бар. Бұлардың 450 мыңы мұсылман еріктілері делініп жүр. Нақты айтқанда, 120 мың балқандық, 4 мың араб-үнді тектес, 180 мыңы түркістандық (өзбек, қазақ, қырғыз), 30 мың солтүстіккавказдық, 25-35 мың әзербайжан, 60 мың Еділ және Қырым мұсылмандары болғаны туралы құжат бар.Осыған қарағанда легионерлер сапында қазақтар көп болмаған. Нақты саны белгісіз, ары кетсе 10-20 мың шамасы болуы мүмкін. Осылардың арасынан ақталғаны үш-ақ адам. 1992 жылы скрипкашы Әйтікеш Толғанбаев, 1996 жылы ақын Хамза Абдуллин ақталса, кейін бұл тізімге Қабыкен Әбішев қосылды.
– Қазір тәуелсіз ел емеспіз бе? Бұларды ақтауға не кедергі?
– 1947 жылы сәуір айында Алматы қаласында Түркістан әскери округінде Түркістан легионына қатысқан 49 адамның қылмыстық ісі қаралып, түгелдей жаза жүктеді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, яғни 1995 жылы Бас прокуратура жоғарыдағы 49 адамның №5221 қылмыстық ісін қайта қарап, 2 шілде күні ресми қорытынды шығарды. Онда: «Бұл адамдар Отанын сатқандар, соғыс жағдайында басқаларға қолұшын бергендер» ақтауға ешқандай негіз жоқ делінді. Тіпті 1993 жылы 14 сәуірде қабылданған «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң талаптары легионерлерге жүрмейді деген үкім кесіп айтылды. Соған қарағанда легионерлердің бүгін-ертең ақталатындай түрі көрінбейді.
– Түсінікті. Аға, сіз 1994 жылы «Сәкен шындығын діттегенде» атты кітап жаздыңыз. Аталған тұлға жайлы бұған дейін қазақтың мүйізі қарағайдай үлкен ғалымдары бүге-шігесіне дейін зерттеп тастады. Ал сіз қай тарабын індеттіңіз?
– Ойыңызды ұқтым. Сәкен Сейфуллин түп-тамырына дейін зерттелген тұлға, сіздікі не демексіз ғой. Айтайын, жалпы сәкентануда Сәбит Мұқанов, Есмағамбет Ысмайылов, Қажым Жұмалиев, Серік Қирабаев қатарлы әдебиетші-академиктер үлкен үлес қосты. Осылардың ішінде профессор Тұрсынбек Кәкішевтің еңбегі бір төбе. Бірақ бұл адамдар жалынды ақынның әдеби еңбегі мен көпшілікке белгілі саяси-қоғамдық жұмыстары жайлы зерттегені болмаса, НКВД архивінде сақтаулы тұрған құпия құжаттарға қолдары жете берген жоқ. Менің бағытым – нақты архивтік құжаттарға сүйене отырып, сол кездегі оқиғаларды тәпсірлеу болды. Яғни, менің кітабымда: Сәкенді тергеу кезінде жасалған айыптау қорытындысы, соңғы шығарылған үкім т.б. құжаттар тұңғыш рет жарияланды. Одан кейін жарық көрген «Қазақтың Сәкені», «Непокоренный сын степи», «Сәкен Сейфуллин» секілді туындыларым жоғарыдағы архивтік құжаттар ізімен көркем түрде жазылған публицистикалық еңбектер.
– Сөз соңында, отбасыңыз жайлы бір ауыз айтып өтсеңіз.
– Зайыбым – Зәйкен Әбікенқызы ұзақ жыл кәсіподақ ұйымдарында қызмет атқарды. Қазір зейнеткер. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірдік. Қызымыз Раузаның мамандығы мұғалім, үлкен ұлым Әнуарбектің мамандығы – экономист, екінші балам – Алмас инженер. Бәрі жеке шаңырақ көтерген. Құдайға шүкір немере-шөбере, жиен-жиеншарлар баршылық. Осылар аман-есен адам қатарына қосылып, тыныш заманда өмір сүрсе екен деп тілеймін бір тәңірден.
Сөз соңында айтарым: бейбітшілік заман болсын, еліміз аман болсын, Алла тағалам қазақ халқын пәле-жаладан сақтап, шаңырағы шайқалмай өсіп-өнуді нәсіп еткей!
Әңгімелескен
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»