21 Сәуір, 2010

МҰСЫЛМАНДАРДЫ КЕМСІТУ МЕН ШЕТТЕТУ

1589 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
БҰЛ ҮДЕРІСТЕРДІҢ ЕҚЫҰ АУМАҒЫНДАҒЫ СЕБЕП-САЛДАРЫ МЕН ОЛАРДЫ ЕҢСЕРУДІҢ ТҮЙІНДІ ЖОЛДАРЫ Бүгінгі таңда бү­кіл әлем хал­қы­ның төрттен бірі – мұ­сыл­мандар. Бұл – Жер шарын ме­кен­дейтін 6,8 миллиард адамның 1,57 миллиарды немесе әрбір төртіншісі мұсылман деген сөз. Демек, мұсылмандар, шамамен 2,1 немесе 2,2 миллиардқа жу­ық христиан дінін­дегі­лерден кейін­гі екінші орында тұр. Бұл деректер Америка Құрама Штаттары­ның Діндер мен қоғам өмірін зерттейтін (Pew Forum on Relіgіon and Publіc Lіfe) агенттігінің үш жыл бойы жүр­гізген зерттеу жұ­мыстарының нәтижесінде жасалған қорытынды есебінен алынып отыр. Сол есеп бойынша, мұсылман әлемі­нің таңдандыратын тұстары да жоқ емес. Мәселен, саны жағынан Индонезия мен Пәкстаннан кейінгі үшінші орында келе жатқан индия­лық мұсылмандар Мысырдағы мұ­сыл­­мандардан екі есе көп екен. Сол сияқты Германия мұсылман­да­ры­­ның саны Ливан мұсылман­дары­нан басымдау. Ал Қытайдағы мұ­сыл­­мандар Сириядағылардан ар­тықтау болса, Ресей мұсылмандары Иорда­ния мен Ливияда тұратын күллі мұ­сылман қауымынан да кө­бірек кө­рі­неді. Эфиопиялық мұ­сыл­мандардың мөлшері Ауғанстан мұсылмандары­мен шамалас. Және бір назар аудара­тын нәрсе – әлем­дегі күллі мұсыл­ман­ның 60 пайы­зы­нан астамы Азия­ны мекендесе, 20 пайызы Таяу Шы­ғыс пен Сол­түстік Африкада, 15 пай­ызы Саха­ра­ның етегіндегі Афри­када, 2,4 пай­ызы Еуропада, 0,3 пайы­зы Америка континенттерінде қоныс тепкен. Бірақ саны жағынан Азия мұсылмандарынан біршама аз болғанымен, Таяу Шығыс пен Сол­түс­тік Африка мұсылмандары әлгі аймақтардағы халықтардың басым көпшілігін құрайды екен. Кері­сін­ше, әлем мұсылмандарының бестен бірі, шамамен 317 миллионы мұ­сыл­ман діні мүлде басымдыққа ие емес елдерде орналасқан: Индияда – 161 миллион, Эфиопияда – 28 миллион, Қытайда – 22 миллион, Ресейде – 16 миллион, Танзанияда – 13 мил­лион. Осыған қара­мас­тан, әлгі ел­дер­дегі миллиондап сана­ла­тын мұ­сыл­мандар тек ұсақ диас­пора мәртебесін ғана иемденеді. Жоғарыда аталған агенттіктің және бір дерегі бойынша, әлем мұ­сылмандарының үштен екісі 10 елде, атап айтқанда, Азиядағы Ин­до­незия, Пәкстан, Индия, Бан­гла­деш, Иран және Түркияда және Солтүстік Аф­ри­кадағы Мысыр, Алжир және Ма­рокко сынды үш мемлекетте, ал қал­ғаны Сахараның етегіндегі Ниге­рия­да орналасқан. Мұсылмандардың ең көп шоғыр­лан­ған жері – Индоне­зия. Ол елді 203 миллион, яғни күллі мұ­сылманның 13 пайызы мекендейді. Сосын, әлемде бұрыннан қалыптасып қал­ған жаңсақ пікір бойынша, Еуропа мұсылмандары келімсектер болып есептеледі. Ал шындығында, тек Батыс Еуропадағы мұсылмандар ғана иммигранттар, болмаса Еуро­па­ның қалған бөлігіндегі, атап айт­қан­да, Ресей, Албания, Косово сияқ­ты мемлекеттердегі мұсыл­ман­дар сол елдерді әлімсақтан бері ме­кен­деп келе жатқан жергілікті ха­лықтар. Тұтастай алғанда, Еуро­па­да­ғы мұсылмандар­дың саны 38 миллионға теңеледі. Бұл күллі мұ­сыл­манның 5 пайызын ғана құ­рай­ды, бірақ соған қарамастан, олар Орталық Азиядағы Қазақ­стан, Қыр­ғызстан, Тәжікстан және Түр­кі­мен­с­тан мемлекет­те­ріндегі мұ­сыл­­ман­дардың санынан басымдау. Жоғарыда аталған агенттіктің және бір мәліметтері бойынша, Аме­рика континенттерінде шамамен 4,6 миллион мұсылман бар және олар­дың жартысынан көбі АҚШ-та тұра­ды делінген. Алайда президент Барак Обаманың 2009 жылы 4 маусымда Каирдің Әл-Азхар университетінде оқыған лекциясында келтірілген деректерге сүйенсек, тек АҚШ-тың өзін­де ғана 7 миллионға жетеғабыл мұ­сылман тұрады. Тіпті ондағы мұ­сыл­мандар саны одан да көбірек болуы мүмкін. Себебі, Америкада жүргізілетін халық санағы кезінде толтырылуға міндетті сауалдама­ларда азаматтардың қай дінді ұста­натыны та­лап етілмейді. Мұндайда нақты дерек алудың мүмкін еместігі айтпаса да түсінікті. Әрине, жоғарыда келтірілген мә­­ліметтердің қаншалықты дәл еке­нін дөп басу айту қиын. Бірақ со­лай болғанның өзінде де, мұсыл­ман әлемі мен мұсылман дінінің және сол дінді ұстанатын мұсыл­ман өркениетінің Жер шарындағы аса ірі өркениет екендігіне ешкім де шүбә келтіре ал­майды. Өйткені, бүгінгі жаһандану заманында жер бетінен мұсылманы жоқ елді елес­те­ту мүлде мүмкін емес. Оны бы­лай қойғанда, мұсылман өрке­ние­тінің әлемдік өркениетке қосқан үле­сі де өте салмақты. Бұған дәлел­ді алыстан іздеудің қажеті жоқ. Се­бе­бі, төмендегі деректер пікіріміз­дің дұрыстығына толық көз жет­кізеді. Өкінішке қарай, біздер өмір сүріп отырған жаһандану заманын­да, не­гізінен, ақпарат құралдары­ның кесі­рінен қоғамдық санада ислам өрке­ниетін тым артта қалған, керітартпа, білім мен ғылымнан жұр­дай, надан, ғылым мен техни­ка­дан, прогрестен мүлде аулақ, діни фанатизм, экстре­мизм және фундаментализм ошағына айналған құбыжық өркениет етіп көрсету белең алып отыр. Бұл үрдіс, әсіре­се, 2001 жылғы 11 қыркүйекте орын алған Нью-Йорктегі Бүкіл­әлем­дік сауда ұйымының қос ғима­раты­ның жарылуын “Әл-Каида­мен” та­мыр­лас мұсылман экстре­мис­тері жаса­ған қылмыс деген ақ­параттан кейін мүлде өршіп кетті. Соның сал­дарынан батыс әлемінің мұсылман­дарға деген көзқарасы күрт өзгерді. Мұсылмандарды шет­те­ту мен кемсіту, олардың мек­теп­тері мен мешіттерін өртеп кету, қи­ратып тастау, мұсыл­ман­дарды са­бап немесе атып кету, я бол­маса мұсылмандардың діни бос­тан­дығына шек қою, мұсылман бейіт­терін бүлдіріп кету жиілей бастады. Мұндай қылмыстар Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйы­мына мүше елдерге де тән. Мә­селен, мұсылман дінінің әлем­нің ең ірі діндерінің бірі екенін мойындамай, оны аса қатерлі идео­логия деп, шын­дықпен мүлде жа­нас­пайтын теріс пікір қалыптас­ты­рып, Мұхаммед пай­ғамбарды кем­сі­тетін карикатуралар шығарып, оларды батыстың ақпарат құрал­дары арқылы тарату белең алды. Кей­бір мұсылман мемлекеттеріне “Әл-Каидамен” байланысы бар де­ген желеумен экономикалық қы­сым көрсету, соғыс ашып басып алу немесе оларға қисынсыз тиісу жиі­леп кетті. ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің кей­бі­рінде мешітке рұқсат берілсе де ми­нарет салуға тыйым салу немесе мұсылман әйелдеріне мұсылман дәстүріне сәйкес киінуі­не, я болмаса білім алуына, жұ­мыс­қа тұруына, баспана алуына шектеу қою ара-тұра бой көрсетіп қалады. Алайда, бұл құбылыстарға қар­сы күрес жүргізіп, мұсылман­дар­дың құ­қығының бұзылмауын қа­да­ғалайтын халықаралық ұйымдар да жоқ емес. Мәселен, Варшавада орналасқан ЕҚЫҰ-ның Демо­кра­тия­лық инсти­тут­тар мен адам құ­қық­тары жөніндегі бюросы, АҚШ-тағы Хельсинки комис­сиясы неме­се Хьюмэн райтс форст (Human Rіghts Fіrst) сияқты институттардың жұмыстары айтуға тұ­рар­лық. Мұндай инс­ти­туттар Бірік­кен ұлт­тар ұйымының ая­сын­да да жұмыс істейді. Аталмыш институттар тек мұсылмандардың ғана құқығын қорғ­а­май­ды, олар, сонымен қатар, ан­тисемитизм­мен де күрес жүргізіп, христиан немесе басқа діндегі­лердің де құқық­тарының бұзыл­мауын қоса қадағалайды. Со­лай бола тұрғанмен, мұсылмандарды шеттету мен кем­сі­ту­ші­лікті немесе ксенофобияны толық ауыздықтауға немесе тоқ­та­туға жоға­ры­да аталған инсти­тут­тардың шамасы жете бермейді. Сон­дықтан мә­дение­таралық, дін­ара­лық және өр­кениет­аралық үн­қа­тысуларға арнал­ған Қа­зақ­станда Елбасы Н.На­зар­баевтың бас­та­ма­сымен өтіп тұратын әлемдік және дәстүрлі діндер көш­бас­шы­лары­ның съезі секілді тұрақты халық­аралық форумдардың жүйелі түрде жүр­гізілуі өте құптарлық шара. Өйт­кені, ондай форумдардың мінбер­леріне көтерілетін шешен­дердің бәрі дерлік халықаралық аренада абырой-атағы биік, қоғам және мем­лекет қай­рат­кер­лері. Олар дін­ара­лық, мәде­ниет­аралық және өр­ке­ниетаралық үнқа­ты­суға, ксено­фо­бия мен адам баласын шеттету мен кемсітуге бағытталған күресті күшейте түсуге, нәсілшілдікті жоюға, дін­аралық айырмашы­лық­тардан гөрі олардың арасындағы ортақ құн­дылық­тарды дәріптеуге шақырады. Бұл тұрғыдан ал­ған­да, көзі тірі кезінде Қа­зақстанда болып қайт­қан Ватиканның басшы­сы, Рим Папа­сы Иоанн Павел ІІ-нің мына бір сөздері ойға оралады. Ол өзі­нің естеліктерінің бі­рінде: “Дін­дердің ара­сын­дағы айырмашы­лық­тарға таңқалудың ор­ны­на олардың ара­сын­дағы керемет ұқсас­тықтарға таң­­данған жөн”, – деген өсиет қал­­дырған екен. Шындығында да, мұ­сыл­мандардың киелі кітабы Құранға немесе христиандар мен иудейлердің киелі кітаптарына көз салған адам мұсылман дінінің Ибраһим (Авраам) пайғамбардан басталатынына және араб­тардың арғы тегі әлгі пайғам­бар­дың үлкен ұлы Исмаилден, ал еврей хал­қы­ның тегі Исаактан, яғни Ибра­һим пайғамбардың екінші ұлынан тарайтынына бірден көз жеткізеді. Сосын бұл екі халықты жақындата­тын басқа да құндылықтар бар емес пе? Мәселен, тіл жағынан келген­де, араб тілі хамит тобына жатса, еврей тілі алдыңғыға туыстас семит тобына жатады. Бірі “сәлем” деп амандасса, екіншісі “шолом” деп ама­н­да­сады. Түр-сипаттары да ұқ­сас. Екеуі де солдан оңға қарай жа­зады. Екеуі де адал ас ішеді. Екеуі де ұлдарын сүн­дет­тейді. Бірақ осы­лардың бәріне қара­мастан, екеуінің басы бір қазанға сыймай келеді. Мұның басты себебі әкелері бір болғанымен, Исмаил мен Исаак­тың бір анадан тумаған­ды­ғын­да жатыр. Екінші үлкен себеп Мұхам­медке дейінгі пайғамбар­лар­дың бәрі де еврей халқынан болған. Тек соңғы пайғамбар Мұхаммед қана араб тегі­нен. Бар болғаны осы ғана. Демек, екі халықты бөліп тұрған айырмашы­лық­тардан гөрі оларды жақындас­ты­ра­тын ортақ құнды­лықтар басым тұр. Ендеше, осы құндылықтар жиірек дәріп­телсе, көп нәрсе түзелер еді. Сосын ислам діні мен басқа дін­­дердің араларындағы қайшы­лық­тарды жоюдың және бір мүм­кіндігі бар. Бұл ұлы мемлекеттердің басшылары мен саясаткерлерінің құзырында жатқан мәмілегершілік шеберлік дер едім. Мұның бір жақ­сы үлгісін Америка Құрама Штат­тарының президенті Барак Обама көрсетті. Ол өзінің 2009 жылғы 4 маусымда Египетке жасаған ресми сапары кезінде Каир қала­сын­дағы мың жылдан аса тарихы бар Әл-Азхар университетінде лекция оқып, бүкіл мұсылман әлеміне үн­деу салды. Президенттің бұл үндеуі мұсылман өркениетінің алдында батыс өркение­ті­нің қарыздар еке­нін бүкіл әлемге паш етті. Соны­мен қатар, Обаманың бұл сөзі қиюы кетіп бара жатқан батыс пен шығысты татуластыруға, жа­қын­дас­тыруға жол ашатын көпір секілді әсер қалдырды. Бұл халқы­мыз­дың “Жылы-жылы сөйлесе, жы­лан інінен шығады” немесе “Жақсы сөз – жарым ырыс” деген аталы сөз­дерінің жайдан-жай айтылмағанын және олардың еш уақытта да мәнін жоғалтпайтын асыл мұра екенін дәлел­деп тұрғандай. Шындығында да, мұ­сылман әлемі Барак Обама­ның Каирдегі сөзін жылы қабыл­дап, бір сәтке болса да батысқа риза болып қалды. Бұл ризашылық Обаманың көп ұзамай Нобель сыйлығының лауреаты атануына да себепші болды. Бұдан шығатын қорытынды мынау: жылы сөйлеп, тыңдаушысын өзіне тарта білген шешен саясаткерлерді кім де болса сыйлайды және баға­лай­ды. Сосын “Отыз тістен шыққан сөз отыз ру­лы елге тарайды” демекші, мұндай салиқалы сөздер бүкіл әлемді бір демде шарлап кетеді. Демек, ел мен елді, мәдениет пен мәде­ниетті, өр­кениет пен өркениетті, дін мен дінді татулыққа шақыруда әлемнің көшбасшы саясаткер­ле­рінің атқара­тын рөлі мен жауап­кершілігі ерек­ше болмақ. Өйткені, абырой-атағы биік ел басшылары мен атақты саясаткер­лер­дің шы­найы да жүрек тебі­рентер сөздері ең алдымен тың­даушының сана­сына сәуле түсіріп, ойын қоз­ғайды. Ал ойы мен санасы түзелсе, кез келген азамат пен бүкіл адам­заттың іс-әрекеті түзеледі. Міне, осы тұрғыдан алып қарай­тын болсақ, бүгінде ЕҚЫҰ-ның Қа­зіргі төрағасы – Қа­зақстанның атал­мыш Ұйымға мүше мемлекеттерге көр­сететін үлгісі мол. Бұған “Сырт көз – сыншы” демекші, аталмыш Ұйы­м­ның Іс басындағы төрағасының жеке өкілі ретінде АҚШ-тағы мұ­сылман қауымы­ның жағдайымен та­нысып, сондағы үкіметтік емес мұ­сылман ұйымдарының уәждерін АҚШ Конгресінің ғимара­тын­да отыр­ған Хельсинки комиссиясына баян­дағанда көзім анық жетті. Әлгі елде орын алып отырған мұсыл­ман­дарды кемсіту мен шеттетудің нақты мысал­да­рын моншаққа тізгендей етіп, ағыл­шын тілінде баяндап едім, құ­рамы­ның ба­сым көпшілігі конгрес­смендерден тұ­ратын әлгі комис­сия­ның мүшелері құ­лақ түріп тыңдады. Жа­рыссөз соңында комиссия мүшелері сұрақ қойып, біздің елдегі мұсылман және басқа діндегі­лер­дің құ­қықтары­ның сақталу дәрежесін білгісі келді. Мен көпұлтты және көп­кон­фес­сиялы Қазақстандағы ауызбір­шілік пен тату­лықтың орнықтылығын, адамды кемсіту мен шеттетудің біздің елге жат қылық екенін және олай етуге Ата Заңымыз – Конституцияның жол бермейтінін шегелеп айттым. Сөз соңында комиссия төрағасы ри­за­шы­лы­ғын білдіріп, Қа­зақстан­да­ғы ұлт­ара­лық және конфессия­ара­лық тату­лық­тың жоғары деңгейде екенін жақсы білетінін және бұл тұрғыдан Қазақ­стан­ның басқаларға үлгі бола алатын мемлекет екенін атап көрсетті. Ісса­пардан қайтқан соң АҚШ пен Канада мұсыл­ман­да­ры­ның жай-күйі туралы Ұйым­ның Венадағы Тұрақты кеңесі­не баяндадым. Бұл іс үстіміздегі жылы да жалғасын табады. Вена бе­кіт­кен жоспарда Ұйымға мүше бір­не­ше елдегі мұсылмандардың жағдайы­мен танысып қайту көзделіп отыр. Әділ АХМЕТОВ, сенатор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.