Пікір • 02 Ақпан, 2021

Қоғамдық пікір – халық үні

1720 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекеттегі әлеуметтік-саяси үде­ріс­тердің қалыптасуында қоғамдық пі­кір­дің алатын орны зор. Ол өз бойына дәс­түрлер мен өмірлік тәжірибені сіңірген әлеу­меттік құбылыстардың қатарына жата­тындықтан, қоғамдық санаға да ық­пал ете алады. Бұл институттың саяси процестерді заңдастырудағы маңызы да үлкен.

Қоғамдық пікір – халық үні

Қоғамдық пікір көпшілік жағдайда қоғамның билікке деген сенімінің деңгейімен айқындалады. Ендеше, ол – қандайда бір көзқарасты сараптау, сынау, қабылдамау немесе ұсыныс енгізу түрінде жария ету деген сөз. Ол сонысымен құнды.

Саяси сенім қоғамның жалпы мемлекеттік саясатқа деген сенімін білдіреді. Қазір ел халқының үштен бірі қоғамда өзгерістердің қажеттілігін талап етіп отырған кезде кез келген реформаның халықтың мүддесімен үйлесімді іске асырылғаны абзал. Сондықтан елімізде жүргізіліп жатқан модернизациялау үдерісі бір мезгілде конституциялық реформаны, экономикалық қайта құру мен қоғамдық сананы жаңғыртуды қамтығандықтан, оның нәтижелілігін тұрғындар реформалардың жергілікті жерлерде дұрыс орындалуымен байланыстыратыны сөзсіз.

Осы орайда қолға алынған қайта құру­лар­ды қалай болғанда да мемлекет және би­лік­тің басқару органдары жүргізетінін ескере сөйлесек, әлемдік дамудың жаңа және өте күрделі кезеңінде елді дамытудың жаңа мо­де­ліне көшу мақсаты өте өзекті мәселеге айналып отыр. Сондықтан ең алдымен басқару жүйесін өзгерту және оның тиімділігін арттыру маңызды. Ол үшін, әрине, басқарудың барлық деңгейінде шешім қабылдау нақты нәтижеге бағдарлануына, оның сапалық көрсеткіштеріне үлкен мән беруге күш салған абзал. Ол үшін міндетті түрде қоғамдық пікір­ді ескеріп, оны әлеуметтік басқарудың тұ­рақты факторына айналдыру өзекті болмақ. Бұл жерде аймақтық элитаның алдында ор­талық деңгейде қабылданған стратегиялық ше­шімдерді жергілікті жерге бейімдеп, оны тиімді іске асыру міндеті тұрғанын да ұмыт­па­ған жөн.

Қоғамдық пікірге сүйенер болсақ, мемле­кет­тік қызмет жүйесін реформалау тия­нақ­­ты дайындықсыз жүргізіліп жатқан қайта құру­лар­дың қатарына жатады. Оған ай­мақ­тардағы тұрғындардың жергілікті мем­ле­кеттік басқару органдарына деген сенім­сіздіктерінің жоғары деңгейі дәлел бола алады. Сондықтан болар, реформалар үдерісіне халық шешім қабылдау деңгейінде қатысқысы келеді. Яғни олар реформа барысында оның объектісі ғана болмай, оның белсенді субъектілері де болғысы келеді. Өйткені қайта құруларға деген оң көзқарастарға қарамастан, азаматтардың оны іске асырудың формасына көңілдері көншір емес. Мұның басты себебіне тұрғындарды ең алдымен толғандыратын өзекті мәселелердің шешілмей жатқандығын жатқызу керек. Егер халықтың күнделікті қажеттіліктері мен сұраныстары біржолата шешімін таппай жатса, олардың келесі «қайта құруға» деген көзқарасы оңайшылықпен өзгере қоймас. Өйткені тұрғындардың бетін бері қарататын, көзге көрінетін, оның көңілін жұбататын, жылдан-жылға қайталанып отыратын құрғақ уәдеден басқа нақты нәтиже жетіспей тұр. Дәл сол нақты және сапалы нәтиже ғана адамдардың өзін өзі әлеуметтік тұрғыда жақсы сезінуіне, өзінің материалдық жағдайымен қанағаттануына және оның бойына әлеуметтік оптимизмнің ұялауына мүмкіндік туғыза алады. Ол сонда ғана ашықтық танытып, өзіне жауапкершілік алып, мемлекетке аузын ашып қарап отырмай, өз тағдырына өзі жауап бере бастайды. Ал керісінше болса, мұндай жағдайда мемлекеттік идеология да қауқарсыз және өтімсіз болып қала бермек. Онда халық та өзгермейді және ол күн­де­лікті күйбеңінен әрі аса алмайды. Оған үшінші модернизация ма, әлде рухани жаң­ғы­ру ма бәрібір. Бір анығы – елдегі қайта құру үдерістеріне ол енді қатыспай, бәріне немқұрайды қарап, тіптен оны қабылдай қоюы да неғайбыл. Өкінішке қарай, қазір тұрғындардың бір бөлігі модернизациялау саясатының идеясы мен мақcаттарынан бейхабар. Бұл жағдайдың мемлекеттік билікке абырой әпермесі түсінікті.

Қоғамдық пікір – халық үні. Оған құлақ түріп, шенеуніктер жұрттың айтқанын теріске шығарып әлек болмай-ақ, бар кемшілікті нақты іспен түзетуге күш салуы керек. Барлық жұмысты осы бағытта өрбітудің қамын жасаған жөн. Ол үшін мемлекеттік қызметшілер тұрғындар алдында моральдық беделі мен жұмысы, күнделікті іс-әрекетімен халықтың көңіліне сенім ұялатуы шарт. Сонда ғана олар елдегі модернизациялау үдерісіне назар аударып, іске асырылып жатқан қайта құрулар мен жаңғыртулардың басты мақсаты саналатын ұлттық бірлікті нығайту, ұлттың рухани жаңғыруын қамтамасыз ету ісіне үлес қоса алады.

 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

қоғам қайраткері, саясаттанушы