20 Желтоқсан, 2013

Сауапты іс

428 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

01 006Қаратаудың күнгейі мен теріскей бетін екі аймақтың адамдары мекен етеді. Теріс­кейінде Ақсүмбеден басталып Қаратау мен Шолаққорғанға жалғасатын оңтүстік өңірдің ағайындары жатыр. Күнгей беті бір шеті Сырдариямен шектесетін Шиелі, Жаңақорған аудандарына тиесілі. Қарт таудың қос қапталында жатқан жұрттың өмір салты да, тағдыры да өте ұқсас.

 

01 006Қаратаудың күнгейі мен теріскей бетін екі аймақтың адамдары мекен етеді. Теріс­кейінде Ақсүмбеден басталып Қаратау мен Шолаққорғанға жалғасатын оңтүстік өңірдің ағайындары жатыр. Күнгей беті бір шеті Сырдариямен шектесетін Шиелі, Жаңақорған аудандарына тиесілі. Қарт таудың қос қапталында жатқан жұрттың өмір салты да, тағдыры да өте ұқсас.

Бала күнімізде әкем «Мына тауды асып өтсең, әрі қарай Алматы тиіп тұр. Ал Самара-Бейжің тас жолы айналма» деп отыратын. «Алматыдағы ағамдар ендеше неге осы жолмен келмейді?» дейтінбіз сонда. Жолдың нашарлығы жауап болатын. Әлі күнге жол толықтай жөнделді дей алмаймыз. Бірақ бұрынғыдан әлдеқайда дұрысталып қалған. Өткен еңбек демалыс­ында Алматыдан көлікпен қайтып келе жатып Тараздың тұсынан оңға қарай кетіп қалғанымыз бар. Шолаққорғанға дейін баяғы аудан, облысаралық жол жатыр. Ал одан кейін тақтайдай тас төселген екен. Қыземшек елді мекеніне дейінгі аралық тіпті ғажап. Елсіз жерде желмен жарысқандай жүйткисің де отырасың. Жуантөбе ауылына жете бергенде Шу өзені ағып жатыр. Заманауи көпір де салыныпты. Жергілікті жұрт Шу өзеніне көпірдің өткен ғасырда салынғанын айтады. Дегенмен, көктемгі және күзгі тасқын кездерінде көпір өте қауіпті аймақтың қатарынан болған екен. Көліктің өтуі қиындап, адамдардың әрі-бері қатынасы үзіліп қалған жағдайлар да туындаған. Содан күрделі жөндеу жүргізу керек болған. Сырдың бойы мен оңтүстік аймақтың тағдыры бір деп қалдық қой. Сол ортақ тағдырдың бірі уранмен астасады. Қаратаудың қос қапталынан уран өндірілетіні ешкімге құпия емес. Міне, қара жердің қойнауынан қазба алып жатқан компанияға көпірді жөндеу жүктеледі. Обалы не керек, «Сауда-көлік компаниясы» атты серіктестік көпірді жаңадан салған. Жаяу жүргіншілер мен көлік жолы, көпірдің айналасын абаттандыруға дейін көңіл бөліпті. Көпірдің тақсыретін тартқан ағайын құрылыстың тез және сапалы салынғанына қуанышты екен. Бір жылдың ішінде ұзындығы 163,1 метр, ені 10,7 метрлік көпір ел игілігіне беріледі.

Біз айтып отырған «Сауда-көлік ком­пания­сы» биыл тағы 120 шақырым жерге жол төсеп, 39 шақырым жолды күрделі жөндеуден өткізіпті. Осындай деректерді біліп келе жатқанымызда Жуантөбе ауылының әкімі Анас Жайлаубай алдымыздан шықты. Аз-кем әңгімеден соң «Жалпы, көпір мен жол салу сауапты істің қатарына жатады ғой. Бұрын ауыл халқы орталыққа бару үшін талай қиындықты бастан өткеретін. Дегенмен, көпір салынып, жол жөнделгеннен бері ондай қиындық атаулыдан арылдық. Әдетте қазба байлықты алып жатқан компанияларға аса жылы сөз айтыла бермейді ғой. Бірақ «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының арқасында жолымыз реттеліп, әлеуметтік көмек алып отырмыз. Барды бар деп айту керек. Онысына зор ризамыз. Әсіресе, «Сауда-көлік компаниясы» біздің қатынасымызды едәуір жақсартты», дейді.

Ақсүмбеден бері өтсеңіз Қызылорда облысының аймағына аяқ тірейсіз. Таудың іші ала шаң екен. Себебі, мұнда да жол жөнделіп жатыр. Жалпы, көлемі 167 шақырым жерге асфальт төселген көрінеді. «Самара-Шымкент-Қарамұрын» мен «Шиелі-Тайқоңырдың» аралығындағы жолды «Сауда-көлік компаниясы» өз қаражатына жөндеп жатыр. Егер осы аталған жолдың барлығы тұ­тастай жөнделіп, тақтайдай жол салынса Қызылордадан Шымкент, Тараз, Алматы бағытына қатынайтын жолаушыларға біраз жағдай жасалғалы тұр. Біріншіден, жол қыс­қарады. Екіншіден, тақтайдай жолмен жүреді.

Қаратаудың қолтығына мұрнын сұғып жатқан Қосүйеңкі деген ауыл бар. Былтыр осы ауылға мемлекеттің есебінен мектеп пен балабақша салынды. Ал оның ауылішілік жолын аталған компания жасап берді. Бұл да шет жайлап, қиыр қонған ауыл үшін үлкен жаңалық еді. Осыдан-ақ мемлекет пен жеке компаниялар арасындағы келісім арқылы елді мекендерге жаңаша әр кіргенін байқауға болады. Ең бастысы, жекешелендіру кезінде таудың арасында қалып талай қиындықты бастан өткерген ауылдардың ажары кірді. Осыған қуанамыз.

Ержан БАЙТІЛЕС,

«Егемен Қазақстан».

Қызылорда облысы.

Соңғы жаңалықтар