Жақында іссапармен Зайсан ауданында болдық, аудан тұрғындарының еңсесі көтеріңкі. Жыл басынан бері 10 миллиард 861 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріпті. Өңірде соя дақылы мен тары да бітік өседі. Ебін тапсаң, тарыдан көл-көсір пайда табуға болады. Оның үстіне Зайсанның тарысының атағы Өскеменді былай қойып, Астана мен Алматыға да жеткен. Дәмі тіл үйіретін тарыны іздеп жүріп сатып алатындар қатары көбейіп келеді.
Жақында іссапармен Зайсан ауданында болдық, аудан тұрғындарының еңсесі көтеріңкі. Жыл басынан бері 10 миллиард 861 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріпті. Өңірде соя дақылы мен тары да бітік өседі. Ебін тапсаң, тарыдан көл-көсір пайда табуға болады. Оның үстіне Зайсанның тарысының атағы Өскеменді былай қойып, Астана мен Алматыға да жеткен. Дәмі тіл үйіретін тарыны іздеп жүріп сатып алатындар қатары көбейіп келеді.

– Биыл «Қарабұлақ», «Кеңсай» ауылдық округтеріндегі шаруа қожалықтары 295 гектарға тары егіп, гектарынан 24-30 центнерден өнім алды. «Ынтымақ» шаруа қожалығы 50 отбасын біріктіріп, 192 гектарға бидай, 197 гектарға тары, 44 гектарға картоп екті. Істің көзін тапқандар бір қап тарыны тазартып, қуырып болған соң сатса 50-70 мың теңге табыс түсіреді. Ал сояны соңғы бірнеше жылдан бері өңірде өсіріп жатқандар көл-көсір байлыққа кенелуде. Себебі, соя құс өндірісіне аса қажет. Одан тағамның 50-ден астам түрін әзірлеуге болады. Тоннасын қазірдің өзінде 70 мың теңгеден сатып алып жатқандар аз емес. Қытайдан көшіп келген қандасымыз Болатбек Мизамхан биыл 200 гектарға соя егіп, мол өнім алды. Олардың қожалығы Жарсу ауылында, соған барайық деген аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Сабыр Әндірбаев бізді таяқ тастам жердегі ауылға бастай жөнелді.
Мизамханның отбасы Алтайдың Буыршын қаласынан 2006 жылы атамекенге қоныс аударыпты. Өзімен бірге ағасы Қабылбек, інісі Оңал, барлығы 5 отбасы келе салысымен 5 гектар жерге картоп салған. Аздаған қаржы жинап алған соң бидай еккен.
Соңғы бірер жылда республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, 7 шақырым 400 метрге бетон науалар орнатылған. Қазір ұзындығы 14 шақырым 800 метр болатын Р-1, Р-2 магистральды каналдары егістікке су беріп тұр. Оған 900,9 миллион теңге қаржы бөлінді, су қожалықтарға толық жетеді,–деп қасымызда жүрген аудандық мәслихаттың хатшысы Дәулет Ыдырышев анықтама бере кетті.
Мизамханды есік алдынан жолықтырдық. Үш-төрт жігіт «КаМаз» көлігіне қапшыққа салынған сояны тиеп жатыр екен.
– «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деп орынды айтылған. Картоп егіп, астықтан қор жинағаннан кейін биыл 200 гектарға соя ектік. Соя – жерді тыңайтып қана қоймай, азот беретін бағалы дақыл. Ең бастысы, оны пышақ үстінен талап алып кетеді. Семей құс фабрикасы 40 тонна сояны бізден сатып алды. Бір тоннасы 70 мың теңге. Мына көлік Семейге жөнелтілмек. Келер жылы аудан әкімі Алмас Оңдақанов бізге қосымша 300 гектар жер беріп отыр, 1000 гектарға соя екпекпіз. Оны да семейліктер алмақ. Қазірдің өзінде келісім жасастық. Жалпы, зайсандықтар соя егістігін көбейтсе, көрші мемлекет те сатып алуға ынта танытып отыр. Соя мен тары өсіруге ауданда мол мүмкіндік бар, су жеткілікті, түбі осы екі дақыл диқандардың ырысын арттыратыны сөзсіз, – деп Болатбек Мизамхан біраз жайдан хабардар етті.
Қандасымыз 25 миллион теңгеге комбайн сатып алыпты. «Келесі жылы тары мен сояны егіп, одан мол пайда тауып жатсақ, қуатты техникаларды сатып аламын», дейді істің көзін тапқан іскер азамат.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы,
Зайсан ауданы.
–––––––––––
Суретте: Соя дақылы Семейге жөнелтілмек.
Суретті түсірген автор.